Қызыл гүлдер, сары гүлдер, ақ гүлдер

Көкшетау қызғалдақтары

Қызғалдақтар – Наурыз мейрамының символы. Осы наурызда өтетін барлық мерекелердің сәні – қызғалдақ көктемдегі жаңа тіршіліктің бастауы.   Ұлы Жібек жолы бойындағы дархан дала – Қазақстаннан өтіп, Иран мен Түркияға жеткізілген қызғалдақтар ақырындап, Голландияға тап болады. Сөйтіп, Голландия «Қызғалдақтар империясына» айналып үлгерді. Енді міне, сол хош иісті қызғалдақтардың түйіндері Көкшеге де әкелініп, жылыжайда жүздеген мың қызғалдақ өсіріліп жатыр.

Көкшетау қаласының сыртындағы @nordbotanic.kz жылыжайында көктем мерекесінде нәзік жандылар үшін өсіріліп жатқан алуан түрлі қызғалдақ көздің жауын алады. Бір мезет хош иісі мен әсемдегі жаныңды әсерлендіріп, сұлулық әлеміне жетелейді. Тұрғындар «Көкшетау-2» деп атап кеткен Станционный кентіндегі біз барған жылыжайда теңіздей толқыған қызыл, қызғылт, ақ, сары, тіпті, екі түске боялған қызғалдақтар көз тұндырады. Даладағы суыққа қарамастан, алуан түске боялған қызғалдақтар жайқалып өсіп тұр. Бір сәт басқа әлемге еніп кеткендей, жайлы сезімде боласың.

Бүгінде Голландиядан бірнеше жүздеген түйіндері әкелінген қызғалдақтар су құйылған ұяшықтарда бүршік жарып, енді бірі 50-60 сантиметрге дейін бойлап өсуде. Ал, осы әсемдіктің артында тынымсыз еңбек жатқанын қайтерсіз.  Әне, осынау әлемге шексіз сұлулық сыйлаған сан түрлі қызғалдақтарды таңертеңгі сатып алушыларға дайындау үшін гүл өсірушілер бар ынталарымен мейірлене іске кірісіп кеткен. Олар қызғалдақтарды пиязшықтарынан мұқият кесіп, аса бір нәзіктікпен, дүкендерге жіберуге әзірлеуде.

Америка мен Ресейдегі осындай жобаларда тәжірибесі мол Рамиль Серажиев пен оның досы әрі серіктесі Расим Хамитов екеуі осыдан бірнеше жыл бұрын Көкшетауда қызғалдақтар өсіру туралы ізгі ойларын ортаға салған. Олар алдымен, Көкшетауды өздері Голландиядан тапсырыспен алдырған петуниялармен қамтамасыз еткен. Бүгінде өздерінің сатып алушы клиенттері мен серіктестерінің қатары да көбейген. Әрі алыс елден емес, Көкшетауда өсірілген қызғалдақтарды үлкен көлемде алу  сатып алушылар үшін өте тиімді. Қазір мұнда ауданы үш мың шаршы метр жерде қызғалдақ өсіруге мүмкіндік бар. Қызғалдақтар гидропоника әдісін қолдану арқылы, су толтырылған ұяшықтарда өсірілуде.

Қызғалдақтарды өсіру үшін ерекше климат керек. Әрі оған он градустан аспайтын, тұрақты су қажет екен. Олар желтоқсанның басында отырғызылып, қазір кесіліп алынып жатыр. Қызғалдақтар өсіп, тамыр түйінінен ажыратылғаннан кейін тапсырыс берушілердің қолына өтеді. Ал, олардың орнын петуниялар басады. Бұл өз алдына хош иіс беретін бөлек әңгіме. Нәтижесі көңіл қуантады. Бағасы да гүлді алдын ала тапсырыспен сатып алушыларды қанағаттандыратын көрінеді. Қызғалдақтарды түстеріне қарай таңдап алуға болады.

– Қызғалдақтарды жылыжайда өсірумен айналысып келе жатқанымызға биыл екінші жыл. Біздің бұл жылыжай 9 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Біз питуния өсіреміз және қазірдің өзінде үлкен тәжірибе жинақтап үлгердік. Пиязшығын Голландиядан әкелеміз. Ол өте жақсы, сапалы болғандықтан да, біздің жылыжайда жайқалып өсуде. Ұзарып өскен қызғалдақтар өте әдемі. Өнімдерімізді Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп сатып алып кетеді. Семей, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Петропавл, Астана қалаларынан тапсырыс беруші тұрақты клиенттеріміз бар. Демек, Көкшетаудың қызғалдақтары Қазақстан бойынша сатылады десем де болады, – дейді менеджер Кристина Богинская бізбен әңгімесінде.

