Мейрам қызығынан аянбайды

Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театры халқымыздың ежелден келе жатқан мерекелерінің бірі «Көрісу» күнін атап өтті. Театр ауласында өткен шараға өнерпаздар ұжымы түгел қатысып, театрландырылған көрініс қойылды.

Өнер ошағында көктемнің жарқын мерекесі Наурызды тойлау шаралары айдың басында ақ басталып кеткен болатын. Бүгінде бұл ұлық мерекені лайықты атап өту үшін театрда түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Мұнда әр күн сайын үлкен-кішіге арналған қойылымдар, концерттік бағдарламалар жүргізіліп жатыр. Театр құрамы биыл да Наурыз мерекесін ерекше атап өтуге ат салысуда. Соның бірі жылдағы дәстүр бойынша осы «Көрісу» мерекесін тойлау үшін театр актерлері күннің шуағына шығып, қалың көпшілікпен көрісу амалын жасады. Жаршы жар салып, көктемнің жеткенін, енді жер-дүние құлпыра түсетінін, Күн мен Түннің теңелетінін, табиғатқа жан бітетінін қуана хабарлап, көпшілік қауымның назарын аударды.

Ал, Қыдыр ата болса, жиналғандарды мерекемен құттықтап, халқымызға тыныштық пен бақыт, ауызбіршілік пен ынтымақ тілеп, қол жайған көпшілікке бата берді. Содан соң аз қамтылған отбасының 200-ге тарта баласына театр әкімшілігі атынан тәтті балмұздақ үлестірілді. Шараға қатысқан балалар әрі қарай көрермен залына өтіп, белгілі режиссер Фархадбек Қанафиннің «Ару қыз бен құбыжық» қойылымын тамашалады. Бір сәт болса да тағылымы мол ертегі әлеміне саяхаттаған кішкентай көрермендерді театр фойесінде «Қош келдің, әз Наурыз!» атты думанды бағдарлама күтіп тұр еді. Бұл шараға да балалар қуана қатысып, мәз-мейрам болды. Ондағы Наурызбек пен Заманбектің өзара тартысты бәсекеден тұратын диалогы балаларды бірден баурап әкетті. Мұнда да балалар Наурыз туралы ән айтып, би биледі.

Халқымыз ежелден табиғатқа жан бітіп, төрт түлік төлдеп, аң-құстың тұқымы өрбіп, Күн мен түннің теңелу уақыты Наурыздың тууын жыл басы деп санаған. Сондықтан да, дәл осы  уақыт кезеңінде бабаларымыз ойын-сауық құрып, алаңсыз той тойлаған. Соның арқасында салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз салтанат құрған. Театр ұжымының да осы дәстүрлерді сақтап, жаңғыртып, ұлтымыздың өзіне тән ерекшелігін паш ету, насихаттау мақсатында жасап жатқан жұмысы құптарлық іс. Өткен тарихымыз бен бүгінімізді байланыстырып, әрдайым ізгіліктің қайнар бұлағының көзіндей болған қастерлі өнер ордасы осы жолы да Наурызды жаппай тойлауға ерекше көңіл бөліп отыр. Театр репертуары айдың соңына дейін тұрғындар үшін думан көркін қыздыра түсетін қойылымдармен толықтырылыпты.

Театрдың көркемдік жетекшісі Манарбек Қыдырбайдың айтуынша, наурыз айының 19 мен 23-і аралығында Ұлыстың ұлы күніне арналған актер әрі режиссер Төлеубек Көңбайдың театр ұжымымен дайындаған Келін-ka.kz спектаклі қойылады. Уақиға желісі ауылдың қарапайым жігіті мен қаланың ақсаусақ қызының отау тігуімен өрбіп отырады. Музыкалық комедияға құралған қойылымдағы жас жұбайлардың әркеті қызықты әрі тартымды көрінеді. Бірде күлдіріп, бірде бүлдіретін жас келіннің ең бастысы, бәрін үйреніп алсам, сол әулетке сіңсем деген ниеті адал. Жігіт те осы қызға үйлену барысында қалаға барып, небір шытырман оқиғаларды бастан кешіреді. Бұдан өзге, айдың аяғына дейін театр репертуары «Алло, мама!», «Тартюф», «Алдаспан» , «Емтихан», «Қадір таңы» атты қойылымдармен толыға түспек. Театр есігі келем деуші көкшелік көрерменге және қала қонақтарына есігін айқара ашып, құшақ жая қарсы алуға қашан да әзір.

Расында қарап отырсақ, небір тар жол, тайғақ кешуден өтсе де, осы күнге аман жеткен осынау ұлық мерекемізді тойламау бүгінде мүмкін емес. Арқамыз кеңіп, «қой үстіне бозторғай ұялаған» тұста Наурызды елемей қоюға ешкімнің қақысы жоқ. Жыл сайын өңірде Наурыз мейрамын лайықты атап өтуге мән беріліп, он сан мәдени шаралар ұйымдастырылып  келеді.

Осы орайда, облысымызда жақсылықтың жаршысындай жарқылдап, үнемі той-думан болып, ән әуелеп, күміс күй төгіліп жататын тағы бір мәдениет мекемесі ән дүлдүлі атанған Үкілі Ыбырайдың есімін иеленген Ақмола облыстық филармониясын атап өтпеу мүмкін емес. Бұл ғимарат та көптің көңілін сергітіп, парасат-пайымын молайтып, білім көкжиегін кеңейте түсетін қадірлі де киелі орнына айналғалы қашан. Жер арқасы босап, айнала шаттыққа тола түскенде, мұнда да мәдени шаралар шоғыры молайып, ұлық мерекеміз Наурызды тойлауға ерекше мән беріледі. Біз осы мекемеге де хабарласып, ондағы Наурыз мейрамына арналған концерттік бағдарламалар жөнінде сұрап білдік. Филармония директоры Нұргүл Шайкенованың айтуынша, қазіргі уақытта сахна төрінен өнер көрсететін әртістермен осы мақсаттағы дайындық қарқынды жүргізілуде. Күн сайын филармония әртістері әр түрлі шараларға белсене қатысып, дамыл тауып жатқан жоқ. Биылғы тұрғындарға мерекелік жарқын көңіл-күй сыйлау үшін филармония әншілері аянып қалмайтыны сөзсіз. 19 наурызда кешкі сағат 18.30-да композитор, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқов пен қазақтың көрнекті ақыны, жерлесіміз Еркеш Ибраһимнің 95 жылдығына арналған Кенжебек Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің «Байғазыңа бес ән арнадым, ерке Көкше!» атты концерті өтеді.

Концертте даңқты композитор Шәмші Қалдаяқовтың сирек орындалған Көкшетау туралы бес бірдей әнінің тұсауы кесіледі. Сондай-ақ, филармония ұжымы көкшелік кішкентай көрермендерді наурыздың 19-21-і аралығында балаларға арналған «Наурыз оқиғасы» атты қойылымды тамашалауға шақырады. Ал, Наурыз мейрамына арналған «Қош келдің, әз Наурыз!» атты  негізгі концертті тура наурыздың 22-сі күні филармония сахнасынан тамашалауға болады.

Жалпы, облыстық мәдениет басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл Наурыздың халық болып тойлануына ерекше назар аударылып, өңірімізде 100-ге тарта мәдени шара ұйымдастырылмақ. Облыстағы өзге де әртүрлі ұжымдар бұл санның күн сайын өсуіне, Наурызды мейлінше кең көлемде тойлауға атсалысып жатыр.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар