Ашылу рәсімі өткізілді

Жарқайың  ауданында «Жұмысшы мамандықтары  жылының» ашылуына арналған салтанатты шара өтті. Бұл іс-шара жұмысшы мамандықтарын қолдау мен насихаттауға, жастардың саналы түрде осы мамандықтарды таңдауына арналды.

Шараға әртүрлі сала өкілдері, еңбек ардагерлері, жас мамандар, оқушылар мен студенттер қатысты. Осы ретте, өскелең ұрпаққа ерекше назар аударылды. Залда ауданның 9 және 11-сынып оқушылары ата-аналарымен бірге отырды.

Салтанатты жиында Жарқайың ауданы әкімінің орынбасары Арай Әбенова  құттықтау сөз сөйлеп, қазіргі еңбек нарығы жағдайында кәсіптік өсудің және біліктілікті дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Іс-шараның маңызды бөлігі кәсіби бағдар беру жұмысына арналды. Жергілікті колледж өкілдері көрме ұйымдастырып, оқушылар мен олардың ата-аналарына өздерінде оқу мүмкіндіктері, жұмысқа орналасу перспективалары және түрлі мамандықтардың ерекшеліктері туралы жан-жақты айтып берді. Болашақ талапкерлер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, кәсіби білім беру туралы маңызды ақпарат алды.

Аталған  іс-шараға өзіміздің жоғары оқу орындары және колледждер  ғана  емес, сонымен қатар, көрші облыстардан да өкілдер келді. Атап айтатын  болсақ, Н.Құлжанов  атындағы  Торғай гуманитарлық  колледжі, академик Зұлқарнай Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университеті,  Қостанай қызмет көрсету саласының колледжі, Мiржақып Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университеті, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті, Шағалалы жоғары агротехникалық колледжі, Арқалық медицина колледжінің өкілдері келіп, өз оқу орындарымен  таныстырды. Көлемді  көрме  ұйымдастырылып, түлектерге  жадынамалар  таратылды.

Сонымен қатар, тәлімгерліктің және ұрпақтар сабақтастығының маңыздылығына ерекше назар аударылды. Іс-шара барысында ауданның үздік мамандары марапатталып, олардың еңбек жолы жас ұрпаққа үлгі ретінде ұсынылды. Сондай-ақ, өз саласында жоғары жетістіктерге жеткен мамандарға алғыс хаттар мен марапаттар табысталды.

Жиналғандарды жергілікті шығармашылық ұжымдардың өнер көрсетуі мен өз саласында табысқа жеткен кәсіпқойлардың жетістіктері де қуантты. Осындай үлкен ауқымды іс-шараға қатысқан қонақтар әрине, өз  пікірлерімен  бөліспей  тұра алмады.

– Бірнеше оқу орындары бір күнде жиналып, өз мекемеміздің жұмысын жас түлектерге ұсынғанымызға қуаныштымыз. Біреуінен келер жолы мұндай шараға жан-жақты дайындалып келуді үйренсек, енді бірі біздің көрмемізге де қызығушылық танытты, тағы бірі аудиторияны өзіңе қаратып, жандандырып жіберсе, келесісі өз оқу орындарындағы кәсіптердің маңыздылығын тереңінен түсіндіре алды. Сондықтан, бүгінгі іс-шара өте мазмұнды өтті әрі нағыз дер кезінде ұйымдастырылды деген сенімдеміз. Сонымен қатар, аудан әкімі Ербол Жүсіпбековке біздің колледжіміздің жұмысын Жарқайың ауданының оқушылары алдында ашық алаңда көрсетуге мүмкіндік бергені үшін алғысымыз шексіз, – деген Шағалалы жоғары агротехникалық колледжінің өкілі Жәмила Садыққызының сөзінің әбден жаны бар.

Кездесу жақсы деңгейде өтті. Колледждер мен лицейлердің жоғары оқу орындары өкілдері түлектерге түсінікті де жан-жақты ақпарат беріп, оқу орындарының барлық артықшылықтарын, қабылдау бөліміне қандай құжаттар қажет екенін, материалдық-техникалық базаның қолжетімділігін атап өтті. Сондай-ақ, әр оқу орны өз көрмесін көрсетіп, электронды мекенжайлары мен толық ақпараты бар жадынамалар таратты.

– Кездесу тақырыбына байланысты концерттік нөмірлер, өлеңдер, билер көңілге қуаныш сыйлады. Ұл-қыздарымыздың бұл шараға осындай қызығушылық танытқаны қуантады, – деген пікірді Тасты-Талды жалпы орта білім беретін мектебінің 11 «Б» сыныбы оқушысының анасы Виолетта Громина да білдірді.

Осылайша аудан аумағында «Жұмысшы мамандықтары жылының» ашылуы мерекелік шара ғана емес, кәсіптік білімді қолдау мен насихаттауға бағытталған бастамалардың жаңа кезеңінің бастауы болды. Бұл жыл  одан әрі қарай да білікті кадрларды қалыптастыруға ықпал ететін іс-шараларға, байқауларға және білім беру бағдарламаларына толы болмақшы.

Баян ШЕРИЯЗДАНҚЫЗЫ,
Жарқайың ауданы әкімінің баспасөз хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар