«Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөз бар. Сондықтан да болар, ертеңгі күннен үміт күткен қазақ халқы ежелден Ұлыстың ұлы мейрамын тойлағанда үй-жайын тазартып, маңайын жинастырып болған соң, ағаш егіп, бұлақ көзін ашқан. Бұл – жаңа жылға, жаңа күнге жаңарып, тазарып қадам басуды меңзейді.
Ал, былтырдан бері 14-23 наурыз аралығында өтетін «Наурызнама онкүндігі» аясында 19 наурыз – Жаңару күні ретінде аталып, ағаш егу дәстүріне ұласты. Біздер облысымызда осы шараны басты ұйымдастырушылар ретінде бұл бастаманы қызу қолдаймыз, әрі Мемлекет басшысы міндеттегеніндей, елімізде 2 миллиард түп ағаш отырғызу тапсырмасын жоспарлы түрде кезең-кезеңмен орындауға белсене атсалысудамыз.
Орман – еліміздің басты байлығы, баға жетпес экологиялық және экономикалық ресурсы, ұлттық қазынамыз. Қазіргі уақытта Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының қарамағында 13 орман шаруашылығы бар. Олар ормандарды қорғау және сақтау, молықтыру және өсіру, орманды орынды пайдалануды ұйымдастыру бағытындағы шараларды жүзеге асырады.
Ақмола облысындағы орман қорының ауданы 1,1 миллион гектарды құрайды, оның үштен бірі – орман жамылғыларымен көмкерілген. Ал, Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының қарамағындағы мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 405,1 мың гектар.
Жыл сайын облыстың жасыл желекті алқаптарын көбейту мақсатында мемлекеттік орман қоры аумағында орман шаруашылығы мекемелері ағаш отырғызу жұмыстарын жүргізеді. Мәселен, 2009 жылдан бастап 17,6 мың гектардан астам алқапқа ағаш отырғызылды, оның ішінде «Астана-Щучинск» автожолының бойында, яғни, Астананың жасыл белдеуі жобасы бойынша бұл Шортанды кентінен Щучинск қаласына дейінгі аралықтағы 2,6 мың гектар аумақта отырғызылған екпелер қазір жасыл желекке айналып, анадайдан көз тартады. Жалпы, осылайша кейінгі жылдары орманды қалпына келтіру жұмыстарында әжептәуір алға басу, өсу үрдісі байқалады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі іс-шараларды іске асыруға белсене кірісуді тапсырды, оның ішінде бес жыл ішінде орман қорына 2 миллиардтан астам ағаш отырғызу міндетін қойды. Сонымен бірге, былтырғы жылғы Жолдауында да орман алқаптарын сақтау мен қорғау бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді. Осы тапсырмаларды іске асыру шеңберінде Ақмола облысында 2021-2027 жылдары 23,8 мың гектар аумаққа қылқан жапырақты және жапырақты ағаш түрлерінің 150 миллион дана көшеттерін отырғызу жоспарланған. Оны орындау үшін басқарманың орман шаруашылығы мекемелері 2021 жылдан бергі төрт жыл ішінде 8,8 мың гектардан астам алқапқа 54,8 миллион түп ағаш отырғызды. Биыл өңіріміздің орман шаруашылығы мекемелері 2 мың гектар жерге 14 миллион түп ағаш егуді жоспарлап отыр. Жер аяғы кеңіген соң, бұл игі іске орманшыларымыз белсене кіріседі.
Жыл сайын орман шаруашылығы мекемелерінің 11 питомнигінде 10 миллион данадан астам көшет және 15 мыңнан астам ағаш-бұта тұқымдас көшеттер өсіріледі. Питомниктерде негізгі тұқымдардан қарағай, қайың, қарағаш, үйеңкі, қарақат, алма ағашы секілді тағы басқа да көшеттер өсіріледі. Алдағы жылдары егілетін ағаш материалдарымен қамту мақсатында оларды өсіру көлемін ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Осылайша, биылғы көктемге дейін орман шаруашылығы мекемелері 10 тоннадан астам жапырақты ағаштардың тұқымдарын және 113 тонна қарағай жаңғақтарын жинап, дайындап қойды. Орман шаруашылықтарындағы 7 кептіргіште 70 тоннадан астам жаңғақ өңделіп, 700 келі қарағай тұқымы әзірленді. Барлық жиналған ағаш тұқымдары орман шаруашылығы мекемелерінің питомниктеріне себіледі.
Ағаш егу материалдары көлемінің ұлғаюына байланысты жалпы ауданы 61 гектарды қамтитын жаңа тұрақты орман питомнигін салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Жалпы, Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына қарасты орман шаруашылығының мемлекеттік мекемелері бойынша ормандарды молықтыру және орман өсіру көлемін ұлғайтудың оң үрдісі байқалады.
Өңірімізде орман алқаптарын молайту және қорғау мақсатында біраз жұмыс атқарылды, бірақ, алда одан да көп міндет тұр. Біздің облыс аумағының ормандылығы небәрі 3 пайызды құрайтынын ескере отырып, жыл сайын орман дақылдары отырғызылатын алаңдарды ұлғайту және ормандардың табиғи жаңаруына жәрдемдесу, ағаш кесу көлемін қысқарту, ормандарды қоқыстардан тазарту, елді мекендердің айналасында жасыл аймақтар құру, ормандарды өрттен қорғау жөнінде шаралар қабылдау қажет.
Осы іс-шараларды іске асыру облыстың табиғи кешенін сақтауға және көбейтуге мүмкіндік береді. Сондықтан, бұл жұмыстарды алда тұрған бұлжымас міндет деп ұғынған абзал. Облыс аумағында Ұлыс мейрамы кезінде отырғызылатын ағаштарымыз алдағы жылдары жасыл желеке айналып, көркейіп, келер ұрпақтың жанына сая болары сөзсіз.
Джанет МИКИШЕВ,
Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғатты
пайдалануды реттеу басқармасының басшысы.
сурет: inbusiness.kz