ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ:
«МЕН ОСЫ АЙМАҚТЫҢ ДАМУЫНА АЙРЫҚША МӘН БЕРЕМІН. ЖАЛПЫ ОБЛЫСТЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ-ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙЫ ЖАҚСЫ. БҰЛ МӘСЕЛЕ БОЙЫНША МАҒАН ӘКІМ МАРАТ АХМЕТЖАНОВ ЕСЕП БЕРДІ!»
(Бурабай Ұлттық құрылтайының төртінші отырысында сөйлеген сөзінен. 14 наурыз, 2025 жыл).
Ақмола облысы ұлттық жоба бойынша салынатын барлық мектептің құрылысын бірінші болып аяқтады. Аймақта 12 мыңнан астам оқушыға арналған жаңа білім ошақтары ашылды.
***
Ұлттық құрылтайдың отырыстарын әр облыста өткізудің ұтымды тұсы бар. Алқалы жиында аймақтың дамуына қатысты өзекті мәселелер де қаралады.
***
Менің тапсырмаммен бүгінгі басқосуға Ақмола облысының бір топ азаматы қатысып отыр. Олардың ішінде ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, кәсіпкерлер мен жастар бар. Мен осы аймақтың дамуына айрықша мән беремін. Жалпы, облыстың экономикалық-әлеуметтік жағдайы жақсы. Бұл мәселе бойынша маған әкім Марат Ахметжанов есеп берді.
***
Енді Ақмола облысындағы кейбір бастамалар мен жобаларға назар аударғым келеді.
Өздеріңіз білесіздер, мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладым.
Бұл – кәсіптік және техникалық білім беру саласын жаңғыртуға және жұмысшы мамандардың қоғамдағы беделін арттыруға арналған маңызды шешім.
Жастардың мүмкіндігін арттырып, кәсіби бағыт-бағдар беруге баса назар аудару қажет. Олардың сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарды меңгеруіне жағдай жасау керек. Бұл – өңір басшыларының бәрінің міндеті.
* * *
Жастардың заман талабына сай білім алуын қамтамасыз ету үшін Үкімет пен облыс әкімдігі Қосшы қаласында халықаралық деңгейдегі колледж ашуы керек.
Қаланың Астана іргесінде тұрғанын және тұрғындарының саны тез өсіп келе жатқанын ескерсек, бұл – өте өзекті мәселе.
* * *
Қазірдің өзінде алыс-жақын шетелдерге кеңінен танымал Бурабай жерінің мол мүмкіндіктері бар.
Осы курорттық аймақты дамытудың 2029 жылға дейінгі кешенді жоспары қабылданды. Оны жүзеге асыру үшін шамамен 140 миллиард теңге бөлінеді.
Қаржының жартысына жуығы – жеке инвестициялар.
Үкімет пен облыс әкімдігі құжатта көрсетілген міндеттерді сапалы орындауға тиіс.
***
Ең алдымен Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы инфрақұрылымды дамыту қажет. Барлық экологиялық талаптар қатаң сақталуға тиіс. Туристерге әлемдік стандарттарға сай қызмет көрсетілуі керек.
***
Жаңадан салынатын Конгресс-орталық Бурабайдың бетке ұстар орны болуы қажет. Орталық іске қосылатын болса, демалыс аймағына жұрттың қызығушылығы да арта түседі. Сондай-ақ, туристік маусымнан тыс уақытта адамдар көптеп келе бастайды. Үкімет пен әкімдікке осы мәселені тыңғылықты қарастыруды тапсырамын.
* * *
Облыстың орасан зор туристік әлеуеті Шучинск-Бурабай аумағымен ғана шектелмейді.
Демалыс аймағы ретінде мүмкіндігі мол Зеренді, Сандықтау, Ақкөл және басқа да жерлерді жан-жақты дамыту қажет.
* * *
Аймақтағы көрікті әрі киелі орындардың бәрі өзара кіріктіріліп, үйлестірілген ауқымды туристік кластер қалыптастыру маңызды.
Бұл ретте жеке туристік нысандар салу үшін жер телімдерін бөлген кезде заңның сақталуын мұқият қадағалау керек.
* * *
Облыстағы ерекше табиғи-климаттық жағдай заманауи сауықтыру кешендерін ашуға зор мүмкіндік береді.
* * *
Спорттың түрлі саласынан, әсіресе, қысқы спорттан ұлттық құрамаларды даярлау үшін өңірдегі спорт базаларын дамыта беру керек.
* * *
Ақмола облысының өкілдері қысқы спорт түрлері бойынша әлемдік және құрлықтық бәсекелерден ел қоржынына жүлде салуға үнемі мол үлес қосып жүр.
3 Total Views , 1 Views Today