Барлық бағытта да тұрақты даму жолындамыз

Сессия

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезекті 18-ші сессиясына қатысып, депутаттар алдында өңірдің 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есеп берді және 2025 жылы бастау алған жобаларға тоқталды. Сессияны Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Саят Сыздықов  жүргізді.

Сессияға облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық мәслихаттың депутаттары, аудандар мен қалалардың әкімдері, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары қатысты және аудандық, қалалық мәслихаттардың төрағалары мен депутаттары бейнебайланыс арқылы қосылды.

Сессияның күн тәртібі бойынша облыс әкімі Марат Ахметжанов өңірдің 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын баяндап, алдағы жылға жоспарланған даму бағыттары бойынша қолға алынған жобалар жайында кеңінен тоқталып өтті.

– Өткен жыл біраз қиыншылықтар мен бірқатар табыстарға толы жыл болды. Біз Мемлекет басшысы алға қойған негізгі міндеттерді орындай алдық деп санаймын. Көлемді жобаларды іске асырдық, сол арқылы алдағы уақытта да осындай ірі бастамаларды жалғастыруға берік негіз құрдық деп айта аламыз. Бүгін атқарылған жұмыстарды бағалап қана қоймай, жақын болашақта бар күшімізді жұмылдыратын басым бағыттарды анықтаймыз. Экономиканы дамыту, инвестициялар тарту, инфрақұрылымды жақсарту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту – біздің басты міндетіміз, – деп баяндамасын бастаған облыс әкімі өңірдің негізгі даму көрсеткіштеріне тоқталды.

Өткен жылы көктемгі су тасқыны кезінде еліміз бойынша төтенше жағдай орын алып, өңірдің бірқатар қалалары мен аудандары да осы бір апатты кезеңді бастарынан өткеріп, қызыл сумен алысты. Десе де, Үкіметтің қолдауымен тұрғын үйлерін су басқан отбасылардың баспаналары қалпына келтіріліп, бірқатары жаңа жайлы пәтерлермен қамтылды. Сонымен бірге, былтыр ауыл шаруашылығы саласында да тарихи нәтижеге қол жеткізіліп, 6,6 миллион тонна астық бастырылғаны белгілі. Сондай-ақ, ел Президентінің тапсырмасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы алғашқы болып біздің облыста нәтижелі аяқталды. Осындай жағымды жағдайлар мен кейбір кем-кетікті аймақ басшысы өз сөзінде сын көзбен талдап, талқылап берді. Және бір атап өтерлігі, әкімнің есебінде айтылғанындай, өткен жылды Ақмола облысы экономикалық даму өсімі бойынша негізгі 5 көшбасшы өңірдің қатарына енді.

Сонымен бірге, Марат Ахметжанов өз сөзінде Ұлттық құрылтайдың хан ордасы – көрікті Бурабайдың баурайында өткендігінің маңыздылығына тоқталды. Соның ішінде Мемлекет басшысының облыстық әлеуметтік-экономикалық дамуына оң баға бергенін айта келе, алда Қосшы қаласында халықаралық стандарттарға сай колледж ашу жоспарланып отырғанын, Бурабайда 1200 орындық жаңа Конгресс-орталықтың құрылысы қолға алынатынын, онда 3 мың адам жұмыспен қамтылатынын, биыл Көкшетауда Қазақстанда теңдесі жоқ көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы басталатынын тілге тиек етті. Осы жобаларды жүзеге асыруға ел қазынасынан қыруар қаржы бөлінбекші.

– Бұл жобалардың жүзеге асуы өңірдің дамуына зор серпін береді. Жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрғындардың өмір сүру сапасы артады. Сонымен қатар, бұл бастамалар инвесторлар мен туристер үшін өңірдің тартымдылығын арттырады. Ең бастысы – бұл ұзақ мерзімді жоспар емес, біз бұл жобаларды дәл қазір жүзеге асыра бастаймыз, –деді Марат Мұратұлы.

