«Наурыз айы туғанда, той болушы еді бұл маңда»

Біздің сауалнама

Елімізде өткен жылы Наурыз тойын тойлауға арналған жаңа тұжырымдама бекітіліп, оның аясында «Наурызнама онкүндігі» бастау алған болатын. Биыл да ол жалғасын тауып, Көрісу күні – амал мерекесінен басталған айтулы шаралар наурыздың 23 жұлдызында Тазару күнімен аяқталады. Ұлыстың ұлы күнінде еліміздің түкпір-түкпірінде орталық алаңдарда жергілікті атқарушы органдардың ұйымдастыруымен Наурыз тойы тойланатыны белгілі. Онда Қыдыр Ата бастап келетін театрландырылған көріністен бастап, жергілікті жердің өнер ұжымдарының мерекелік концерттері ұсынылып, түрлі ұлттық ойындар ойнатылады. Жалпы, осы орталық алаңдарда тойланатын Наурыз тойы халықтың көңілінен қаншалықты шығып жүр деген оймен біз биылғы Наурыз мейрамы алдында облыс тұрғындарына бірнеше сауал қойған едік.   

Жылына бір келетін халқымыз үшін маңызы ерекше Наурыз тойына барып, мейрамды тамашалай алып жүрсіз бе?

Ұлыстың ұлы күнін атап өтуде әлі де болса, нені ескере алмай жатырмыз?

Наурыз мейрамы шын мәнісінде әркімнің ойынан шығуы үшін өз тарапыңыздан «солай болса ғой» дегендей, қандай ұсыныстарыңызды қосар едіңіз?

 Алтай НҰРҚАСЫМОВ, еңбек және тыл ардагері:
–Наурыз мейрамы қазаққа сонау 1988 жылы қайта оралғалы облыс орталығы Көкшетау қаласының орталығында ұйымдастырылып келе жатқан мерекелік шаралардан қалған емеспін. Өзімнің жасым қазір 90-ға таяп қалды. Сонда да таңертең ерте тұрып, өзімнің ұлттық киімдерім – шапаным мен бөркімді киіп, қасыма екі жүгірмек немеремді ертіп, орталыққа бет аламын. Ұлттық киімде қазақтың салт-санасы, ділі мен мәдениеті жатыр ғой. Сол жастарға үлгі-өнеге болсын деп киемін. Содан орталықта ұйымдастырылған мерекелік бағдарламаларды тамашалап, көріністерін көріп, киіз үйлерін аралаймыз. Немерелерім «Наурыз көжеден» дәм татып, ұлттық ойындарды көреді, шама-шарықтарынша өздері де қатысады.

Ал, енді көңілім тола ма, жоқ па деген сауалыңызға келсем, мені ұйымдастырушылар жағы ұнатпай қалуы мүмкін. Бірақ, мен айтпасам да халық біліп, сезіп отыр ғой. Қазіргі Наурыз мейрамдары шын көңілден жасалып жатпағандай. Тек бір әкім-қаралар үшін ғана дайындайтын тәрізді. Олай дейтінім, былтыр жолдасым екеуіміз бір киіз үйге кірейік деп едік, ішінде жүрген келіншектердің бір шығып, қазір комиссия келеді, әкім кіреді дегендей сылтау айтып, ішке енуге рұқсат етпеді. Бұған дейінгі жылдары да үнемі осындай жағдайлар болатын. Содан әлі арылған жоқпыз. Үлкендер ол киіз үйлерге ішіп-жеу, дастархан басына отыру үшін емес, ішіндегі ата-бабамыздың ықылым замандардан бері жеткен асыл қазынасы – қолөнерін,  шеберлердің қолынан шыққан бұйымдарын, тарихымыздың ізі жатқан ою-өрнектерінің қыр-сырына бойлап, өздері көріп қана қоймай, немере-жиендерін де бойлатып, сал-серілік дәстүрді жалғап келе жатқан жастарымыздың өнерін тамашалау үшін кіреді. Әзер болса, көжесінен бір дәм татар, сосын сондағы ұжымға, жастарға ақ батасын беріп, алғысын айтып шығады ғой. «Батаменен ер көгерер» деген бар емес пе?! Одан қалды кәсіпкерлеріміз демеушілік танытып, тегін ас, тәттілер таратыны бар. Әрине, Наурыз қайырымдылық пен қамқорлықтың да айы. Сөйтіп, тегін палау таратып, көже үлестіріп жатқан жерлерге бас сұқсаңыз, ұзын-сонар кезек, бір-бірімен айқайласып, ұрысып жататын адамдарды көреміз. Ниетіміз қашан дұрысталады екен деймін осындайда. Ағайындар-ау, бұл сыйластықтың, кешірім мен мейірімнің мерекесі емес пе?! Одан да сол тегін беріп жатқан тамақты жарлы-жақыбайға, жетім-жесірге таратсын.

