Қыстан қалған қасат қармен қатар, көңілдің де тоңы жібіп, адамзат атаулының айрықша күтетін ұлық мейрамы бар, ол – Наурыз. Көктеммен бірге өміріне де шуақ, шапағат кіреді деп сенген халқымыз Наурыз мерекесін «Ұлыстың ұлы күні», «Әз Наурыз» деп айрықша әспеттеген.
Сондықтан болса керек, қазақта Наурыз бір күн емес, тұтас ай бойы тойланады. 14 наурыз – Амал, Көрісу күнінен басталған мейірім мейрамы айдың соңына дейін жалғасады. Әр сәтіне мағына сыйдырған көшпелі халықтың көнеден жеткен төл мерекесінің мәні де, маңызы да зор.
Тағдырын Табиғат-анамен тамырластырған халқымыз үшін Наурыз – жыл басы, жаңару мейрамы. Наурыз айы туғанда табиғатпен бірге адам жанының да ерекше түлеп, жасарып, жаңарып, жан әлемі жақсылық пен мейірімге шөліркеп, амал айында айналасына көңіл жылуын сыйлауға айрықша құмартатыны жаратылыстың өз заңдылығы болар. Жыл бойы көріспеген алыстағы ағайын-туысына арнайы ат басын бұрып, амандығын біліп, көрісуі – көңілден көңіл су ішер жүректі пенденің қай-қайсысына да ортақ қымбат сезім.
Әз-Наурыздың тарихы тереңде. Бес мың жылдан бері Ұлы дала төсінде ізгіліктің шұғыласын шашып, табиғатпен үндесе мерекеленіп келе жатқан Ұлыстың ұлы күнінің тарихы қандай бай болса, маңызы мен мазмұны да теңдессіз. Хорезмдіктер бұл мейрамды – «Каусарджи» деп атаса, татарлар – «Нардуган» деп, тәжіктер «Гүлнаурыз» деп атаған.
1926 жылға дейін Қазақстанда Наурыз жаңа жыл есебінде тойланған. Ал, КСРО-да дінге қудалау басталғанда большевиктер бұл мейрамды «діни емес мейрам» деп санап, тойлауға тоқтау қойған. Бұл мейрам ертеде, қазіргі діндер мен ұлттар пайда болғанға дейін қалыптасқан. Белгілі ғалым, ақын Омар-Хайям ХІ ғасырда сол кезде билік еткен сұлтан Джалал-ад Дин Мәліктің атымен аталған, табиғат негізіндегі жыл басына сүйенген, күн мен түннің теңескенінен кейінгі күннің жыл басы санаған «Мәлік жыл санауы» атты күнтізбені жасап, наурыз мейрамын тойлаудың қазіргі күнін белгіледі деуге болады. Кейін пайда болған діндер бұл мейрамға тән жақсы дәстүрлер мен рухани байлықтарын өздерінің діндерін насихаттау үшін қабылдаған.
Ғасырлар бойындағы діни, саяси, идеологиялық тартыстар мемлекеттер арасында жік салып бірінің жойылып, бірінің пайда болуына әкеліп бір халықты бірнеше бөлікке бөлсе де тарихы тереңде жатқан, бойында ғасырлар бойы адамзаттың ізгі құндылықтары жиналған бұл мейрамды жеңе алмады.
Наурыз айы қазіргі күнтізбе бойынша 22 наурыздан — 21 сәуірге дейін созылады. Наурыз сөзінің өзі ежелге иран тіліндегі екі сөздің тіркесінен тұрады. «Ноу»-жаңа, «роуз»-күн. Қазақ тілінде Наурыз сөзінің бірнеше мағынасы бар. 1. Жаңа жылдың бірінші күнінің атауы. 2. Ай атауы. 3. Мейрамда дайындалатын астың (Наурыз көженің) атауы.
2010 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы «Халықаралық Наурыз күні» қарарына сәйкес 21-наурызды Халықаралық Наурыз күні деп қабылдады. Қазақстанда Наурыз мерекесі 2010 жылдан бастап 22-наурыз күні аталып өтіледі. Наурыз мерекесі парсы, кавказ және түркі халықтарында көктем мейрамы және жаңа жылдың басталуы ретінде тойланады. Наурыз мейрамы Иранда 21-наурызда, Орталық Азия және Әзірбайжанда, мемлекеттік мереке ретінде Тәжікстанда және Қазақстанда 22-наурызда, Өзбекстан мен Түркияда 21-наурызда аталып өтіледі. Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі әлем халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салттарында ежелгі замандардан орын алған. Бұл мерекенің тойлануы туралы Әбу Райхан әл Бируни, Омар Хайам секілді ойшылдардың еңбектерінен де көптеп кездестіруге болады. Парсы тілдес халықтар Наурыз мейрамын бірнеше күн бойы тойлаған. Олар бұл күндері әр жерге үлкен от жағып, отқа май құйған; жаңа өнген жеті дәнге қарап болашақты болжаған; жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже «сумалак» ұсынады; ескі киімдерін тастайды; ескірген шыны аяқты сындырады; бір-біріне гүл сыйлап, үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою – «күн символын» салады; үйдегі тіреу ағашқа гүл іледі; түрлі жарыстар (жамбы ату, т.б.) ұйымдастырады.
Дәстүрлі қазақ қоғамында да Ұлыс күні – Наурыз жыл басы саналған. Халықтың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қыдыр аралайды. Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Адамдар мейрам қарсаңында үйлерін тазалап, бос ыдыстардың бәрін азық-түлікпен я бұлақ суымен толтырып қоятын. Жаңа жылдың бірінші күні қалай болса, жыл бойы солай болады деп сенетін. Халық таза, жаңа киімдерін киген. Ауылдың ер адамдары бір-бірімен қос қолдасып, төс қағыстырады, әйелдер құшақтасып, бір-біріне игі тілектер айтады. Бірін-бірі мерекеге арнап дайындалған наурыз көже ішуге шақырады. Оған қойдың басы мен сүр ет салып пісірілуі – қыс тағамымен қоштасуды, құрамына ақтың қосылуы – жаз тағамымен қауышуды білдіреді. Әдетте, осы күні адамдар арам пиғыл, пендешілік атаулыдан тазарып, ар-ожданы алдында арылады.
Ауыл ақсақалдары араларына жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жарандарды бір дастарханнан дәм татырып, табыстырған, жалғыз-жарым жетімдерді үйлендіріп, жеке отау еткен. Кембағал, мүгедектерді жақын туыстарының қарауына арнайы міндеттеп тапсырған. Жұтқа ұшырап қиналғандарға жылу жинап берген. Алтыбақан басында ән айтылып, күй тартылады. Дәстүрлі ұлттық ойындар (көкпар, аударыспақ, күрес, қыз қуу, алтыбақан, тең көтеру, тағы басқалары) ойналады. Таң ата көпшілік биік төбенің басына шығып, атқан таңды қарсы алады. Дәстүр бойынша Наурыз мейрамын бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе, жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алудан, тазаланған арықтарға су жіберуден, ағаш отырғызып, бұлақтармен құдықтарды тазалап, гүл егу рәсімін өткізуден бастаған. Қызықшылық одан әрі халық ойындарымен («Айқыш-ұйқыш», «Ақ серек пен көк серек», «Алқа қотан»), ән салып, би билеумен, ақындар айтысымен, «Қызғалдақ» мерекесімен, қазақша күреспен, ат жарысымен жалғасып кете беретін де, түнге қарай «Алтыбақан» айналасындағы тамашамен аяқталатын. Наурыздан кейінгі 2-ші күні жұрт жаппай көктемгі егіске кірісетін. Малшы қауым да төл алуға қатысты қарекетімен айналысатын. Наурыз айының 22-күні Наурыз мейрамы жаңа жыл екенін қазақ баласының көбі біледі. Наурыз туралы көптен бері, жыл сайын баспасөз беттерінде жазылып келеді. Бұл мейрам бүкіл ұлтқа ортақ. Наурыз ұлт мейрамы болғандығымен қатар, оның тарихи маңызының тереңдігі бар. Ызғарлы қыстың кетіп, жан иесі өмір қуатын туғызған жыл, жаздың келетіндігіне барлық жаратылыспен қатар қазақ елі де қуанатын. Наурызда туған балаларға Наурыз сөзіне тіркестер қосып Наурызбай, Наурызгүл тағы басқа есімдер берген.
Халқымыздың алғашқы басылымдарының бірі «Қазақ» газетінің беттерінде де Наурыз мерекесі туралы мәліметтерді көруге болады. 1913 жылғы «Қазақ» газетінің беттерінде «Наурыз – қазақша жыл басы. Бұрынғы кезде әр елде наурыз туғанда мейрам қылып, бас асып, қазан-қазан көже істеп, ауылдан-ауылға, үйден-үйге жүріп, кәрі-жас, бәрі де мәз болып көрісіп, араласып қалушы еді. Бұл кезде ол ғұрып қалып бара жатқан секілді, наурыздың қай айда, қай күні болуы хақында әр түрлі сөйленеді. Осы туралы білетін адамдар «Қазаққа» жазса екен, біздің жаңа жыл – Наурыз анық жылдың қай айында, қай күнде басталады? Біз оқушыларымызды Жаңа жылмен құттықтауға Наурыздың анық қай күні туатындығын біле алмадық, ғафу өтінеміз» – деп жазылған. Мұның өзі қазақ халқының сол кездегі Ресей империясының отаршылдық саясаты нәтижесінде Наурыз мерекесін жоғалтып ала жаздағанын білдіреді. Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңдерінде (1920-1925) шығыс халықтары бұл мерекені атап өткенімен, 1926 жылы ол «діни мейрам», «ескілік сарқыншағы» деп танылып тоқтатылды, бірақ, Қазақстанның бар аумақтарында жасырын түрде сақталып қалды. Бала кезіміздегі естеліктерден әжелеріміз бен апаларымыздың наурыз көже дайындап, көршілерді шақырып, ас беретіндігін білетінбіз. 1988 жылдан бастап елімізде ресми түрде Наурыз жалпыхалықтық мейрам ретінде қайта тойлана бастады.
Әмина ШӘРІПОВА,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті
жанындағы көпсалалы колледжінің тарих пәні оқытушысы.
6 Total Views , 1 Views Today