Өткен аптада Көкшетау қаласының қақ ортасынан егде жастағы азаматтарға арналған «Белсенді ұзақ өмір» орталығының салтанатты ашылуы болды. Шараға қатысқан облыс әкімі Марат Ахметжанов жаңа инновациялық жобаның мән-маңызына тоқтала келе, қарттарымызды көптен күткен орталықтың ашылуымен құттықтады.
Бұл орталық елімізде бастау алған «Белсенді ұзақ өмір» ұлттық бағдарламасы аясында халықаралық тәжірибеге негізделіп жүзеге асырылып отыр. Жобаның мақсаты да сол зейнет жасындағы адамдарға қолайлы жағдай жасап, денсаулықтарын нығайтып, олардың қоғам өміріне белсенді араласу мүмкіндіктерін кеңейту үшін қолға алынған. Орталықтың директоры Бақыт Смағұл қаламыздағы ашылған бұл орталық, әсіресе, күні ұзақ жалғыз отыратын кейбір қарттарымыз үшін қолайлы әрі жанға жайлы орын болатындығына сенім білдірді.
– Бұл ғимарат толықтай жаңартылып, зейнеткерлердің әртүрлі қажеттіліктерін қамтамасыз ететін қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен жабдықталды. Орталықтың негізгі қызметі емдік дене шынықтыру, йога және скандинавиялық жүріс, вокал, хореография, қолданбалы қолөнер шеберліктерін дамыту, шахмат, тоғызқұмалақ, асық ату секілді ойындарға қызығушылықты арттыру, компьютерлік білім алу және жаңа тілдерді меңгеру бағыттарын қамтиды, – дейді ол мұндағы қарттарға жасалған мүмкіндіктерді атап өтіп.
Көкшетау қаласының құрметті азаматы, бүгінде 85 жасқа толып отырған Сәкен Тәңірқұловпен тілдескенімізде, орталықтың ашылып, қарттарымызға зор мүмкіндік жасалып отырғанына қуанышты екенін жеткізіп, облыс әкімдігінің бұл бастамасына зор алғысын білдірді.
– Мен «Қамқор» автосервисінде 45 жыл еңбек еттім. Отыз жеті жасымда сол мекемеге жұмысқа келіп, кейіннен басқарушы қызметіне дейін өстім. Шахматпен жасымнан айналысамын. Менің ұжымды басқарған жауапты қызметіме шахматтың пайдасы көп болды. Ол алдымен адамның санасын сергітеді, ой-қиялына өз ықпалын тигізеді. Әлі күнге дейін шахматтан қол үзбей келемін. Негізі, шахматты дамытсақ, ол тіпті, кәсіптің пайда әкелетін түріне айналатынына да сенімдімін. Бірақ, бұл жағы тек әуесқойлық бағыттан аспай жатыр. Өзіңіз байқасаңыз, мұнда келіп шахмат ойнайтындардың дені 70-80-нен асқан қариялар екенін көресіз. Ең бастысы, бізге осындай жарық әрі жайлы ғимаратты ұсынып, өзіміздің сүйікті ісімізбен шұғылдануымызға жағдай жасап берген облыс әкіміне алғысымыз шексіз, – дейді Сәкен Тәңірқұлов.
Расында, орталық кірген сәттен бастап, кез-келген адамды ішкі әсемдігімен, көрер көздің жауын аларлықтай жайлы бөлмелерімен баурап әкетеді. Біз өз кезегімізде осы жұмысты бастан-аяқ атқарып шыққан жобаның дизайнері Жанар Шаяхметованы сөзге тарттық. Осы жұмысы үшін салтанатты шарада облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталған Жанар бізге ғимараттың ішкі әрлеу жұмыстарындағы ерекшеліктерді айтып берді.
– Маған осы жобаның дизайнын жасау туралы ұсыныс түскенде қатты қуандым. Бұл жер үлкен кісілерге арналған орын. Сондықтан, мен өз жұмысымды қарттарымызға деген үлкен құрметпен, қамқорлықпен жасадым. Түстерді қолданғанда көзге қатты түспейтін, олардың жан дүниесін шаршатпайтын жылы, жағымды түстерді қолдануға тырыстым. Декорация кезінде де салқындықтан хабар беретін шешімдерден аулақ болуға тырыстым. Ең бастысы, мұнда келушілерге дәл үйдегідей жағдай туғызуды басты мақсат еттім, – дейді Жанар Шаяхметова бүгінде аяқталып, өз жемісін берген жобасы туралы айта келіп.
Сондай-ақ, шарада Франция мемлекетінен халықаралық күміс университеттер қауымдастығының президенті, профессор Франсуа Веллас онлайн байланысқа шықты. Ол бүгінгі орталықтың ашылуымен құттықтап, бұл жоба халықаралық негізге ие болып, қолдау тауып жатқанын жеткізді.
– Қазақстанда мұндай орталық қателеспесем екі қалада ғана бар. Көкшетау бұл бастаманы алғашқылардың бірі болып, қолға алып отыр. Бұл әрине, қуантады. Мен алдағы уақытта қазақ еліне барып жатсам, Көкшетаудағы осы орталыққа міндетті түрде кіріп шығамын, – деді ол.
Негізен орталықтың жұмысы егде жастағы адамдардың денсаулығын нығайта түсуге бағытталған. Сол себепті орталықта арнайы медициналық пункт ашылып, ондағы дәрігерлер әр қатысушының денсаулығын бақылауда ұстайды. Сондай-ақ, бұл жерде ақпараттық база әзірленіп, зейнеткерлердің қажеттіліктері жан-жақты зерттеледі.
Орталықтың кабинеттерін түгелімен аралап шығып, акт залында жалғасқан салтанатты жиында облыс әкімі Марат Ахметжанов жобаны жүзеге асыруға атсалысқан бірқатар азаматтарға, кәсіпкерлерге және меценаттарға өзінің Алғыс хатын табыстады. Шарада сонымен қатар белсенді ұзақ өмір сүруге ұмтылған қарттардың бірқатары денсаулығын жақсарта түсуге ықпал етерлік тегін сертификаттарға ие болды.
Сонымен қатар, жиын соңында Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті мен аталмыш орталық арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Өңір қарттарына құлаққағыс ретінде айтарымыз, қазірден бастап орталықта көрсетілетін қызметтерге өтінімдер қабылдануда. Бірер күнде мұнда бұрын басқа орында орналасқан Көкшетау қалалық ардагерлер Кеңесі де қоныс аударып, бәрі бір жерде болғандықтан, аға ұрпақ өкілердеріне одан сайын қолайлы жағдай туғызыла түспекші.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
8 Total Views , 1 Views Today