Мерей
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 13 мамырдағы №315 Қаулысымен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық институты Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясы болып қайта құрылды.
Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде осынау жоғары оқу орнының білім алушылар контингенті, сондай-ақ, штаты екі есе өсті. Ғылыми әлеует қалыптасты. Қосымша, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыру мүмкіндігі артты.
Қуанышбек Кәрменов осы ведомстволық жоғары оқу орнына қызметке 2000 жылдың мамыр айында жас лейтенант болып келді. Одан бұрын арнайы білім алғаннан кейін ол Ақмола облысы мемлекеттік өртке қарсы қызмет басқармасының №2 өрт сөндіру бөлімінде алдымен, мемлекеттік өрт қадағалау инспекторы, одан соң анықтау тобының анықтаушысы қызметтерін атқарды.
Айта кету керек, Қуанышбек әрдайым, оқушы кезінен бастап, өзінің міндеттеріне жауапкершілікпен қарайтын. Ол 1996 жылы орта мектеп бітіргенде аттестатында бірде-бір «үштік» болған жоқ. Кейін оқуының бірінші кезеңін 1999 жылдың мамыр айында үздік аяқтап, өрт қауіпсіздігі технигі біліктілігін алды. Ақмола мемлекеттік өртке қарсы қызмет гарнизонында қызмет атқара жүріп, өзінің еңбекқорлығы мен кәсібилігін танытты. Қазақстандық журналист Х.Қорғановтың «Отты шежіре» атты кітабында Ақмола гарнизонының жас қызметкерлері туралы қысқаша очерк бар, онда Қуанышбекпен сұхбаттың үзіндісі келтірілген. Мақалада автор оған: «Ғылыммен айналысқыңыз келмейді ме?» деген сұрақ қояды. Бұл сұраққа ол: «Иә, ондай арманым бар», – деп жауап қайтарған.
Иә, Қуанышбекті жоғары оқу орнында жұмыс жасасам деген құштарлық жетелейтін. Сол кезде Көкшетау техникалық институтына келген Қуанышбектің жоғары білімі болған жоқ, сондықтан, ол өзінің білімін сырттай жетілдіруді жалғастырды. Сөйтіп, жоғары оқу орнындағы алғашқы қызметін бастап, өрт профилактикасы кафедрасының арнайы пәндер кабинетінің бастығы болды. Оның негізгі міндеті кабинеттердің, зертханалардың, оқытудың техникалық құралдарының сабаққа дайындығын қамтамасыз ету еді. Ол оқытушылармен бірге гидравлика, электротехника, құрылыс материалдары бойынша зертханалық жұмыстар жүргізіп, өзін оқытушылық қызметке дайындады. Оның тәлімгерлері академияның бүгінгі ардагерлері Ю.В.Румянцев, К.М.Мұқышев және тағы басқалар болды.
2001 жылы Қ.Кәрменов жоғары білім беру бағдарламасы бойынша толық оқу курсын үздік бітіріп, дипломдық жобаны қорғап, өзінің жоғары кәсіби деңгейін дәлелдеп шықты. Сол жылдан бастап кафедрада оқытушылық қызметін бастады. Ал, 2009 жылы «Өрт профилактикасы» кафедрасының бастығы болып тағайындалды. Мұндайда жоғары оқу орнының кафедрасына жетекшілік ету кімге болсын, зор жауапкершілік жүктейді. Ведомстволық жоғары оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамы жоғары стандарттарға сай болуы қажет. Міндетті талап – жаңа білімді игеру, ғылыми қызметпен айналысу. Мұнда да Қуанышбек құлшыныс пен табандылық танытты. 2003 жылдан 2007 жылға дейін Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің аспирантурасында сырттай оқыды. Оқып бітіргеннен кейін техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады. Кандидаттық диссертация қорғау үшін тәжірибеге қоса, үлкен теориялық ізденіс пен білімділік қажет екені сөзсіз. Осы талап үдесінен шығып, 2007 жылдың көктемінде диссертациясын қорғағаннан кейін Қуанышбек қайта жұмысқа келді. Біз оны кездейсоқ штаб корпусының фойесінде кездестірдік. Сол кезде мен оны тоқтатып, құттықтап, жақын маңдағы қызметкерлерге мұндай адамнан үлгі алу керек екенін айтқаным есімде.
