Су тасқыны қаупіне қарсы жедел әрекет ету тапсырылды

Әкім – іс үстінде

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапарымен Бұланды ауданында болып, көктемгі су тасқыны жағдайымен танысып, гидротехникалық құрылыстар мен әлеуметтік нысандардың жай-күйін тексерді.

Қазіргі уақытта ауданда су тасқынына қатысты жағдай тұрақты. Аудан орталығы Макинск қаласында өңір басшысы Омигово және Яглинский көшелерінің жағдайын қарап, тұрғындармен кездесті. Марат Ахметжанов аудан әкімі Ардақ Смаиловтың елді мекендердегі су тасқынына қарсы шараларды ұйымдастыру жұмысын сынға алды. Ол қардың уақытылы тазаланбауына және мердігер ұйымның өз міндеттемелерін дұрыс орындамауына назар аударып, су тасқынына қарсы шараларды дер кезінде және жедел жүзеге асыру қажеттігін айтты. Сондай-ақ, облыс әкімі қаладағы №1 жалпы білім беретін мектептің жағдайымен танысты. 1972 жылы салынған бұл мектепте биыл күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Қазіргі уақытта мектеп аумағы инертті материалдармен қоршалған. Марат Ахметжанов мектептер мен өзге де әлеуметтік нысандардың айналасындағы жағдайды қатаң бақылап, қауіптің алдын алу қажеттігін тапсырды.

Өңір басшысы Байсуат ауылы маңындағы Прохоров-Колоколов су қоймасының жағдайын да тексерді. Гидротехникалық нысан 5 миллион текше метр су жинауға қауқарлы. Өткен жылдың тамыз айында су қоймасын күрделі жөндеу жұмыстары басталған болатын. Мұнда үш құбырдан тұратын су өткізу жүйесі орнатылады. Жөндеу жұмыстарын биыл қараша айында аяқтау жоспарланған. Өткен жылдың соңында айналма каналдың негізгі бөлігі ашылды. Бұл қазіргі уақытта еріген қар суының қауіпсіз өтуін қамтамасыз етіп отыр. Марат Ахметжанов қоймадағы судың деңгейін үнемі бақылауда ұстап, туындайтын қауіп-қатерлерге жедел әрекет етуді тапсырды.

– Еріген қар суының қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету керек. Бұл су басу қаупінің алдын алып, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауға көмектеседі. Қазіргі уақытта су тасу қаупі бар учаскелердегі жағдайды бақылау қажет, – деп атап өтті бұл орайда, Марат Ахметжанов.

Сонымен қатар, өңір басшысы Вознесенка ауылындағы көпірдің жөндеу жұмыстарын тезірек аяқтауды тапсырды. Өткен жылдан бері мұнда күрделі жөндеу жүргізілуде. Жобаның жалпы құны – 823 миллион теңге. Қазіргі таңда көпірді бөлшектеу, қадаларды қағу, 5 тіректі бетондау, 40 темірбетон арқалықтарын орнату, асфальт жабындысының негізін дайындау және көпір қоршауын орнату жұмыстары аяқталды. Облыс әкімі ауылда су құбыры желілерін жүргізу, жолдарды жөндеу және елді мекенді абаттандыру жобасын аяқтауды тапсырды.

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Бұланды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар