Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Степногорск қаласы әкімінің орынбасары Қабдолла Орынбасаров көктемгі су тасқынына дайындық шаралары барысында тиісті мекемелермен сегіз меморандумға қол қойылғанын мәлімдеді.
Оның ішінде төтенше жағдай кезінде халыққа медициналық және басқа да шұғыл көмек көрсету, дәрі-дәрмек, азық-түлік және өзге де тұтынатын заттарды жеткізу бойынша да қызметтер бар. Степногорск қаласы Ақмола облысының шығысына қарай орналасқан. Жалпы, 290 500 гектар аумақты қамтиды. Қазіргі уақытта қала әкімдігі осы аумаққа кіретін елді мекендер мен ауылдарды қызыл судан сақтап қалуды көздеп, тиісті дайындық шараларын жүргізіп жатыр. Қала әкімінің орынбасары көктемгі тасқын кезеңі қалыпты өтуі үшін бар мүмкіндік қарастырылып жатқанын айтады. Тас-түйін дайындалғанның өзінде табиғаттың тосын мінезі тосырқатып тастауы әбден мүмкін. Оған дәлел өткен жылғы елімізде орын алған алапат тасқынның зардаптары. Сол үшін де арқаны кеңге салуға ешбір болмайды. Мұндайда дайындықтың аты дайындық. Осыны жете түсінген қала әкімдігі мен құтқару қызметі 115 тонна инерттік материалдар, бес мың дана қап, он тонна жанар-жағар май әзірлеп қойған.
Сонымен қатар, облыс әкімінің су тасқынына дайындық шараларын жеделдету жөніндегі тапсырмасына сәйкес бүгінде аймақта бірқатар жұмыстардың басы қайырылған. Мысалы, Қарабұлақ ауылында Сарыарқа көшесінің бойындағы арық түбі тереңдетіліп, су өткізу тұрбалары ауыстырылған. Сондай-ақ, Изобильный ауылындағы Сілеті өзені арнасының 70 метрі тазаланып, тереңдетілген.
Қала әкімдігінің бюджетінен көктемгі су тасқынын болдырмау, оның алдын алу және салдарларын жою сияқты жұмыстар үшін барлығы 172,3 миллион теңге бөлініп, атқарылуға тиісті барлық шаруалар мерзімінде орындалып жатыр. Биыл қаланың орталық көшелеріне түскен қарды уақытылы шығаруға да коммуналдық қызмет орындары белсене кіріскен. Бұл мақсатқа 180,3 миллион теңге бөлініп, қыс бойы қаладан 160 000 текше метр қар шығарылған. Ал, Сілеті өзенінің мұз қабатын жару жұмысын «Алтыналмас» компаниясы өз міндетіне алып, толық орындап берген.
Брифингте осылайша көктемгі су тасқыны кезеңін қалыпты жағдайда өткізу үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылып жатқаны айтылды. Төтенше жағдайды ауыздықтап, су шеңгелінде қалып қойғандарды құтқару және оларға басқа да көмек көрсету үшін азаматтық қорғаныс пен күштік құрылымдардан 124 адамнан тұратын жеке құрам арнайы оқытылып, дайындалған. Олар кез-кез келген тосын жағдайда өз міндеттеріне дереу кіріспекші. Сонымен қатар, апаттың алдын алуға және болдырмауға 55 арнайы инженерлік техника бөлінген. Бұл техникалардың біразы қазіргі уақытта өзен арналарын тереңдету, кеңейту сияқты жұмыстарда қолданылып жатыр. Пәленің бетін аулақ қылсын, алайда, алда-жалда қатер төніп, баспанасын су басып, қайда барарын білмей қалатын тұрғындар үшін бес бірдей эвакуациялық пункт дайындалған. Келген апатты көпшілік болып еңсеруге қаладағы мешіт пен мектептер де қалыс қалмай, ондағы жайлы орындардың тұрғындарға уақытша баспана болу жағы қарастырылып жатыр. Мұндай апат кезінде әрине, алдымен халыққа қажеттінің бірі дәрі-дәрмек екені даусыз. Бұл тұрғыда жас балалар мен қарттарды, аяғы ауыр әйелдер мен науқастарды дәрі-дәрмекпен қамту аса маңызды. Бүгінде көпбейінді қалалық аурухана мен «VIAMEDIS» филиалына дәрі-дәрмек қоры қажетті мөлшерде жеткізілген. Осылайша, брифинг барысында қала әкімдігінің тасқынның беті қайтқанша күшейтілген режиммен жұмыс істеп, тиісті шаралардың барлығын уақытылы әрі сапалы орындауға әзір екендігін байқадық.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.