Су тасқынын болдырмау шараларымен танысты

Үкімет назары

Қазақстан Республикасы Премьер министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Ақмола облысында болып, көктемгі су тасқыны жағдайымен танысты. Онымен сапар барысында облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан бірге болды.

Сапар барысында ол гидротехникалық құрылыстарды қарап шығып, Целиноград, Аршалы, Астрахан және Атбасар аудандарында жүргізілген су тасқынына қарсы шараларды бағалады.

Сонымен қатар, Астана су қоймасының бүгінгі жағдайын бақылаған комиссия құрамы қойманың қазіргі уақыттағы су ағу көлеміне қарап, жақын маңдағы елді мекендерге қауіп төнбейтіндігіне көз жеткізді. Бұған дейін қосымша қорғаныс шарасы ретінде Аршалы ауданының Жібек жолы ауылында «Демеу Қазақстан қоры» қорының қаражаты есебінен ұзындығы 6,3 шақырым қорғаныс бөгеті салынған болатын. Соның нәтижесінде бүгінде бұл елді мекендерді су басу қаупі айтарлықтай төмендеп отыр.

Сапар барысында сондай-ақ, Целиноград ауданындағы Талапкер және Қоянды ауылдарында жүргізілген су тасқынына қарсы шаралар тексерілді. Бұл елді мекендерде еріген қар суын бұру үшін арнайы айналып өтетін каналдар салынған болатын.

Ералы Тоғжанов Старый Колутон ауылындағы Колутон өзенінің 3,6 шақырым арнасын тазалау және тереңдету жұмыстарының барысымен танысты. Бұл жұмыстар «Демеу Қазақстан қоры»  демеушілердің қаражаты есебінен жүргізіліп жатыр.

Сонай-ақ, ол Атбасарға арнайы ат басын бұрып, ауданды жыл сайынғы су басу қаупін ескере отырып, Жабай өзенінің арнасын тереңдету және кеңейту жұмыстарының орындалу барысына назар аударды. Мұнда да дайындық шаралары қызу жүргізіліп, үш су өткізгіш шлюз салынып, жаңа құрылыстарды еріген қар суынан қорғау үшін айналма канал жасалған еді.

Сапар қорытындысында жедел су тасқынына қарсы штабтың отырысы да өтті. Оған төтенше жағдайлар департаментінің, «Қазгидромет» АҚ филиалының және басқа да тиісті мекемелердің өкілдері қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан өз сөзінде су тасқыны кезеңі өңірде тұрақты режимде өтіп жатқанын атап өтті.

– Есіл, Жабай және Нұра өзендерінің негізгі бассейндерінде мұздың еруі байқалуда. Су тасқыны қаупін азайту үшін су айдындарынан суды сору және бұру жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, мұз кептелістерін жою үшін жарылыс жұмыстары жүргізілуде. Қазірдің өзінде 25 мың шаршы метрден астам мұз жойылды, – деді ол штаб отырысында сөйлеген сөзінде.

Су тасқынына қарсы іс-шараларға Астана, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл және Алматы облыстарынан ТЖМ күштері, сондай-ақ, Ақмола өңірінің аумақтық қорғаныс бөлімшелері жұмылдырылуда. Жиын соңында Ералы Тоғжанов жүргізіліп жатқан су тасқынына қарсы шараларға оң баға беріп, қауіптің алдын алу шараларын сапалы әрі уақытылы жалғастыруды тапсырды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

5 Total Views , 1 Views Today

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар