Депутаттар сапары
Тұтастай еліміздегідей, Ақмола облысында тұрғын үй мен коммуналдық шаруашылық саласында түйткілді мәселелер аз емес. Күні кеше «AMANAT» партиясынан сайланған Мәжіліс депутаттары Екатерина Смышляева мен Юлия Кучинская облыс орталығы Көкшетау қаласына келіп, жұмыс сапарымен меншік иелері мен серіктестіктермен осы мәселе жөнінде өткізді.
Қаладағы көп қабатты тұрғын үйлердегі меншік иелерінің пәтер иелері кооперативтеріне өкпелері қара қазандай. Себебі көптеген тұрғын үйлердің жертөлелерінен бастап, су, жылу және кәріз жүйелерінің әбден тозығы жеткен. Ал, бұл тұрғындардың жайлы өмір сүруіне айтарлықтай кері әсерін тигізіп отыр. Осы мәселеге қаныққан депутаттар жиында мұны шешудің жалғыз жолы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша заңдарға түзетулер енгізу екенін атап өтті. Олар қазіргі таңда бұл мәселе бойынша жұмыстың қолға алынғанын, ол жуық арада өз нәтижесін беретінін айта кетті. Сонымен қатар, жиында халық қалаулылары күрмеуі қиын түйінді тарқатуда халыққа тиімді тұстарға баса назар аударылатынын айтады.
– Біздің міндетіміз саладағы жағдайды нашарлату емес, керісінше, жақсартуға күш салу. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық реформалары 2019 жылы басталған. Бүгінде түзетулер енгізудің ең соңғы кезеңіне жеттік. Әрине, түбегейлі өзгерістер болмаса да, заңға жағдайды жақсарту үшін түзетулер енгізілуі қажет, – деді Екатерина Смышляева.
Тұрғын үй иелері кооперативтері мен сенімді басқару компанияларына міндеттелген өзгерістер жайлы қысқаша айтып өткен депутат енді басқару жұмыстарына тұрғындардың өздері де белсенді қатысуға тиіс екенін ескертіп өтті. Бұл қабылданып жатқан реформада да бірінші кезекте тұрғындардың өзіне басымдық беріледі дейді ол. Бұған жылдар бойы елдің тұрғын үй қорында қордаланған мәселелер шектен тыс көбейіп, халықтың ащы жанайқайын тудырған жайттардың кең етек алуы себеп болып отыр.
– Біз алдымен басқару субъектісі мен формаларын ажыратамыз. Нәтижесінде заңды тіркелген меншік иелері бірлестігі мен тіркеусіз тікелей бірлескен басқару тетіктерін анықтаймыз. Бұл бізге әрі қарай жұмысты ашық әрі ықпалды жүргізуге мүмкіндік береді, – дейді Екатерина Смышляева жиында сөйлеген сөзінде.
Сонымен қатар, депутаттар жиында қажетті құжаттардың бірыңғай формасының қосымшаларымен үйлерді басқарудың ортақ ережесін құру жоспарланғаны жөнінде айта кетті. Сонымен қатар, тариф жайы да талқыға түсті. Оған өңір мәслихаттарымен бекітілетін айлық есептік көрсеткіш сомасына минималды тариф тіркеу жоспарланған. Олар дүрбелең туғызбай, инфляциямен бірге жыл сайын өсуі тиіс. Бұл минималды тариф үйдің салынған жылына және басқа да факторларға байланысты коэффициентпен қамтылуға тиіс. Қалған мақсатты жарналар жаңа жеделсаты орнату, жалпы тұрғын үйді және шатырды жөндеу сияқты қажеттіліктерге жұмсалмақ. Бұл әрине тұрғындардың келісімімен жүргізіледі.
Жалпы елімізде жыл сайын көп қабатты тұрғын үйлердің саны артқанымен, күні бүгінге дейін тек 6 мыңға жуық меншік иелері бірлестіктері құрылған болып шықты. Мемлекеттік органдар 39 мың қарапайым серіктестіктер құрылды деп ауыз толтырып айтқанымен, іс жүзінде олардың жұмыстары көпшіліктің көңілінен шықпай отыр. Кейбір тұрғын үйлер тіпті «иесіз» күйде қалған. Ал бұл үлкен апаттық жағдайға дейін әкеліп соғуы мүмкін. Үйлер бұзылып, тұрғындарға күрделі жөндеу үшін үнемі өз қалтасынан қомақты қаражат жұмсауға тура келмек.
