Көктем келіп, футболдан жоғары топта Қазақстан біріншілігі өз жалауын көтерді. Былтыр бірінші лигада чемпион атанып, Премьер-Лигаға екі жолдаманың бірін жеңіп алған Көкшетаудың «Оқжетпесі» биыл осы күштілер легінде бағын сынайды. Біріншіліктің алғашқы ойындары 1-2 наурыз күндері өтті. Бұл жолы жерлестеріміз күнгейде, Түркістанның «Тұран» футболшыларымен кездесті. Алғашқы ойын алаң иелерінің басымдылығымен өтіп, «Оқжетпес» 0:2 есебімен есе жіберді.
Маусымға дайындық барысында Түркияның Анталья қаласында шетелдің клубтарымен жеті кездесу өткізіп, оның үшеуінде жеңіске жетсе, үшеуінде ұтылған, тағы бір ойында тең түскен «оқжетпестіктердің» құрамында биыл негізінен өз ұлтымыздың аяқдопшылары доп тебетіндігі қуантады. Команда былтыр бірінші лиганың жеңіс тұғырына көтерілген құрамын негізінен сақтап қалды десе болады. Бұл құрам қазақ футболының есімдері елімізге белгілі өкілдері Аслан Дарабаев, Көкшетау футболының түлегі, бұған дейін «Астана» клубында және Қазақстан құрама командасында доп тепкен Тимур Досмағамбетов, тағы басқа да бірнеше белді футболшылармен толықтырылып, нығайтыла түсті.
Негізінен алғанда, жастар, соның ішінде болашағынан үміт күттіретін өзіміздің ақмолалық жігіттер доп тебетін командамыздың орташа жасы 23 жастан сәл ғана асады. Оның үстіне Шымкенттегі ойында жасыл алаңда кілең өз ұлтымыздан шыққан футболшыларымыз ойнаса, екінші матчта да он қаракөз жігітіміз алаңда жақсы ойын өрнегін көрсетіп, жанкүйерлерді қатты риза қылып тастаған жайы бар.
Бұл жолы «Атырауды» өз алаңымызда қабылдаған «Оқжетпестің» аяқдопшылары жастарға тән жігер танытып, ұшқыр шабуылдары арқылы алғашқы минуттардан-ақ қарсыластар адымын аштырмады десе де болады. Соның нәтижесінде команданың былтырғы жылғы сұрмергені Дәурен Жұмат алғашқы болып есеп ашса, екінші таймның жетінші минутында Дамир Марат шеберлігімен көзге түсіп, есепті 2:0-ге жеткізді. Одан әрі қонақтар тез ес жиып, қарымта шабуылды күшейткенімен, ойынның аяғына қарай бір доп қана соғуға шамалары жетті.
сурет: kazfootball.kz
Сөйтіп, «Оқжетпес» екі ойынның қорытындысы бойынша бір жеңіліс, бір ұтыспен турнир кестесінің сегізінші сатысына тұрақтады. Бұл әрине, біріншіліктің бастапқы кезеңі ғана. Жерлестеріміздің әрі қарай аяқ алысы қалай болатынын уақыт көрсетеді. Бірақ, әлеуметтік желілерден бой көрсетіп қалатын «Оқжетпес» биыл да жоғары топта тұрақтай қоймас» деген пікірлерге қарамастан, командамызға сәттілік серік болады деген үмітіміз бар. Бұған клубтың директоры қызметіне күні кешегі белгілі футболшы Мұрат Тілешовтың келгені, бас жаттықтырушы Андрей Ферапонтовтың негізінен, жергілікті түлектерге арқа сүйеп отырғаны да көз жеткізе түскендей.
Шынында да биыл «оқжетпестіктер» маусымды негізінен қазақстандық футболшылармен өткіземіз деп бекем бел буып отыр. Шеттен алынған легионерлер төртеу ғана. Алғашқы екі ойында олардың біреуі ғана алаңға шығып, өз футболшыларымыз сан жағынан басым түсіп отырды. Бұл өтетін ойындарда қазақстандық аяқдопшылардың ысылып, шеберліктерін шыңдай берулеріне де жақсы. Сондықтан, облыс басшылығы да алға қойып отырған осы міндет, мүмкіндігінше алаңда жергілікті футболшылармен өнер көрсету міндеті өте дұрыс деген ойдамыз.
Тағы бір қуаныштысы, команда сапынан жас шабуылшы Алияр Мұхамед ұлттық құрама сапына шақырылып, қазір осы наурыз айының 22-сінен бастап Уэльс және Лихтенштейн құрамаларына қарсы өтетін 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу ойындарына оқу-жаттығу жиынына қатысуда.
Осы құрама ойындарына байланысты Премьер-Лиганың үшінші туры 30 наурызда өтпекші. Бұл күні жерлестеріміз сырт алаңда, яғни, Қызылордада «Қайсар» командасымен күш сынасады. Одан кейін өз алаңында 5 сәуір күні Қостанайдың «Тобылын» қабылдайды. Осы ретте, біздің жақта әлі қыс екеніне қарамастан, стадионды қардан тазартып, «Оқжетпестің» өз алаңында ойнауына, сөйтіп, жергілікті футбол сүйер қауымның сол жеңісті ойынды тамашалап, үлкен әсер алуына барлық жағдайды жасаған клуб басшылығына жанкүйерлер алғысы шексіз. 5 сәуірде де жоспарланған ойын өз алаңымызда өтетіндігіне сөз жоқ.
Ендеше, мұны Көкшетауға үлкен футбол келді деп білгеніміз жөн болар. Соған орай, біздің тілек, «Оқжетпесіміз» енді тек сәтті ойынымен жанкүйерлерін қуанышқа бөлеп, жоғары топта тұрақтап қалса болды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суреттерде: «Оқжетпестің» белді ойыншыларының бірі, жартылай қорғаушы Батырхан Тәжібай; Қазақстан ұлттық құрамасына шақырылған шабуылшы Алияр Мұхамед.
сурет: www.google.com
2 Total Views , 2 Views Today