Өңірлік коммуникациялар қызметінде жергілікті атқарушы органдардың көктемгі су тасқынына дайындығы туралы брифингтер өтуде. Былтырғы көктемдегі тасқын кезінде бірер ауылын қызыл су басқан Шортанды ауданында дайындық жұмыстары ақпан айының соңына тұспа-тұс келген. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Айбек Керімбаев жан-жақты баяндап берді.
Ауданда ағымдағы жылдың 25 ақпанынан бастап, ықтимал су тасқынның алдын алу бойынша дайындық шаралары іске асырылуда. Қардың көп түсуіне және топырақтағы ылғалдың молдығына байланысты жергілікті әкімдік пен аудандық төтенше жағдайлар бөлімшесі бірлесіп, тиісті шаралар қабылдауда. Аудандықтар алдымен елді мекендерден қар шығару жұмыстарын жандандырған. Баяндамашының мәлімдеуінше, бүгінгі таңда аудан бойынша полигондарға шамамен 30 мың текше метр шығарылыпты. Сондай-ақ, елді мекендерде және жергілікті маңызы бар жолдарда су өткізу құрылғыларын тазарту жұмыстары да басталыпты.
Алдағы су тасқынының алдын алу шараларын қарастыру барысында наурыз айының бірінші онкүндігінде «Көктем-2025» командалық-штабтық оқу-жаттығулары өткізіліп, онда су тасқынына тартылатын аудандық күш құрылымдары мен олардың құралдарының дайындығы тексерілген.
–Шұғыл жағдайларда жұмылдырылатын мобильді топтардың кезекшілігі ұйымдастырылды. Жанар жағар май бойынша меморандумдар жасалып, 318 тонна инертті материал, 16 мың дана қапшық дайындалды. Төтенше жағдайды жою және алдын алу бағдарламасы бойынша аудан әкімдігі 3,9 тонна АИ-92 бензинін және 8,7 тонна дизель отынын сатып алды. Ауданда 1 жүзу құралы ретінде резеңке қайық, 17 мотопомпа бар. Қазіргі уақытта ауылдық және кенттік округтердің әкімдері өз округтеріне қосымша мотопомпаларды сатып алуды жалғастыруда, – дей келе, аудан әкімінің орынбасары аймақтағы су тасқыны кезеңінен жұмылдырылатын бар техникаларға тоқталды.
Аудан аумағында су тасқыны туындай қалса, зардап шеккен халықты уақытша орналастыратын 6 бекет – Дамса, Степное, Научный, Октябрьское, Пригородное және Шортанды ауылдарында әзірленген. Барлық пункттер жалпы білім беретін мектептерде орналасқан. Шортанды ауданының азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері және кенттер мен ауылдық округтердің әкімдіктері су тасқыны кезеңінде, яғни, 20 наурыздан 20 сәуірге дейінгі аралықта кестеге сәйкес гидротехникалық құралдарда және қауіпті учаскелердегі өзендерде судың жай-күйі мен деңгейін бақылау бекеттерінде тәулік бойы кезекшілік атқаратын болады.
Былтыр Пригородное ауылында су тасқыны орын алғаны белгілі. Биыл ол ауылдағы Талқара өзеніндегі жағдай аса күшейтілген бақылауда. Сонымен бірге, Колутон, Дамса, Ключи өзендері мен су қоймаларының маңындағы ауылдар да жіті бақылауда болады.
Қажет болған жағдайда су қоймаларының қауіпті аймақтарында мұз жару шаралары да жүргізілетін болды.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
2 Total Views , 2 Views Today