Былтырғы жетістіктер баянды бола түсті

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов облыстық мәслихаттың сегізінші шақырылымының кезекті он сегізінші сессиясына қатысып, өңірдің 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есеп берді және 2025 жылы бастау алатын жобаларға тоқталды.

Сессияға облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық мәслихаттың депутаттары, аудандар мен қалалардың әкімдері, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары қатысты және аудандық, қалалық мәслихаттардың депутаттары бейнебайланыс арқылы қосылды.

Сессияның күн тәртібі бойынша облыс әкімі Марат Ахметжанов өңірдің 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын баяндап, алдағы жылға жоспарланған даму бағыттары бойынша қолға алынатын жобалар жайында кеңінен тоқталып өтті.

– Өткен жыл біраз қиыншылықтар мен бірқатар толағай табыстарға толы жыл болды. Біз Мемлекет басшысы алға қойған негізгі міндеттерді орындай алдық деп санаймын. Көлемді жобаларды іске асырдық, сол арқылы алдағы уақытта да осындай ірі бастамаларды жалғастыруға берік құрдық деп айта аламыз. Бүгін атқарылған жұмыстарды бағалап қана қоймай, жақын болашақта бар күшімізді жұмылдыратын басым бағыттарды анықтаймыз. Экономиканы арттыру, инвестицияларды тарту, инфрақұрылымды жақсарту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту – біздің басты міндетіміз, – деп баяндамасын бастаған облыс әкімі өңірдің даму көрсеткіштеріне тоқталды.

Өткен жылы көктемгі су тасқыны кезінде еліміз бойынша төтенше жағдай орын алып, өңірдің бірқатар аудандары да осы бір апатты кезеңді бастарынан өткеріп, қызыл сумен алысты. Десе де, Үкіметтің қолдауымен тұрғын үйлерін су басқан отбасылардың баспаналары қалпына келтіріліп, бірқатары жаңа жайлы пәтерлермен қамтылды. Сонымен бірге, былтыр ауыл шаруашылығы саласында да аграршылар ерлеп, тарихи нәтиже көрсетіп,  6,6 миллион тонна астық бастырғаны белгілі. Сондай-ақ, Ел Президентінің тапсырмасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» жобалалары алғашқы болып біздің облыста нәтижелі аяқталды. Осындай жағымды жағдайлар мен кейбір кем-кетікті де аймақ басшысы сын көзбен талдап, талқылап берді.

Биылғы басты жетістіктердің бірі – жуырда Бурабайдың баурайында өткен Ұлттық құрылтайдағы Мемлекет басшысының Ақмола облысының даму әлеуеті зор екенін айтып, жоғары баға бергенін алға тартқан аймақ басшысы алдағы уақытта қолға алынатын Астанадан Торғай арқылы өтетін Транс-Каспий жолына шығатын жол торабына Ақмола облысының аумағындағы 17 елді мекен арқылы өтетін 350 шақырымдай жол кіргенін атап өтті.

Сессиядан кейін Марат Ахметжанов облыстың бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, брифинг өткізді. Онда өңір журналистері облыстың дамуына қатысты халықты толғандырған бірқатар өзекті мәселелерді көтерді.

Сессияда талқыланған мәселелер мен брифинг туралы газетіміздің келесі санында оқи аласыздар.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар