Сенбіліктер өткізіліп, қар шығарылуда

Тасқынға – тосқауыл

Өткен жылғы көктемгі су тасқыны жергілікті билікке үлкен сабақ болды. Биыл су басу қаупінің алдын алу мақсатында өңірлерде өзен арналарының түбін тереңдетіп, түзету жұмыстары жүйелі жүргізіліп, бөгеттер салынып жатыр.

Қыс бойы аймақта қар тазалау және шығару жұмыстары тоқтаған жоқ. Себебі, су тасқыны тудыратын жағдайлардың бірі – уақытында тазартылмаған көшелер мен аула аумақтары. Әкімдіктердің мәліметінше, облыс бойынша 2,5 миллион текше метрден астам қар шығарылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда бірнеше есе көп. 345 шақырымнан астам су бұру арналары мен нөсерлік кәріз жүйелері тазартылып, 140-тан астам елді мекенде сенбіліктер ұйымдастырылды. 243 ауыл мен қала қар тазалаумен қамтылып, бұл жұмысқа орта есеппен 452 арнайы техника жұмылдырылды.
Өткен демалыс күндері ақмолалықтар жаппай сенбілікке шығып, оған 10 мыңға жуық адам қатысты. Өңірдің 20 ауданы мен қалаларының тұрғындары аулаларын қардан тазартып, оны белгіленген орындарға шығарды. Сенбілікке қатысушылардың ең кішісі – Жақсы ауданынан келген 5 жасар Батыр.

Тек Көкшетау қаласының өзінде сенбілік аясында коммуналдық қызметтер 9 мың текше метр қар шығарды. Жұмысқа 25 арнайы техника жұмылдырылды. Сондай-ақ, су тасқынына қарсы шаралар аясында «КөкшеТазалық» ЖШС қосымша 6,7 мың текше метрден астам қарды тазалады.

– Ақмола облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, көктемгі су тасқыны кезеңін қауіпсіз өткізу және еріген қар суының тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға жайылуын болдырмау мақсатында Көкшетауда алғаш рет ауқымды сенбілік өтті. Жалғыз тұратын 7 зейнеткердің аулалары тазаланып, Остапенко көшесінен Шевченко көшесіне дейінгі қосалқы канал бойына 600 қап инертті материал төселді, – деді Көкшетау қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев.

– Бұл іске әр адамның үлесі маңызды екенін түсінуіміз керек. Сондықтан, бүгін көршілерімізбен бірігіп, үйдің маңын қардан тазаладық. Бұл – біздің қауіпсіздігіміз үшін қажет шара. Осы орайда, барша тұрғындарды аулаларын қардан тазартуға шақырамын, – деді Станционный ауылының тұрғыны Ғалымжан Бекмағамбетов.

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар