Ақмола облысында 17 Наурыз көшесі бар. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылдан бастап күні бүгінге дейін 12 ақмолалық сәбиге «Наурыз» есімі қойылыпты.
Сонымен қатар, Көкшетау қаласының орталығында «Наурыз» сауда кешені жұмыс істеп тұр.
Ұлыстың ұлы күні аталып, көктем мен жаңарудың мерекесі ретінде аталып өтетін – Наурыздың біз біле бермейтін қыры мен сыры мол. Шығыс және Орта Азия елдерінде бес мың жылдан бері аталып өтіліп келе жатқан әлемдегі ең көне мерекенің ел тарихымен тонның ішкі бауындай астасып жатқаны да рас. Ежелден қалыптасып бүгінге жеткен мейрамның күнәден тазару, үй іші мен киім-кешектерді тазарту, жамандықтан арылу сияқты ерекшеліктері бар. Сондай-ақ, бұл күн Шығыс елдері арасында екі арадағы кез-келген соғысты тоқтатқан деген де деректер бар. Ал, қазақ елінде ру және тайпа ақсақалдары араздасқан руларды дәл осы мерекеге орай татуластыратын болған деседі. Наурыз мейрамының бізге белгісіз тұстары мен оның адам есімдері мен көше атауларына қойылуының заңдылығын талдап көрелік.
Жалпы ежелден келе жатқан Наурыз мейрамының шығу тарихы белгісіз. Ежелгі Иран аңыз-әфсаналары мен мифологияларында Тұран ханы Афрасиабтың қолынан қаза болған Саяуыш батыр дәл осы күні қара жердің қойнына тапсырылыпты-мыс. Наурыз – көктемгі күн мен түннің теңелетін күні. Бұл күні тұтас жер бетінде күн мен түн теңеседі. XI ғасырдың өзінде ұлы ғалым әрі ақын Омар Хайям жұлдыздар мен шоқжұлдыздардың толық циклы аяқтағаннан кейін, олар өзінің бастапқы жүру нүктесіне келіп, жаңа жолдың шеңберді қайта бастайтынын байқайды. Міне, біз осы үшін де Омар Хаямды шығыстың жеті жұлдызының бірі ретінде, әрі Наурыздың жаңа мерзімінің басталуын дәлелдеген ғалым ретінде танимыз. Наурыз көпшілік ойлап жүргеніндей діни мереке емес. Өйткені, көптеген ислам елдерінде бұл мерекені атап өтуге тыйым салынған. Мәселен, Сирия мен Иранда Наурыз мейрамы тойланбайды, ал, Түркияда мерекені 1991 жылға дейін атап өтуге тыйым салынған болатын. Қазақстанда 1926 жылдан бастап Наурызды тойлауға тыйым салынған еді. Тек, араға жетпіс жыл салып 1988 жылы Мұхтар Шаханов коммунистік партияның Орталық Комитетінің бірінші хатшысына хат жазып, осы мерекені қайта жандандыруды сұраған. Сөйтіп, сол жылдан бастап Қазақстан Наурыз мейрамын қайта тойлай бастады. Ал, 2010 жылғы 19 ақпандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 64-сессиясында «Әлем мәдениеті» бағдарламасының 49-тармағына сәйкес «Халықаралық Наурыз мерекесі» деп аталатын қарар қабылданған еді. Сөйтіп, Наурыз мерекесін осы ұйымға мүше елдер толығымен мойындады.
Біз өз кезегімізде осынау тарихи мәнге ие болған Наурыз атауының өңірде қолданылуы туралы аз-кем мәліметтер жинастырып көрдік. Өкінішке орай, көп мәліметке қол жеткізе алмадық. Ақмола облыстық ономастикалық комиссиясының мәліметінше, облыс аумағында бүгінде 17 көше – Наурыз аталған. Ал, облыс орталығы Көкшетау қаласының өзінде Наурыз көшесі жоқ. Наурыз атауы қала іргесіндегі оның құрамына кіретін Краснояр ауылының орталық көшелерінің біріне беріліпті. Осы олқылықты ескеріп, облыс орталығының бір көшесіне Наурыз атауы берілсе, нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймыз. Тіпті, күннен-күнге жанданып, уақыт өте түрленіп, жаңарып жатқан көрікті Көкшенің жаңа бір ауданын Наурыз атасақ, қандай жақсы?! Халқымыздың төл мерекесін лайықты тойлауға мұның да өз ықпалы болар еді деп ойлаймыз.
Сондай-ақ, елімізде мерекеге байланысты ат қою дәстүрі үрдісі атадан балаға жалғасып келеді. Осындай ұқсас атпен аталған көптеген батырларымыз бар екені белгілі. Солардың бірі Наурызбай Құтпанбайұлы, Наурызбай Қасымұлы есімді ел қорғаған тарихи тұлғамыз да бар. Алтын Орданы да Наурыз хан билеген. Сондай-ақ, ел арасында Наурызгүл, Наурызбек, Наурызәлі және басқа да есімдер көп таралған. Ақмола өңірінде де Наурыз есімі берілген адамдардың қатары жоқ емес, бар. Солардың бірі Бурабай аудандық ішкі істер бөлімінде өз қызметін абыройлы атқарып жүрген Наурызбай Ермұханбетов есімді азамат. Ол өз есімінің ежелгі Наурыз мейрамына орай қойылғанына сенімді.
–Менің есімімнің Наурыз деп қойылуына Кенесары ханның бауыры Наурызбай батырға деген халық құрметінің де қатысы болса керек. Өз есімімнің осылай аталғанына өз басым ризамын. Біз үшін бұл мереке ерекше, оған жыл сайын зор көңіл бөліп, отбасы, ағайын-туыс болып лайықты атап өтеміз, – дейді Наурызбай сұхбаттасқанымызда.
Осындай тарихы зор мәнге ие, Наурыз мейрамына орай, тіпті, көше былай тұрсын, өңірдегі бірер ауыл мен ауданды Наурыз атымен атасақ, артық болмас еді деген ой келеді …
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
сурет: avatars.mds.yandex.net