Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты мекемелер биыл да жыл басы – Наурыз мейрамын лайықты деңгейде атап өтті. Оған жылдағы дәстүр бойынша «Ақмола-«Тіршілік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты облыстық «Арқа ажары» мен «Акмолинская правда» газеттері мен «Aqmola News» сайтының ұжымы белсене қатысты.
«Наурыз тойы болғанда…» деп басталатын халық әртісі Роза Рымбаеваның әніндегідей көңіл күймен, ерекше ынтызарлықпен халқымыздың ежелгі дәстүрі бойынша Наурызнаманы тойлауға бәріміз де шын көңілден ат салыстық. Бір қуантарлығы, жер жаңарып, табиғат түлегенде келетін қазақтың жаңа жылы саналатын мерекеге тиісті назар аударылып, оны кең көлемде тойлауға пәрмен беріліп жатыр. Бұл жөнінде салтанатты дастархан басында мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев жете айтып өтіп, төл мейрамды халық болып тойлаудың мән-маңызына тоқталды.
– Биылғы наурызды тойлауда елімізде тұратын өзге де этнос өкілдерінің салт-дәстүрін, мәдениетін көрсетуді мақсат етіп отырмыз. Бұл біздің еліміздің ынтымақ-бірлігін, татулық пен тұрақтылығымызды айқындай түседі. Біз тәуелсіздіктің осы негізгі құндылықтарын көздің қарашығындай сақтап, әрі қарай нығайтуға тиіспіз. Қазақстандықтар бұл міндетті абыроймен атқарып келе жатыр. Алдағы уақытта да солай боларына кәміл сенемін. Әрдайым шаңырақтарыңыздан ырыс пен ынтымақ, игілік пен молшылық кетпесін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! – деді бұл орайда серіктестік басшысы Жабал Ерғалиұлы.
Шындығында да биылғы Наурызды тойлауға арналған бағдарламаға сәйкес, әр ұжым әр ұлттың салты мен мәдениеті көрініс табатын нөмір дайындауға тиіс болды. Бұған дейін жеребе бойынша анықталған ережеге сәйкес, қатысушылар өзіне міндеттелген тапсырманы бағдарламаның «Үй тапсырмасы» деп аталатын кезеңінде орындап берді. Біздің серіктестік ұжымы түрік халқының биін билеп, көрерменнің ықыласына бөленіп, өзіне міндеттелген жүкті абыроймен алып шықты. «Қоғамдық келісім», өңірлік коммуникациялар қызметі, оқыту орталығы, жастар-ресурстық орталығы сияқты өзге ұжымдар қазақ, татар, өзбек сияқты ұлттардың әнін айтып, биін билеп, Наурызнаманы қыздыра түсті.
Шараның мақсаты да еліміздің ұлық мерекесі Наурызды тойлай отырып, салт-дәстүрлеріміз бен ұлттық бірегейлікті сақтау болып отыр. Шарада құттықтау сөз сөйлеген Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова өңірде жыл сайын Наурызды тойлауға әсіресе, жастардың белсене араласуы қуантатынын айта келіп, барша қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, биылғы Наурыз мерекесіне «Арқа ажарының» Бақберген Амалбек, Советбек Мағзұмов, Рамазан Тілеуов сияқты ақпарат саласының ардагерлері арнайы шақыртылып, думанды тойдың төрінен көрінді.
Салтанатты дастархан басы әдеттегідей қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрлі тағамдарына толып, барлық ұжымдардың қызметкерлері көздің жауын алатын қазақтың ұлттық киімімен кеш көркін ажарландыра түсті. Содан соң әр ұжымнан ән айтып, күй шерткен қызметкерлер де болды. Осылайша сәні мен салтанаты келіскен Наурыз тойы жоғары деңгейде тойланып, дәстүріміз бен жол жоралғыларымыз тағы бір мәрте жаңғыра түсті.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі,
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.