Дерек пен дәйек
Туризм – Қазақстан экономикасының маңызды қозғаушы күштерінің бірі. Мемлекет басшысы бұл саланың әлеуетін атап өтіп, оны одан әрі дамытуға арналған бірқатар жүйелі шараларды белгіледі. Алматы және Маңғыстау облыстарымен қатар, Бурабай курорты еліміздің үш негізгі туристік орталығының бірі болып таңдалды.
Көрікті өңір өзінің қайталанбас табиғаты, бай мәдени мұрасы және белсенді демалыс мүмкіндіктерімен туристерді қызықтырып қана қоймай, Қазақстанның маңызды туристік бағыттарының біріне айналуда.
2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Ақмола облысында туристік инфрақұрылым қарқынды дамып келеді. Орналастыру орындарының саны 13 пайызға артып, 6309 нөмірге жетті, ал, бір мезгілде қабылдай алатын орын саны 16 620 төсек-орынды құрады. Қонақ үй бизнесінің қызмет көрсету көлемі 130 пайызға өсіп, 21,5 миллиард теңгеге жетті.
Туристер саны да ұлғайды: 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында орналастыру орындарының қызметін 420,2 мың адам пайдаланды, олардың 404,7 мыңы – ішкі туристер. Дегенмен, кірмелік туризм көрсеткіші 2,5 пайызға төмендеді, бұл ауа райының қолайсыздығы және шетелдік туристердің өңірлік бағыттарға деген қызығушылығының азаюымен байланысты.
Өңірге келушілердің жалпы саны 997,3 мың адамды құрады, олардың 577,1 мыңы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға барды. Туризм саласынан түскен салық түсімдері 34 пайызға өсіп, 4,7 миллиард теңгені құрады.
Сакралды туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. 2024 жылы Ақылбай ауылының маңында археологиялық зерттеулер нәтижесінде тарихи құндылығы дәлелденген «Сақ қорғандары» атты жаңа туристік бағыты ашылды.
«Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы» аясында халықаралық байланыстар нығайып, Қытайдан келетін туристер саны артты. Алдағы уақытта туристік инфрақұрылымды кеңейту, қызмет көрсету сапасын арттыру және жаңа бағыттарды дамыту жоспарлануда.
Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
3 Total Views , 2 Views Today