2019 жылы Қуанышбекке қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы берілді. Осылайша оның ғылыми біліктілігі кезекті мәрте расталды.
Бакалавриат мамандықтарының тізбесін кеңейту, магистратураны ашу, институтты академияға айналдыру сияқты жоғары оқу орнын дамытуға бағытталған іс-әрекеттерде К.К.Кәрменовтың тікелей қатысуымен жүзеге асырылған істер жетерлік. Кафедра бастығы ретінде ол өрт қауіпсіздігі бойынша екі зертхананың жұмыс істеуін жолға қойды, қазіргі уақытта олардың базасында академия курсанттары, магистранттары мен қызметкерлері өздерінің ғылыми зерттеулерін жүргізуде.
2023 жылы академия мемлекеттік аттестаттаудан сәтті өтті, сөйтіп, келесі 5 жыл ішінде оның білім беру қызметі мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарына толық сәйкес деп танылды. Өзі болса, 70-тен астам ғылыми және оқу-әдістемелік жұмыстар жазып, жариялады. Олардың кейбіреулері бүгінгі күнге дейін оқу процесінде қолданылады.
Кафедрадан, факультеттен жоғары лауазымдарға ауыса отырып, Қуанышбек әрдайым сабақтастықты сақтап, көптеген кадрларды түлетіп ұшырды. Ол академияның профессорлық-оқытушылық құрамының біліктілігін арттыруға көп көңіл бөледі. Оның ұсынысы бойынша академияның көптеген жас қызметкерлері шетелдік бейінді жоғары оқу орындарында білім алып, ғылым магистрлері мен кандидаттары дәрежесіне қол жеткізді. Бүгінгі таңда кафедралардың оқытушылары ірі өрттердің себептерін талдауға, командалық-штабтық жаттығуларға жиі қатысады.
2024 жылдың көктемінде ел өңірлерінде ауқымды су тасқыны орын алған кезде Қуанышбек Кәрменов академияның жиынтық жасағын ерікті түрде өзі басқаруды қолға алды. Осы уақытта академия курсанттары мен қызметкерлері облыстың су басқан аудандарында шағын топтарда жұмыс істеді. Қуанышбек басқарған жиынтық жасақ Целиноград ауданының Жібек жолы және Талапкер кенттерінде жауапты учаскелерде үйінділерді нығайтумен айналысты. Кейінірек өзі мойындағанындай, курсанттардың өмірі мен денсаулығына қатысты алаңдаушылық оны сол кезде жиынтық жасақтың құрамында қалуға мәжбүр етті. Сол жылы академияның жиынтық жасағы алға қойылған міндеттерді сәтті орындады, оның жұмысын су басқан аудандардың әкімшілігі мен халқы оң бағалады.
Қуанышбекті үлгілі отбасының тірегі ретінде білемін. Ол зайыбымен бірге бес бала тәрбиелеп отыр. Үлкен балалары студенттер, ал, кейінгі балалары балабақшаға барады. Мен оның әкесімен де таныспын. 1999 жылы ол Қуанышбектің оқу бітіру салтанатына келіп, ата-аналар атынан жиналған жұртшылық алдында сөз сөйледі. Сол кездегі Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар агенттігінің төрағасы Шалбай Құлмахановтың қолынан қызыл диплом алған ұлын мақтан тұтатынын айтты.
2009 жылы мен осы жоғары оқу орнындағы қызметтен демалысқа шықтым, бірақ, әрдайым сол кездегі институттың, қазіргі академияның жұмысына қызығушылық танытумен келемін. Анда-санда ондағы іс-шараларға да қатысамын. Әрдайым академияның бүгінгі жетістіктерін қадағалап, қуанып отырамын.
Осындайда Қуанышбек сияқты азаматтардың жас мамандар тәрбиесі мен олардың білім-білігі жолында аянбай еңбек етіп жүргеніне, осы бір ұлағатты ұстаздың қалыптасуында өз үлесім де бар екеніне кеудемді қуаныш сезімі кернейді.
Абай ҚҰСАЙЫНОВ,
академия ардагері.
Суреттерде: халықаралық онлайн семинарда; саптық байқау; отбасымен Бурабайда.