Содан соң жиын барысында депутаттарға пәтер иелері кооперативтері мен тұрғын үй иелері бірлестіктерінің төрағалары жылдар бойы қордаланған түйткілді жайттардың шетін шығарды. Олардың ішінде әсіресе, тұрғындар қарызы мәселесі аса өткір. Мұны депутаттар да мақұлдады. Олардың айтуынша, бүгінде борышкерлерге ықпал ететін тетіктер іс жүзінде жоқ. Жеке сот орындаушылары коммуналдық төлемдермен айналысқысы келмейді. Ал, борышкерлер қандай да бір ауыр санкция алғанға дейін кемінде бір жылдан астам уақыт өтуі тиіс. Қазір қарызды өндіру мерзімі екі айға дейін қысқарған. Сонымен қатар, әкімшілік тарапынан айыппұлдарды заңдастыру, борышкерлердің есепшоттарына тыйым салу сияқты ұсыныстар бар. Сонымен бірге, кездесуде электр жарығының ақысын қасақана төлемеушілерді жарықтан ажырату жөнінде де ұсыныстар айтылды.
Кездесу барысында жиналғандар «Керемет» басқарушы компаниясына қатысты орын алған жайсыздықты талқылады. Осы мәселені ортаға салған тұрғынның айтуынша, компания тарапы тұрғын үйдің ауыстырылуға тиіс су және жылу құбырларын сатып жіберген. Нәтижесінде үйде апат болып, жылу жүйесі бұзылып, астындағы дүкен суға кеткен. Апат 15 минуттың ішінде тоқтатылғанымен, тұрғындар компанияның шығынды өтеуін талап етіп, істі сотқа берген.
Тұрғындар өз кезегінде заңға тұрғын үй салушыларға ортақ коммуникацияны сатуға тыйым салатын немесе сатылып кеткен жағдайда жаңа меншік иелеріне өз мүліктерін сақтандыратын нормаларды да енгізу қажеттігін сұрады. Бұл шатырға қолжетімділікті шектейтін жоғарғы қабаттардағы қоймаларға да қатысты. Сонымен қатар, құрылыс компаниялары тұрғын үйлерді тапсыру кезінде төтенше жағдай қызметінің бақылауынан өту қажеттілігі де ұсынылды.
Жиында бұдан өзге де күрделі мәселелер көтерілді. Мәселен, есептегіштерді ауыстыру жайы тұрғындар тарапынан аса үлкен резонанс тудырған. Өйткені, өңірде бұл процедуралар тарифке енгізілмей, тұрғындардың өз есебінен ауыстырылатын болған. Сондай-ақ, меншік иелері бірлестіктері кембағал жандарға арналған пандустарды орнату өздерінің міндеттеріне жүктелетінін де айтып өтті. Өйткені, жаңадан салынған тұрғын үйлердің басым бөлігінде пандустар сапасыз әрі дұрыс жұмыс істемейді. Егер сол үйде пандусқа мұқтаж адам тұратын болса, құрылғыны тұрғындар өз есебінен төлеп келген. Бірақ, кедергісіз ортаны құру мемлекеттің, оның ішінде әлеуметтік қорғау органдарының міндеті екені белгілі.
Сонымен қатар, сегіз тұрғын үй қарайтын «Дон» пәтер иелері кооперативі төрағасының айтуынша, жылу есептегіш құралдарға қызмет көрсетуді аталмыш заңға енгізу қажет. Ондағы көрсетімдерді сертификатталған инспекторлар алуы тиіс. Бірақ, жылумен қамтушы «Көкшетау Жылу» кәсіпорнының өзінде тиісті жабдық жоқ. Салдарынан есептегіш көрсетімдерін меншік иелері кооперативтері төлеуге мәжбүр болып, ол қаражат аталған жеке компанияның қоржынына түсуде.
Меншік иелері бірлестіктері қосымша құн салығы бойынша есепке қою межесін төмендету мәселесі де алаңдататынын атап өтті. Олардың айтуынша, жаңа ережелерге байланысты басқарушы компаниялар да салық төлеуге мәжбүр болып бұл тұрғындарға арналған тарифке де кері ықпалын тигізуде. Депутаттар бұл мәселенің қазір Парламентте талқыланып жатқанын атап өтті.
– Қазір бұл мәселе талқыланып жатыр. Біз тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында жұмыс істейтіндердің баршасына қосымша құн салығын нөлдік мөлшерлемеде ұсынуды көздеп отырмыз,-деді депутаттар.
Жиын соңында депутаттар бүгінгі қозғалған мәселелер мен ұсыныстар заңға түзетулер енгізу кезінде лайықты ескерілетінін алға тартты. Барлық түйткілді мәселелер алдағы уақытта Парламент қарауында тағы да көтеріліп, онда алдымен, халықтың ұсыныстары ортаға салынбақ.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.