Ұлт ұясы Ұлытаудан бастау алған Ұлттық құрылтай биыл хан Абылайдың ордасы атанған, үш жүздің басы қосылған Көкшетаудың төрінде, Бурабайдың баурайында өтті. Біз де ақмолалықтар ұлттық мәселелер көтерілген алқалы жиынға бір адамдай қатысып, Мемлекет басшысының облыстың дамуына, басқа да ұйымдастырушылық жұмыстарына байланысты айтқан жағымды пікірлеріне риза болдық.
Былтыр осы төртінші рет өткізіліп отырған Ұлттық құрылтайдың біздің қасиетті Бурабайдың топырағында болатынын естігенде-ақ бір марқайып қалғанбыз, енді міне, биыл соның куәсі болдық. Құрылтай елдік мәселелер қарастырылатын үлкен алқалы жиын ғой. Бұл жиын Мемлекет басшысының бастамасымен өткен алғашқы күннен бастап-ақ жалпыхалықтық жаңғырудың символына айналды. Қоғамдық диалогтың жаңа үлгісі қалыптасты. Құрылтайдың түпкі мақсаты да – осы болған еді.
Құрылтайды ақмолалықтар жақсы ұйымдастырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жағынан өзінің жақсы пікірлерін айтып, алқаулы алғысын жеткізді. Енді онда көтерілген мәселелердің қай-қайсы болмасын, еліміздің, қоғамның дұрыс дамуын, экономикамыздың алға жылжуын көздегенін барша ел байқап отырған шығар. Ұрпақ тәрбиесінен бастап, қоғамда белең алған түйткілдер де назардан тыс қалмады. Соның ішінде менің көңілімнен шыққан ең бірінші мәселе – дін мәселесі. Бұл орайда, Президент теріс ағымдарға, қазақтың болмысына жат идеологияларға тосқауыл қою қажет екенін, елімізде дін бостандығына кепілдік берілгенін, бірақ, жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке жол беруге болмайтынын атап өтті. Шынымен де, діннің аса маңызды миссиясы – ұлтты ұйыстыру. Осыған байланысты Ел басшысы діни ұйымдардың қызметін реттейтін құжаттар осы талапқа сай болуға тиістігін, бұл мәселені жан-жақты қарау керектігін, соның ішінде заңнаманы жаңа жағдайға бейімдеу өте маңызды екенін тапсырды. Былай қарап тұрсақ, ат төбеліндей ғана қазақпыз. Бірақ, қоғамымызға қаншама ағымдар кіріп кеткен. Жат ағымдардың жетегінде қаншама жастар жүр. Ойласаң жаның ашиды. Қаймана қазағымның барлығы бір тілде сөйлеп, бір дінде болса екен деп тілеймін. Осыны әркім, әрқайсымыз өз отбасында дұрыс тәрбие беруден бастауымыз керек.
Екіншіден, ұлттық киімдерге тағы да назар аударылды. Былтыр Наурыз мерекесі туралы жаңа тұжырымдама әзірленгені, онда да осы жағы сөз болғаны белгілі.
– Әсіресе, Наурызнамадағы «Ұлттық киім күні» қоғамның зор қолдауына ие болды. Ұлттық киімдерге деген қызығушылық арта түсті. Мектептерде, түрлі мекемелерде, сондай-ақ, ірі компанияларда ұлттық киімге мән беріле бастады. Сұранысқа сай тігін цехтары ашылып, жаңа брендтер, дүкендер пайда болды. Осылайша, ұлттық киім кию біртіндеп қалыпты көрініске айналып келеді. Бұл – өте жақсы үрдіс. Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық. Әсіресе, әйелдердің дәстүрлі киімі өте ғажап көрінеді. Себебі, ұлттық киім, бұл – біздің бірегей ұлттық болмысымыздың маңызды көрінісі. Оны жан-жақты дәріптеуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Ұлттық құрылтайда.
Мемлекет басшысы көтерген мәселелердің ішінде мені толғандыратын бір жай – қоғамдық ұйымдар мен қорлардың көбейіп кеткені. Қазір әлеуметтік желілерде қаншама азаматтар қор ашып, жарлы-жақыбайға көмек көрсететін болып, шот ашып ақша жинайды. Бірақ, сол жиналған қаржыны сол мұқтаждыққа емес, өз жеке басының пайдаларына жұмсап жатқаны да белгілі. Осыны сынға алған Президент олардың да жұмысын тәртіпке келтіріп, есебін жүргізуді қадағалауды тапсырды. Бүгінде өз қара бастарын күйттеп кеткен қорларды тәртіпке келтіру өте маңызды. Содан кейін осы жерде тағы айтып кеткім келіп отырғаны – толып кеткен марапаттар жайы. Қазір қоғамда ақшасын төлесе, кез келген медаль мен түрлі марапаттар ойлап табуға құштар қоғамдық ұйымдар бар. Оларды ретке келтірудің жайы айтылып, марапат ұсынатын адамның соған лайықты ма, жоқ па екендігін жан-жақты қарастыру қажеттігі де ескерілді.
Сонымен бірге, былтырдан бері қоғам болып жұмысшы мамандықтарына баса назар аудара бастадық. Бұл елдің экономикалық әлеуетін дамытудағы дұрыс қадам. Жастардың қиындықсыз жұмысқа орналасуы – аға ұрпақтың көкейінде жүретін басты мәселе десе болады. Біз жақында арнайы топ болып, құрылыс колледжіне бардық. Қарап отырсақ, онда оқып жүргендердің басым бөлігі өзге ұлт өкілдерінің жастары, қазақ балаларының қатары аз. Неге біздің жергілікті ұлт өкілдері ондай мамандықтарға аяқ баспайды? Мысалы, қазір токарь, слесарь мамандықтарына мамандар жетіспейді. Қазақ балалары неге бармасқа?! Осы мамандыққа оқығандарды ертең болашақта зор мүмкіндіктер күтіп тұр. Оның үстіне жұмысшы мамандықтарына Үкімет тарапынан барлық жағдайлар қарастырылуда. Баспана алуға да мүмкіндік бар.
Енді біздің облысқа байланысты айтылған жағдайларды атап өткенім жөн. Ең алдымен Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы инфрақұрылымды дамыту қажеттігі, барлық экологиялық талаптар қатаң сақталуға тиістігі, туристерге әлемдік стандарттарға сай қызмет көрсетілуі керектігі айтылды. Үкімет пен әкімдікке осы мәселені тыңғылықты қарастыру тапсырылды. Жаңадан салынатын Конгресс-орталық Бурабайдың бетке ұстар орны болады деп сенеміз. Орталық іске қосылатын болса, демалыс аймағына жұрттың қызығушылығы да арта түседі. Сондай-ақ, туристік маусымнан тыс уақытта адамдар көптеп келе бастайды деп үміттенеміз.
Облыстың орасан зор туристік әлеуеті Шучинск-Бурабай аумағымен ғана шектелмейді. Оны ақмолалықтар жақсы біледі. Бізде демалыс аймағы ретінде мүмкіндігі мол Зеренді, Сандықтау, Ақкөл және басқа да жерлеріміз бар. Құрылтайда оларды да жан-жақты дамыту қажеттігі айтылып, көңіліміз бір көтеріліп қалды. Аймақтағы көрікті әрі киелі орындардың бәрі өзара кіріктіріліп, үйлестірілген ауқымды туристік кластер қалыптастыру маңызды. Бұл ретте жеке туристік нысандар салу үшін жер телімдерін бөлген кезде заңның сақталуын мұқият қадағалау керек.
Жалпы, биылғы Ұлттық құрылтайда көптеген өзекті мәселелерге мән берілді. Келесі алқалы жиынға дейін осы жағдайлар шешімін тауып, Мемлекет басшысының тапсырмалары тиісті дейгейде орындалады деген ойдамыз. Ел аман, жұрт тыныш болсын. Ұлыс оң болсын! Наурыз мейрамы құт-берекесін алып келсін!
Шияп ӘЛИЕВ,
Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.