Ақмола облысында көктемгі су тасқыны биыл да аракідік бой көрсетуде. Бірақ, бұл жағдай жергілікті құзырлы органдар үшін тосын емес.
Олар жедел әрекет етіп, тасқын судың алдын алу үшін адамдар мен техника толық қуатында жұмыс істеп жатыр. Мамандардың бағалауынша, биылғы су тасқыны кезеңі ауа райының күрделілігіне қарамастан, тұрақты өтуде. Күннің күрт жылынуы қардың еруін жеделдетіп, Есіл, Жабай және Нұра өзендерінде мұз қабатының әлсіреуіне әкелді, бұл қар суының ағуын күшейтті.
Елді мекендерді су басу қаупінің алдын алу үшін шұғыл шаралар қабылдануда. Қазірдің өзінде үш миллион текше метрден астам қар шығарылып, 300 мың текше метр еріген су сорылды. Тұрғын үйлерді қорғау мақсатында 25 мың қап инертті материал төселді. Сондай-ақ, өзендердегі мұз кептелісінің алдын алу үшін 25 мың шаршы метр аумақта жару жұмыстары жүргізілді. Бұл су ағысының еркін қозғалуына және мұз бөгеттерінің пайда болу қаупін азайтуға көмектеседі.
Көктемгі еріген қар суының деңгейі көтерілуі автожолдарға да әсер етті. Алайда, биылғы су тасқыны елді мекендерге қауіп төндірмейді. Су деңгейі төмендегеннен кейін дереу қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, Щучинск – Степняк – Уәлиханов тас жолындағы қозғалыс қысқа мерзімде қалпына келтірілді.
«Қазгидрометтің» мәліметінше, су тасқынының белсенді кезеңі 24 наурыздан кейін басталды. Осыған байланысты облыстағы барлық күштер мен техника күшейтілген режимге ауыстырылды. Құтқару шараларына Астана, Қарағанды және Алматы облыстарынан келген ТЖМ бөлімшелері мен Ақмола облысының аумақтық қорғаныс қызметкерлері жұмылдырылды.
Су тасқынына қарсы іс-шаралар ауа райы жағдайына және болжамдарға сәйкес уақытылы үйлестіріліп отырады. Жағдай ерекше бақылауда.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.