Бізде Наурыз мейрамы Кеңес Одағының тұсында ғана тойланбай, үзіліп қалғаны болмаса, оған дейін сән-салтанатымен аталып өтілген. Бұл күн мен түннің теңесетін, Самарқанның көк тасы еритін, жаңа жыл -жаңа күн басталатын Ұлыстың ұлы мейрамы саналған. Бұған халқымыз үлкен жауапкершілікпен келген. Таңертең ерте тұрып, айналасын жинастырып, «бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, арықтарды тазалаған. Жанұясымен ақтан жасалған өнімдерін дастарханға қойып, жеті түрлі дәннен көже әзірлеп, ауыл адамдары бір-бірін бір ай бойы қонақ қылған. Кішілері үлкендеріне барып сәлем беріп, батасын алған. Жаңару айы, сыйластық пен татулықтың мейрамы болғасын, ренжісіп жүргендер осы Наурызда бір-бірінен кешірім сұраған. Мұның барлығы мерекенің тарихы, жастар білсе екен деймін.

Ұсынысым – Наурызды тойлауды әркім ең алдымен өз отбасындағы тазалықтан, балаларын жылылық пен мейірімділікке тәрбиелеуден, ұлттық құндылықтарды шаңырақтың астында насихаттаудан бастау керек. Әке қасына ұлдарын ертіп шығып, тал ексе, анасы қыздарымен ұлттық тағамдарды даярласа немесе қолөнер бұйымдарын жасауға үйретсе, нұр үстіне нұр болар еді.

 Назгүл НҰРАХМЕТОВА,
Көкшетау қаласының №20 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары:
Наурыз тойының мен үшін орны қашан да ерекше. Себебі, Наурыз – жаңару мен тазарудың басы, қазақтың ұлттық мейрамы, төл жаңа жылы. Ол – береке-бірліктің, теңдіктің, жақсы тілек тілеудің, қайта түлеудің тойы. Наурыз – ел-жұрттың қаһарлы қыстан аман-есен шығып, бiр-бiрiмен құшақ жайып, жарқын табысатын айы. Салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымыз осы тойдың басты көріністеріне айналады. Халықты жақындастыратын, адам мен табиғат арасындағы үндестікке жол ашатын мереке.

Наурыз мейрамында ұнайтыны – халықтың бірлігі мен қуанышы. Ақ жаулықты асыл әжелеріміз бен аналарымыз пісірген ұлттық тағамдарымыз барша қауымға ұсынылады. Ондағы әзірленген тағамдар жас буын қыздарға үлгі-өнеге. Қаймағы бұзылмаған қазақ ауылдарына бара қалсаңыз, олардың да асыл қазынамыз – әдет-ғұрыптарымызды, салт-дәстүрлерімізді барынша насихаттап, сақтауға деген ұмтылыстары мені қуантады. Наурыз тойларында ұлттық ойындар ойналып, дәстүрлі әндер, ұлттық билеріміз жан-жақты дәріптеледі. Адамдар бір-біріне қамқорлық танытып, жылы лебіздер айтып жатқанын көргенде көңілге қуаныш сезімі ұялайды. Осы жағы ұнайды.

Ұнамайтын тұсы – көп жағдайда Наурыз тойын бір күндік науқанға айналдырып алғанымыз. Атүсті науқаншылдықпен өткізе салатын сәттердің де талай куәсі болдық. Кей жағдайларда артық ысырапшылық, орынсыз шығындарға да бой алдыртып аламыз.

Ал, өзіңіздің тарапыңыздан қандай ұсыныстар айтар едіңіз десеңіз, мұның бәрі бір күндік насихат емес, халқымыздың өмір бойы ұстанып өтетін қағидасы болуы керек. Жоғалтқан мұраларымызды, салт-дәстүрімізді қалпына келтіру, жаңаша ұлттық тәрбиелік бастамаларға жол ашып, әр адамның жүрегіне терең бойлата беру – негізгі мұратымыз, күнделікті ұстанатын ұлттық идеологиямызға айналуы тиіс. Наурыз мейрамын ұйымдастыру кезінде мәдениет пен ұлттық құндылықтарға баса мән берілуі керек. Ойындар мен шаралар тек көңіл көтеру үшін емес, жастарға тарихымызды, дәстүрлерімізді таныстыру мақсатында өткізілуі керек.

Ұлттық құндылықтарды дәріптеу – күнделікті өмірімізде үнемі насихатталып, айтылып, жазыла беруі тиіс, бүкіл жерде, білім беру ұйымдарынан бастап, кез-келген мекеме, ұйымдарында осындай іс-шаралар үздіксіз өткізіліп отырса, жақсы болар еді. Осы орайда, өзім қызмет етіп отырған №20 мектеп-гимназиясын тілге тиек еткім келіп отыр. Мектебіміз  «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында жүйелі жұмыс жасап келеді. Бұдан бөлек, бір ерекшелік – бес оқу күнінің өз атауы бар. Соның ішінде сәрсенбі күні – қазақ әлемі деп аталады. Бұл күні барлық ұжым ұлттық киімді жай ғана киіп қоймай, ғасырдан-ғасырға жеткен халқымыздың ұлы мұраттарын, асыл қазынасын – тілімізді, ділімізді, салт-дәстүр, әдебиетіміз бен өнерімізді оқушылардың бойына сіңіру, әрі қарай жаңғырту  мақсатында ұстаз – оқушы – ата-ана болып үш жақты жұмыла отырып, түрлі іс-шаралар өткіземіз. Негізгі мақсат – жоғарыда аталып кеткен ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау, ұмытпау!

Альбина ӘМРИНА,
Көкшетау қаласының тұрғыны, мұғалім:
 – Наурыз – береке-бірліктің, жақсы тілектің, бар жақсылықтың бастауы. Жылда Ұлыстың ұлы күні қыздарымды алып, орталық алаңда өтетін, ұлттық салт-дәстүрлеріміз әспеттелетін Наурыз тойына баруды әдетке айналдырғанбыз. Ондағы мақсат екі қызыма ұлттық мерекенің мән-маңызын ұғындырту, тәрбиелік мәні зор, молшылық пен  жақсылықтың мерекесі екенін түсіндіріп, насихаттау. Наурыз тойын тамашалау өзіме қатты ұнайды. Қаз қатар тізілген ақ шаңқан киіз үйлер ата-бабаларымыздың киелі шаңырағы болғанын, жеті түрлі дәмнен жасалатын «Наурыз көжесінің» денсаулыққа пайдасы зор екенін айтып отырамын. Орталықтың әр жерінде ұйымдастырылатын ұлттық спорт түрлерін де көруден ешқашан бас тартқан емеспіз. Қол күрес, арқан тарту, ат жарыс, қазақша күрес, қой көтеру секілді сайыстарды тамашалап, дем алып қайтамыз.

Жалпы, былтырға дейін елімізде Наурыз мерекесін тойлаудың бірізділік жүйесі  немесе концепциясы болмаған еді. Оның да қолға алынғаны көңіл қуантады. 10 күн он түрлі пайдалы тақырыппен айшықталып, соған қатысты тәрбиелік мәні бар іс-шара өткізілуде. Бұл өсіп келе жатқан жастарымыздың болашағына өзінің пайдасын тигізері анық. Біздің тілегіміз – ұлттық мерекеміздің мәні жойылмаса екен дейміз ғой. Өйткені, Наурыз тіршіліктің түлеуінің, еңбектенудің, жаңа бір іс  бастаудың, тал егіп, үлкендердің батасын алатын, іштей бір үйлесімге түсетін сәттің игі жоралғысы деп қабылдаймын.

Енді аталған мереке күні ер балаларға қатысты көптеген ұлттық ойындар көбірек ойнатылып, көрсетіліп жатады. Ол да дұрыс шығар. Дегенмен, қыздарға да қызықты болатын ойын түріндегі сайыстар ұйымдастырылса деген ұсынысым бар. Тіпті, кейбір қыз балалар сол ат жарыс, күрес, арқан тартуға өздері де қатысқылары келіп, қызығушылық танытып жатады. Осы кезде қыз балалардың болашақта өміріне керекті бесікке салу, қонақ күту, қырқынан шығару, шолпы тағу сияқты салт-дәстүрлер көрсетілсе. Бала кезінен осындай бай дәстүрлерімізді көріп өскен жастар болашақта жаман болмайды деп ойлаймын.

Сауалнаманы жүргізген Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар