Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен, 2025 жылғы 28 наурыз күні «Қоғамдық келісім» үйінде «Ономастиканың өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстел өткізілді.
 Шараға республикалық және облыстық ономастика комиссияларының мүшелері шақырылып, ал, қалалар мен аудандарда тіл саясатына жауапты бөлім басшылары мен мамандар ZOOM платформасы арқылы онлайн түрде қатысты.
 Шарада Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың ІV отырысында ономастика саласына қатысты берген тапсырмалары талқыланды.
Оның ішінде, құрамдас бөліктер мен елді мекендерге атау беру немесе атауларды өзгерту кезінде жерлестік пен тамыр-таныстыққа жол бермеу; Тарихи әділдік қағидатын қатаң ұстану; Жер-су атауларын және халық ішінде кең таралған дәстүрлі атауларды толық пайдалану; Халық арасында жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, міндетті түрде тұрғындардың пікірін ескеру; Қайта атау және атау беру жұмыстарын жүргізген кезде басымдылықты, ең алдымен, атауы қайталанатын немесе мүлдем атауы жоқ көшелерге беру; Сондай-ақ жекеменшік нысандарға берілетін атауларды бақылауда ұстау және т.б. мәселелер қарастырылды.
Ұлттық құрылтайға қатысқан жазушы, журналист, республикалық ономастика комиссиясының мүшесі Жабал Ерғалиұлы, Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры, филология ғылымдарының кандидаты, облыстық мәслихат депутаты, облыстық ономастика комиссиясының мүшесі Нұртас Ахатұлы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ғалымы, облыстық ономастика комиссиясының мүшесі Сәбит Нұрмұхамбетұлы, «Қазақстан» республикалық телерадио-корпорациясы» акционерлік қоғамы Ақмола облыстық филиалының директоры, облыстық ономастика комиссиясының мүшесі Берік Қайдарұлы және т.б. ономастика жұмыстары бойынша өз пікірлерімен бөлісті.
 Шараның соңында, дөңгелек үстелдің басқа да қатысушылары өз ойларын ортаға салып, ономастикалық жұмыстарды оңтайландыруға бағытталған ұсыныстарын айтты.