Сессияда аймақ басшысы өңірдегі көлік инфрақұрылымын дамыту қарқынды жүріп жатқанына да назар аударды. Мәселен, Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы биыл жаңа республикалық автожолдың құрылысы басталып, ол Астананы Арқалық, Торғай және Ырғыз қалаларымен байланыстырып, Транскаспий халықаралық бағытына шығуға мүмкіндік беретінін айтқан болатын. Осы жолдың бойындағы 300 шақырымнан асатын аумақтың  Ақмола облысы арқылы өтетіні бізді де қуантуда. Яғни, орталық пен батысты жалғайтын жол бойында орналасқан бірқатар маңызды жол тораптары жөнделіп, ретке келеді. Атап айтқанда, Целиноград, Егіндікөл, Атбасар және Жарқайың аудандарының 17 елді мекенін басып өтетін жол кіреді. Бұл елорда мен батыс өңірлер арасындағы көлік қатынасын айтарлықтай жақсартады деген сөз.

– Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту – біздің басым міндеттеріміздің бірі. Өткен жылы өңірде жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына 106 миллиард теңге бөлініп, 800 шақырымнан астам жол жаңартылды. 2025 жылы тағы 450 шақырым жол жөнделеді. Бұл мақсатқа 62,3 миллиард теңге қарастырылады. Жөндеу жұмыстары республикалық маңызы бар жолдармен қатар, елді мекендердегі көшелер мен жолдарды қамтиды, –деп атап өтті аймақ басшысы.

Сессияда өңір басшысы ауыл шаруашылығы саласына да ерекше мән берді. Себебі, аграөнеркәсіп саласы облыстың негізгі даму тірегі. Бұл орайда, Марат Мұратұлы агроөнеркәсіптік кешенді жаңғыртуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен инвестициялық жобалардың саны жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті. Өткен жылдан бері облыста 5 ірі тауарлы-сүт фермасы іске қосылып, бұл кешендер 5 мыңнан астам ірі қара малға арналғанын, осы жаңа жобалар сүт өндірісінің көлемін ұлғайтып қана қоймай, Ақмола облысын елдегі жетекші мал шаруашылығы орталықтарының біріне айналдыруға ықпал ететінін айтты.

– Биыл біз 1200 басқа арналған тағы екі сүт фермасының құрылысын аяқтаймыз. Бұл тауарлы сүт өндірісін 40 мың тоннаға көбейтуге мүмкіндік береді, яғни, қазіргі көрсеткіштен 1,5 есе артық болады, – деді бұл орайда.

Жалпы, Ақмола облысы Астананың азық-түлік белдеуі ретінде еліміз үшін маңызды стратегиялық аймақ болып табылады. Облыс елорда мен басқа да өңірлерді жоғары сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді.

– Мамыр айында «Далиан Хэшенг» компаниясы «Ақмола» индустриалды аймағында астықты терең өңдейтін зауыт құрылысын бастайды. Өндірілген өнім бастапқы шикізаттан 10-15 есе қымбат болады, бұл Қазақстанның астыққа қосылған құнын арттырып, оның экспорттық әлеуетін күшейтеді. Сонымен қатар, қытайлық компания Қазақстанда астық биржасын құруды ұсынды, ол біздің облысымыздан бастау алады. Бұл өнімді тұрақты түрде сатуға, жаңа технологияларды енгізуге және астықтың сапасын халықаралық деңгейге жеткізуге мүмкіндік береді, – деді баяндама барысында облыс әкімі Марат Ахметжанов.

Жалпы, азық-түлік белдеуінің шекаралары 300 шақырымдық аймақты қамтиды, оған облыстың 17 ауданы кіреді. Қазіргі уақытта өңірдегі 125 кәсіпорын астанаға тұрақты түрде ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізумен айналысады. Сөйтіп, күн сайын астанаға 130 тонна сүт өнімдері, 80 тонна ет және 700 мың жұмыртқа жіберіледі.

– Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тек облыс экономикасын нығайтып қана қоймай, оның бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Қазір біздің алдымызда өсу қарқынын қолдап қана қоймай, ауыл шаруашылығын жаңа тиімділік деңгейіне көтеріп, қайта өңдеу көлемдерін ұлғайту және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы стратегиялық міндет тұр, – деді бұл бағытта да Марат Ахметжанов.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайда агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында жуық арадағы 5 жыл ішінде ауыл шаруашылығы өнімін 2 есеге, саладағы еңбек өнімділігін 3 есеге арттыру міндетін қойды. Осы орайда, аймақта агроөнеркәсіп кешені мен ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ерекше екпін берілмекші. Биыл да жақсы көрсеткішке қол жеткізу үшін көктемгі егіс науқанын ойдағыдай өткізу мақсатында «Кең Дала-2» бағдарламасы бойынша 65 миллиард теңге қаржы бөлініп, 385 шаруа қожалығына қолдау көрсетілді.

