Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов: «Әр бастама халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған»

Газетіміздің өткен санында хабарлағанымыздай, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов облыстық мәслихаттың кезекті 18-інші сессиясына қатысып, өңірдің 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2025 жылы алда тұрған міндеттер туралы депутаттар алдында есеп берген болатын. Сессия жұмысынан кейін өңір басшысы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, оларды толғандырған бірқатар сұрақтарға жауап берді.  

Облыс әкімінің брифингінде журналистер қауымы көктемгі су тасқыны, көктемгі егіске дайындық, былтырғы жиналған астықты сақтау және сату, Астананың азық-түлік белдеуін, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығы мәселесін шешу, ана мен бала өлімін болдырмау, білім беру, жол құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлеңкелі экономикамен күресу секілді елді толғандырған өзекті мәселелерді көтеріп, өз тараптарынан да ұсыныстарын білдірді.

– Көктемгі су тасқынынан әрқашан қауіптенеміз. Былтырғы төтенше ауыр жағдайдан кейін, оның зардаптарын жойып, салдарын болдырмау бағытында айтарлықтай дайындық жүргізілді деп ойлаймын. Аса қауіп төндірген су қоймалары жөнделді. Қазір біз «Ақмола су қоймалары» деген мамандандырылған кәсіпорын құрдық. Ол су қоймаларын басқару, күтіп-ұстау, оларды дайындап, кеңейту және жөндеу сияқты жұмыстарды қадағалайды. Облыста былтырдан бері өзендердің табанын тазартып, арналарын кеңейту, бөгеттер тұрғызу, су өткізу құралдарын жаңартып, жөндеу секілді жұмыстар жүргізілді. Әлі де су тасқынына қарсы күрес шаралары жалғасып жатыр. Жобалық-сметалық құжаттары дайын болған су қоймаларында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, қандай су қоймасы болмасын, көктемгі су тасқынынан тыс уақыттарда да қауіп төндіреді. Облыс орталығындағы Қылшақты өзенінің аумағын тазалау және маңайына бөгет тұрғызу жұмыстарынан кейін биыл онда су көтерілген жоқ. Облыста қазір су тасқынына қарсы аумақтық штаб жұмыс істеп жатыр. Ал, су қоймаларындағы су ағынын реттеу бойынша тиісті шараларды ғылыми негізде осы саланың мамандарымен кеңесіп, іске асырып жатырмыз, – деді облыс әкімі бүгінгі күннің басты тақырыбына айналған көктемгі қызыл сумен күрес бойынша қойылған алғашқы сауалға.  Сонымен бірге, ол:

– Қар ериді, су ағыны болады. Оның барысында кей ауылдарда қар шығармаудың салдарынан тұрғындар зардап шегетін болса, жергілікті жердің әкімдері жауапқа тартылады, тиісті шаралар қабылданады, тұрғындарға материалдық көмек көрсетіледі, – деді.

Биыл Қопа көлін тазарту жөнінде жағымды жаңалық қылаң беріп қалған болатын. Аймақ басшысы көлді қамыстан тазалау секілді шаралар жасалатынын айтып, облысқа былтыр өзен, көл және басқа да су арналарын тазартуға арналған техника сатып алынғанын, оның биыл Қопа көлін тазалауға пайдаланылатынын атап өтті. Бірақ, Қопаның түбін тазалап, батпағын шығару жұмыстары Экология комитетінің рұқсатымен ғана іске асырылатынын ескертті. Жан-жақты қарастырып, ғылыми-зерттеу негізінде экологиялық кері әсері болмаса ғана толық тазалауға кірісетіндерін айтып түсіндірді.

Жарқайың ауданының Бірсуат ауылының оқушылары бүгінде екі дүркін апатты деп танылған мектепте білім алып жүр. Өте қауіпті жағдайда оқып жүрген оқушылар мәселесін көтерген әріптесіміздің сауалына аймақ басшысы:

– Қазіргі уақытта онда жаңа мектеп салынып жатыр. Оның құрылысының, барлық стандарттарға сай болуын қадағалап отырмыз. Жоспар бойынша бас мердігер мектепті 1 қыркүйекке дейін тапсыруы керек, – деді.

Реновация бағдарламасы елімізде 2021 жылдан басталған екен. Ал, біздің облыста тек былтыр ғана қолға алынды. Өңір басшысы бағдарламаның кешеуілдетіп басталуына объективті де, субъективті де себептер барын айтып берді.

– Былтыр өңірде көктемгі су тасқыны қиын болды, оның үстіне қаншама жобалар өзгертулерге ұшырады. Осы реновация бағдарламасы бойынша алғашқы жоспарланған жоба да тұрғындардың ойынан шықпады. Оған қаржы бюджеттен қарастырылу керек болды. Ал, инвесторлар тарапынан жобаға ешқандай қызығушылық, тіпті сенім де болмады. Сондықтан, мәселені егжей-тегжейлі қарастырып,  АӨК-мен келісімге келіп, олар қаржыландыратын болды. Сөйтіп, реновация жобасына жататын ескі үйлердің тұрғындарымен бірнеше мәрте кездесіп, заң шеңберінде әрқайсысының тілін тауып, ойынан шығатындай жағдай жасап, келіссөздер жүргіздік, олардың ескі үйінің орнына салынатын жаңа тұрғын үйден пәтер алатындарына кепілдік бердік, енді біріне уақытша жалдап тұратын пәтер қарастырдық, осылайша жобаны бастап кеттік. Қазіргі уақытта ол жерде 5 қабатты тұрғын үйлер бой көтеруде. Онда 270-тен астам пәтер болады, оның 48-і сол ескі үйлердің пәтер иелернікі. Және бір айта кетерлігі, бұрынғы ескі үйдің тұрғындары сол жаңа үйден бұрынғы пәтерінің аумағын кеңейтіп, қосымша ақша қосып, ауданы үлкенірек пәтер алуларына мүмкіндіктері бар. Салынған жаңа үйден әкімдік тағы пәтерлер сатып алуды көздеп отыр. Сол маңайдағы басқа ескі үйлердің де тұрғындарын сонда қоныстандырып, реновацияны әрі қарай жалғастыра беру де ойымызда бар. Реновация дегеніміз тұрғын үйді жаңарту ғана емес, тұрғындардың жайлы, жақсы пәтерде өмір сүрулеріне мүмкіндік жасау. Босаған аумақтарға халықтың белсенді өмір сүруіне қажетті инфрақұрылымдық нысандар тұрғызамыз. Жоба толығымен іске асқанда қала жаңа кейіпке енеді. Әрбір жаңа үйдің аумағы көріктендіріліп, абаттандырылады, – деп мән-жайды түсіндірді.

Облыс орталығына жақын орналасқан ауылдардың ойдым-ойдым жолдары тұрғындардың көңілін тұнжыратқалы қашан. Көкшетауға тиіп тұрған Шағалалы ауылындағы жолдың жайы өте мүшкіл. Бұл мәселені ауыл тұрғындары облыс әкімімен кездесуде де көтерген. Сол кездесуде аймақ басшысы биылғы жылдың 1 мамырына дейін жобалық-сметалық құжат әзірлеп, оған қаржы қарастыруды өз бақылауына алу, бір жыл ішінде жолды жөндеу жөнінде сөз берген болатын. Қазір сол жобалық-сметалық құжаттама сараптамаға тапсырылыпты. Облыс әкімінің айтуынша, жуық арада қаржы да табылып қалуы тиіс.

– Зеренді ауданында соңғы 2-3 жылда жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар жолдардың біразы жөнделді. Биыл аудандық маңызы бар Ақан-Уголки-Баратай бағытындағы жолды жөндеу жұмыстары аяқталады. Шағалалы ауылының жолын айтсақ, ондағы 3 шақырымдық жол биыл жөнделеді. Ал, Ортақ, Молодежный ауылдарына баратын  жолдар алдағы жылдары кезең-кезеңмен қолға алынады. Алдымен басталған жобаларды аяқтап алуымыз керек, – деді Ақмола облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасыHYPERLINK «https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-upt»ның басшысы Владимир Кулаков.

Жалпы, облыс әкімі брифингте әр мәселенің мәнісін түсіндіріп, атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы өз бақылауында екендігін, барлық қолға алынған жобалар заң шеңберінде, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында іске асырылатындығын айтып, журналистерді әрбір мәселені өзектендірмей, бірлесіп шешуге шақырды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар