«Бұрымды қыз» байқауы – қазақ қыздарының әсемдігі мен табиғи сұлулығын айқындайтын, сондай-ақ, қазақ дәстүрлерінің бай мұрасын ұлықтауға арналған арулар сайысы. Бірнеше жылдан бері дәстүрлі түрде облыстық деңгейде ұйымдастырылып келген бұл байқау биыл республикалық кезеңге дейін ұласты. Сөйтіп, еліміздің әр өңірінен біраз үміткерлерді жинады.
Байқау Ақмола облысының орталығындда өтіп, ару қыздарымыздың сылдырлаған шолпылары көрікті Көкшетаудың сәніне сән, әніне ән қосты десек болады.
Шаш – қазақ халқының салт-дәстүрінде ерекше маңызға ие. Оны тек сән үшін емес, денсаулықтың, тазалықтың және сұлулықтың белгісі ретінде қадірлейді. Қазіргі кезде жаһандану үрдісінде көптеген жастар ұлттық құндылықты елемей, шаш үлгілерін де Батыс мәдениетіне ауытқытып барады. Байқаудың мақсаты сол – бүгінде қыздарымыз өзінің сымбатын ерекшелеп, көркіне көрік қосатын оның шашы мен сәнді өрілген бұрымы екендігін, оның ұшына тағылған шолпысы мен шашбауында қазақтың ұлттық ділі мен даласының иісі аңқып тұратынын ұмыттырмау, жас ұрпаққа бұрымның қадір-қасиетін насихаттау.
Сонымен, ән мен жырдың бесігі болған Көкше төрінде өткен бұрымдылар байқауының республикалық кезеңіне облыстық турдан сүрінбей өткен 16 мен 25 жас аралығындағы ақылына көркі сай, қолаң шашты 10 ару қатысып, өзара бақ сынады. Қатысушылар Астана қаласы, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Атырау, Түркістан облыстарынан келіпті.
Байқауда арулардың тіл көркемдігі, сыр-сымбаты, жүріс-тұрысы да ескерілді. Сәні мен сымбаты үйлескен қыздар өз өнерін көрсетіп қана қоймай, салт-дәстүрге қатысты сұрақтарға жауап беріп, ұлттық киімде сән үлгісін де көрсетті. Шығармашылық кезеңде бұрымдылардың бірі көрермен қауымды әсем дауысымен баурап алса, енді бірі мың бұрала билеп, бірі актерлік шеберліктерін ортаға салды.
– Бұрымдылар байқауы бірнеше жылдан бері облыстық деңгейде өткізіліп келді. Биыл бірінші рет республикалық кезеңі қолға алынды. Бұл байқау өзіміздің қазақтың ұлттық құндылықтарын дәріптеу, қазақ қызы қандай болады деген сұраққа жауап десе болады. Қазақ халқы шашты ерекше құрметтеген, кие санаған. Сол себепті кейінгі ұрпақтар ішінен бұрымды қыздарымыздың саны көбейсе деген ниетпен осындай байқауды ұйымдастырып жатырмыз, – дейді Ақмола облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының көркемдік жетекшісі Тоқтарбек Қалдаров.
Батыс Қазақстан облысының үмітін үкілеп келген Айша Қамиттың жасы 16-да. Мұндай байқауға ол бірінші рет қатысып, «Бұрымды қыздың» бас жүлдесін жеңіп алды.
– Осы «Бұрымды қыз» байқауының маңызы зор деп білемін. Бұрым қыздарымыздың бойына әсемдікпен қатар, ұлттық рухты сіңіреді деп ойлаймын. Ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерімізді қайта еске алу мақсатында жасалып жатқан шара ғой. Осының барлығын біз есімізге алып, ұлтымызда осындай бұрымды қыздардың көбейіп жатқанына қуануымыз керек деп ойлаймын, – дейді әңгімеге тартқан тағы бір жеңімпаз бұрымды Айша Қамит.
Ақмола облысының намысын қорғаған үш арудың екеуі «Өнерлі қыз», «Инабатты қыз» аталымдарын иеленді. Ақтоты Әбдірахман мамандығы бойынша дирижер. Осындай шараларға бірнеше мәрте қатысқан. Жуырда «Қазақ аруы – 2025» байқауына қатысып, онда бас жүлдені иеленіпті.
– Қазақстанда осындай қазақи байқаулардың болғаны қандай тамаша. Мұндай байқаулардың қыздарға берер тәрбиелік мәні зор, Қыздарымыздың ибасы мен сымбаты келісті болсын. Осындай байқаулар жиі ұйымдастырылып, жетіліп келе жатқан жауқазындар үлгі болсын, – деді бұл ретте, жерлесіміз Ақтоты.
Байқау қорытындысы бойынша шашы ұзын, сымбатты, өнерлі қатысушы, жоғарыда атап өткен Айша Қамит «Бұрымды қыздың» Бас жүлдесін иеленіп, арнайы дипломмен және 500 мың теңгелік ақшалай сертификатпен марапатталды. Ал, «Дарынды қыз» номинациясы астаналық ару Айым Имашеваның еншісіне бұйырды. «Көрікті қыз» номинациясына жамбылдық ару Нұршахризада Сәлімова лайықты деп танылды. Өнерімен ерекше көзге түскен жерлестеріміз Ақтоты Әбдірахман «Өнерлі қыз», Айшуақ Темірхан «Инабатты қыз» номинацияларын иеленді. Бұл қатысушыларға арнайы диплом және 300 мың теңгелік ақшалай сертификаттар табыс етілді.
Кеш қонағы – әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Жеңіс Сейдоллаұлы байқау соңында көкшелік көрерменге ән шашуын жолдап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Ы.ШАМШИЕВА.