– Қызғалдақтар өсіретін жылыжайда қанша адам жұмыс істейді – деген сұрағымызға:  – Барлығы маусымға байланысты. Яғни, қызғалдақ егуді бастаған кезде жұмысшылар аз болады. Ал, енді қызғалдақтар жайқалып, ұзарып өскенде тәулік бойы жұмыс істеуге тура келеді. Міне, бүгін өздеріңіз көріп тұрғандай, екі бригадамен көптеген гүл өсірушілер жұмысқа тартылуда. Ауысым-ауысыммен жұмыс істейміз. Түнде гүлдерді кесіп, сатуға дайындаймыз. Негізінен, 5 мың данадан бастап көтерме бағамен сатамыз. Тек дүкендермен жұмыс істеу арқылы Қазақстан бойынша әр гүліміз жақсы безендірілгенін қалаймыз, – деп жауап берді Кристина.

Жылыжайда жыл бойына бір миллион сабаққа жуық гүл өсіру көзделген. Алайда, Голландияда биыл өнім нашар болған. Сондықтан, түйіндердің жартысы ғана жеткізілген. Осылайша, көзделген санның 470 мыңы ғана өсірілуде екен. Түйіндерді Голландиядан дайын күйінде әкелу бір айға дейін созылатын көрінеді.

Бүгінде жылыжайдағы барлық қызғалдақтар алдын ала тапсырыспен сатылып кеткен. Гүлдерді тапсырыс алатын уақытқа дейін дайындау үшін гүл өсірушілер күндіз-түні тынымсыз еңбек етуде. Гүлдердің екінші Көкшетауда өсірілетіні оларды еш алаңдатпайды да. Өйткені, үйлеріне арнайы көлікпен жеткізіледі әрі өздерінің де гүл баптауға деген ықыластары ерекше.

– Қызғалдақтардың ең аз партиясы  500 дана. Гүлдерді түйіндерінен өсіруді желтоқсан айынан бастадық. Алдымен, түйіндерді отырғызуды дайындап, оларды өңдейміз.  Қазіргідей әдемі гүл болып шығу үшін бірнеше жұмыс  үдерістерінен өтеді, –  дейді гүл өсіруші Виктория Савилова.

– Мен негізінен, «Көкшетау минералды сулары» кәсіпорнында жұмыс істеймін. Ал, мында өзімнің демалыс күндерімді пайдаланып, гүл өсіруге келемін. Әсем гүлдердің ортасында жүріп, өзіңнің шаршағаныңды да ұмытасың, –  дейді тағы бір гүл өсіруші Татьяна Дехтяренко.

– Екі жылдай уақыттан бері Көкшетау қызғалдақтары тұрғындарға тамаша көңіл-күй сыйлауда.  Маған осында жұмыс істеген өте ұнайды. Қызғалдақтармен жұмыс істеп жүрген қыздар бір тәулік бойы дем алмастан жұмыс істесе де өздерін жақсы сезінер еді. Өйткені, адам жанының емшісі осы гүл ғой, –  деп өз ойымен бөлісті келесі бір гүл өсіруші Мира Төлеухан да. Ал, жылыжайдың бас есепшісі Аяжан Жақыпова:

– 2023 жылдан бері осында бас есепшімін. Жалпы, жылыжайдың ашылғанына он жылдан асты. Негізінен, питуниямен айналысқан. Қызғалдақтар өсіргенімізге екінші жыл. Өткен жылы 550 мың қызғалдақ отырғызылды. Биылғы осыншаға жуық қызғалдақтар да тапсырыспен сатылып кетті. Жұмысшылардың қай-қайсысы да өз істерін жақсы біледі әрі әсем гүлдердің ортасында өздерін де өте ширақ сезінеді, – дейді.

Иә, гүл өсіру нәзіктік пен сүйіспеншілікті талап етеді. Бұл Көкшетау жылыжайының қызғалдақтары бәлкім, әз-Наурыз мейрамында да тұрғындар қолынан табылып, талай жанды қуантып тастар!

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Суреттерде: гүл өсірушілер Мира Төлеухан, анасы мен қызы Татьяна және Ирина Дехтяренколар, Валентина Комиссарова; менеджер Кристина Богинская; гүл өсіруші Виктория Савилова.

Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар