Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов облыс орталығындағы Абылай хан алаңында өткен Наурыз мейрамына арналған салтанатты шараға қатысып, қала тұрғындарын және қонақтарын ұлыстың ұлы күнімен құттықтап сөз сөйледі және мереке құрметіне тігілген киіз үйлерді аралады.
– Наурыз – жаңару, ізгілік пен бірліктің мерекесі. Ата-бабаларымыз бұл күнді табиғаттың жаңаруының, молшылық пен берекенің символы ретінде атап өткен. Заманауи Қазақстанды құру кезеңінде бұл мейрам бұрынғыдан да терең мағынаға ие болып, баршамызды достық, ынтымақ пен еңбек секілді ортақ құндылықтар төңірегіне біріктіреді, – деді өңір басшысы өзінің құттықтау сөзінде.
Облыс әкімі ұлттық нақышта безендірілген басты киіз үйге кіріп, онда қойылған 40 метрлік LED-экраны бар интерактивті мұражаймен танысты. Көкшетауда алғаш рет ұйымдастырылған бұл ауқымды жоба қала тұрғындарына Наурыз мерекесінің тарихын бейнелейтін видеоматериалдарды тамашалап, ата-баба дәстүрлері туралы көбірек білуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, өңір басшысы қазақ халқының дәстүрлерін насихаттайтын он тақырыптық киіз үйді аралады. Мұнда «Бесікке бөлеу», «Құда түсу», «Сырға салу» сияқты ұлттық жоралғылар мен «Асық ату» сынды дәстүрлі ойындар көрсетілді.
Мерекелік бағдарлама аясында өңірдің шығармашылық ұжымдары дайындаған «Сән-салтанатты әз-Наурыз!» атты музыкалық-хореографиялық қойылым ұсынылды. Кештің көркін қыздырған қазақ эстрадасының жұлдыздары Жазира мен Жанболат дуэті, Мирас Жүгінісов және «Абырой» тобының, сол сияқты, жергілікті әнші-күйші, бишілердің өнері көрермендерін бір көтеріп тастады.
Одан әрі салтанатты шара Тәуелсіздік алаңында жалғасып, онда қазақ күресі, асық ату, арқан тарту сияқты 11 ұлттық спорт түрінен жарыстар өтті. Әсіресе, 80 келіден жоғары салмақтағы балуандар арасында өткен «Түйе балуан» сайысы ерекше қызығушылық тудырды.
Көкшелік тұрғындар мен қонақтар биылғы Наурыз мейрамын ыстық ықыласпен қарсы алғаны соншалық, салтанатты шараны тойлауға 25 мыңнан астам адам қатысты.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.