Облыс орталығы Көкшетау қаласында ұлттық дәстүрімізді дәріптеген ерекше шара – кимешек киген аналардың шеруі Қазақстан рекордтар кітабына енді. Аталған шеруге 1600 ақ жаулықты аналар мен апалар, аяулы қыз-келіншектер қатысып, ата салт-дәстүріміздің өміршеңдігін айғақтады.
– «Кимешек шеруі – жай ғана іс-шара емес, бұл – ұлттық дәстүрдің ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқандығының айқын дәлелі. Бүгінгі күн Көкшетау тарихындағы жарқын сәттердің бірі ретінде есте қалады, – деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.
Шерудің алдыңғы қатарында өңірдің дамуына, мәдениетінің өркендеуіне үлес қосқан танымал тұлғалар жүрді. Олардың қатарында Қазақстанның халық әртісі Жібек Бағысова, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Бисара Макенова, мәдениет қайраткері Орынтай Жүсіпәлина, тілтанушы Марал Жақыпова, ұлттық киім шебері Ұлжалғас Қарымсақова, қолданбалы өнер шебері Гүлнәр Орынбаева, Аналар кеңесінің төрайымы Айнұр Жахина және көпбалалы ана Анаргүл Мұхамедрахимова бар. Сондай-ақ, көпбалалы аналар, ұстаздар, дәрігерлер, өнер адамдары мен өзге де сала өкілдері осынау игі істің бел ортасынан көрінді. Солардың қатарында біздің «Ақмола-«Тіршілік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты Ақмола облыстық «Арқа ажары» және «Акмолинская правда» газеттерінің ұжымы да болды.
Сонымен қатар, бұл игі шараға Астана мен Солтүстік Қазақстан облысынан келген нәзік жандылар да қосылды. Оған қоса, әртүрлі ұлт өкілдерінің қатысуы бұл шерудің ел бірлігін ұлықтаған маңызы зор мәдени оқиға екенін паш етті.
– Бүгін 1600 ана кимешек киіп, ұлттық дәстүріміздің мәртебесін асқақтатты. Бұл – ел тарихындағы айрықша оқиға, – деген Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі Бақытжан Тастүлеков бұл шеруді рекорд ретінде тіркеп, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановқа арнайы сертификат табыстады.
«Ақ кимешек» шеруі Абылай хан алаңындағы басты сахнада LED-экран арқылы тікелей көрсетіліп, қала тұрғындары мен қонақтарына ұмытылмас әсер сыйлады.
Бұл шара Көкшетау тарихында ұлттық дәстүрді жаңғыртудың, өткен мен бүгінді сабақтастырып, ұрпақтар байланысын нығайтудың жарқын бейнесі ретінде өңір тарихына енетіндігі айдан анық.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
5 Total Views , 1 Views Today