Ертеден келе жатқан ата дәстүріміз, елдік мұраттар, мемлекеттік маңызды мәселелер жан-жақты талқыланатын Ұлттық Құрылтайдың қайта жаңғыртылғалы бірнеше жыл. Ұлты ұясы Ұлытауда басталған келелі кеңес, киелі шаһар – ұлтымыздың рухани астанасы Түркістанда, одан соң әулие-әмбиелер мекені Атырауда жалғасып, биыл міне, төртінші рет жер шоқтығы Көкшетауда дүркіреп өтті.
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Ұлттық құрылтайда мәдениет пен руханиятқа, қоғамдағы ұлттық тәрбиемізге, жастар саясатына, ақпараттық қауіпсіздігімізге қатысты мәселелерді кеңінен қозғап, тереңнен тартып, тағылымды баяндама жасады. Еліміздің алдында тұрған бірінші кезекті, өзекті мәселелерді мәлім етті, оны атқару, шешу жолдары тайға таңба басқандай айтылды.
Құрылтай қоғам алдындағы өзінің тарихи миссиясын қапысыз орындап келеді. Еліміздің бас жиыны – қоғамда қордаланған әртүрлі проблемалардың шешім алаңы. Бұған дейін Құрылтай мінберінде көтерілген проблемалар негізінде қырықтан астам нақты бағыттар айқындалып, бағдарламалар бекітіліп, шешімін тапқан екен. Биылғы Құрылтайдың да осындай өміршең, баталы бастамалары көп болды. Олар жайында алдағы уақытта айтыла жатар, мен осы Құрылтайдан өзіме ерекше әсер еткен бір ахуалды баян етсем деймін. Бүкіл ел назар тігіп отырған жоғары деңгейлі жиынға Көкшетау елі тас-түйін дайындық жасаған екен. Кешегі хандарымыздың ту тіккен жері, кейінгі ұлт руханиятының ұстындары, бір-бір биігі Біржан сал, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырайлардың ізі, нұры қалған елдің азаматтары кеңестің жоғары дәрежеде өтуіне, ұйымдастырылуына ерекше ат салысты. Халқымыздың тамаша бір қасиеті қонақжайлығымызды барынша паш етті. Жиын барысының әрбір сәті бүге-шігесіне дейін мұқият, тиянақты ойластырылғанымен, берік тәртіппен, бір жүйемен жүргізілгенімен еріксіз тәнті етті. Осы орайда жергілікті азаматтар белгілі жазушы, публицист, драматург, қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев ағамыздан бастап, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Марат Қадырұлы Сырлыбаев, А.Мырзахметов атындағы университеттің ректоры Сағынтай Зекенұлы Елубаев мырзалардың, басқа да есті-басты, зиялы, зерделі азаматтардың үзір-мәзір қызметіне ризашылығымызды білдіргім келеді.
Құрылтайда еліміздің қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты, ішкі ынтымақты көздің қарашығындай сақтай отырып, сыртқы ықпалдастықты да өркениет жолымен жалғап келе жатқанына тағы бір куә болдық. Халқымызда «Береке басы – бірлік» деген ұлағатты сөз бар. Бірлігі бекем ел ғана мықты болады. Бірлік бар жерде тірлік болады. Біз – мұраты биік, мақсаты анық елміз. Олай болса, бір атаның баласындай бірлігіміз жарасып, тәуелсіз Қазақстан Республикасын одан әрі дамыту жолында жан аямай еңбек ету, лайықты үлес қосу – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Тек солай ғана біз алдымызда тұрған үлкен сындарды еңсере аламыз, асуларды бағындырамыз. Азаматтық қоғамның кемелдігі де осындай сындарлы бастамаларды қаншалықты қостағанымызға қарап анықталмақшы. Кешегі Құрылтайдан біз түйген негізгі ой осы. Бүгінгі ахуалға деген төзім мен сабыр, ертеңгі күнге деген үміт пен сенім ғана елімізді алға бастайды, ұшпаққа шығарады.
Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры,
заң ғылымдарының докторы, профессор.