– Мемлекеттік қолдау жұмыстары субсидиялау түрінде жалғасуда. Оған 51 миллиард теңге бөлінді. Қазіргі уақытта өткен жылдың кредиторлық қарызын өтеу жұмыстары жүргізілуде. Шамамен 32 миллиард теңге төленді, ал, 15 сәуірге дейін қарыз толық өтеледі. Агроөнеркәсіп саласының дамуына осылайша қаржыландыру арқылы мүмкіндік беріледі, – деп атап өтті облыс әкімі.

Ақмола облысы халықаралық ынтымақтастықты дамытуды белсенді түрде жалғастыруда. Өңірдің экспорттық әлеуетін кеңейту аясында Эстонияның «Муга Грейн Терминал» астық терминалымен меморандумға қол қойылды. Бұл Еуропаға астық жеткізу көлемін арттырып, нарықтарды кеңейтуге жол ашады.

Облыс әкімі сессияда өңірде жылу, су және электр желілері, сондай-ақ, газдандыруды дамытуға бағытталған ауқымды жобалардың басталғанын да атап өтті. Нақтырақ айтсақ, Көкшетау қаласында жаңа жылу электр станциясын салу негізгі жобалардың бірі болып отыр. Жұмыстар өткен жылдың тамыз айында басталған, ал, 2028 жылға қарай станция қалаға жылу тарататын болады.

– Басқа бағыттар бойынша да жұмыстар жалғасуда. Нұра су құбырының реконструкциясы аяқталып, Егіндікөл ауданындағы тұрғындар ауыз сумен қамтамасыз етілді. Көкшетауда су тазарту қондырғылары салынды, жақын арада іске қосылады. Электрмен жабдықтау саласында биыл 43 шақырым жаңа желі енгізілмек, сондай-ақ, Көкшетау мен Қосшыда екі қосалқы станцияның құрылысы басталады. Газдандыру жұмыстары жылдам қарқынмен жүргізілуде: Аршалы ауданындағы 17 ауыл газбен қамтылды, биыл Нұрлы ауылына газ жеткізіледі, ал, жылдың соңына дейін тағы 9 елді мекенге, оның ішінде Қосшы қаласы мен Қоянды, Талапкер ауылдарына газ жүргізіледі. Бұл 150 мың тұрғынды газбен қамтуға мүмкіндік береді. Бұл жобалар өңір тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсартады, – деді облыс әкімі.

Ақмола облысында туризм саласын дамыту да басты басымдықтардың бірі. Бурабай курорты еліміздің туристік әлеуеті зор басым орталықтарының үштігіне кіреді.

– Жуық арада Бурабайда 60 миллиард теңгеден астам қаражатқа инвестициялық жобалар жүзеге асырылатын болады. Президент айтқанындай, облыстың табиғи және сокральді объектілерін біріктіретін бірыңғай туристік кластер қалыптастырылады. Бұл ретте, тек қана Бурабай емес, Зеренді, Сандықтау, Ақкөл сияқты перспективалы аймақтарды да дамыту қажет. Сонымен қатар, биыл 20 мектепті реновациялау жоспарланды. Яғни, оларға күрделі жөндеу жүргізіледі. Біз оған 8,5 миллиард теңге бөліп отырмыз және оны жабдықтауға 800 миллион теңге қарастырдық. Сапалы және қолжетімді медицина халқымыздың денсаулығы мен байлығының негізі. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде өткен жылы ауылдық жерлерде 28 медициналық мекеме салынды. Ағымдағы жылы тағы 10-ын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жеке инвестиция есебінен Көкшетау қаласында 630 төсек-орындық көпбейінді аурухана құрылысын бастаймыз. Аяқталу мерзімі келесі жылдың аяғына дейін деп көзделген, – деді әлеуметтік саланы дамыту бағытында Марат Ахметжанов.

Жалпы, аймаққа инвестиция тарту маңызды мәселе. Бұл жұмыс қашан да жіті бақылауда. Былтыр облыстың негізгі капиталына 563 миллиард теңге тартылды, оның 60 пайызы жеке инвестициялар. Биыл жыл соңына дейін инвестиция көлемін 1 триллион теңгеге жеткізу мақсаты қойылып отыр.

Сессия соңында аудандық мәслихаттардың төрағалары аймақ басшысының жұмысына оң баға беріп, қол жеткізілген нәтижелер мен алдағы негізгі міндеттерді тағы бір пысықтап өтті.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар