Жастар саясаты
Жуырда Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мақсатында өткен өңірлік үш күндік «PRO Jastar» семинар-тренингіне 70-ке жуық жастар атсалысты.
Аталған шара аясында қатысушылар жаңа білім алып, кәсіби дағдыларын дамытып, өз пікірлестерімен тәжірибе алмасты. Семинар-тренинг жастарды жан-жақты дамытуға, олардың құзыреттерін арттыруға және әлеуметтік маңызды бастамаларға белсенді қатысуға бағытталған.
Шараның ашылу салтанаты Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында өткізілді. Оған Жастар және отбасы істері комитеті ведомствоаралық үйлестіру және өңірлік өзара іс-қимыл басқармасының басшысы Мәнсия Есекеева, Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаев және Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстары мен Ақмола облысы жастар ресурстық орталықтарының басшылары және мамандары қатысты. Жастар саясатының негізгі бағыты ресурстық орталықтар арқылы жастарға жаңа мүмкіндіктер мен бастамаларға жол ашу, NEET санатындағы жастарды қоғамға бейімдеу, оларға білім беру және еңбек нарығына тарту, сондай-ақ, волонтерлікті ілгерілету, өңірлік бағдарламалар мен тиімді жобалар туралы кеңінен хабардар етіп, әлеуметтік желіні дамыту екендігі белгілі. Семинардың ашылу салтанатында сөз алған Сабырхан Кенжебаев та аталмыш шара осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін туындағанын тілге тиек етті.
– Бұл жиын жастармен жұмысты дамытудың, тәжірибе алмасудың және маңызды әлеуметтік мәселелерді талқылаудың бірегей алаңы деп білемін. Қазіргі уақытта, облыс орталығын қоса алғанда, 3 қалалық және 17 аудандық жастар ресурстық орталықтары жұмыс істейді. 10 жылдан астам уақытты еңсерген бұл орталықтар жастар үшін көптеген өзгерістер мен мүмкіндіктерге жол ашты. Бүгінгі семинардың мақсаты осы жұмысты жақсарту және басқа аймақтармен тәжірибе алмасу болып отыр, – деді ол.
Үш күнге созылған семинарда жастар «Өңірдегі волонтерлікті дамыту жолдары», «NEET санатындағы жастармен жұмыс» және «Отбасының цифрлық картасы», «Біздің идеямыз – біздің SMM біліміміз» сияқты тақырыптарда пікірталастарға қатысып, әр түрлі жобалар туралы ақпараттарға қанықты.
Сондай-ақ, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің бас корпусында дөңгелек үстел ұйымдастырылып, Мәнсия Есекеева белсенді студенттерге және «World Skills» халықаралық чемпионатының жүлдегерлеріне Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның Алғыс хаттарын табыстады.
Сонымен қатар, семинар аясында облыстық жастар орталығының әлеуметтік психологы Үмітжан Құсмаған қатысушыларға арнап тренинг өткізді. Ал, кешкі уақытта семинар тренингке қатысушылар валейбол ойынына қатысты.
Шараның келесі күнінде ел Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Ақмола облысы бойынша филиалының директоры Ержан Жаров семинарға қатысушылармен кездесіп, академияның қызметі жайында түсіндіріп өтті. Содан соң Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті және жастар ресурстық орталықтары мамандарымен TED-X форматында кездесу өткізілді. Кездесуде департамент басшысы Ануар Омаров, Ақмола облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері басқармасының басшылығынан Райхан Братаева және облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Дастан Ермеков қатысушыларға өңірлік және республикалық Президенттік кадрлық резерв, мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндіктері мен қызмет саласында қойылатын талаптар мен құқықтар туралы айтып берді.
– Біз мемлекеттік қызметке орналасу және мемлекеттік қызметті алып жүру мәселелерін қарастырамыз. Сондай-ақ, талантты, білімді жастарды мемлекеттік қызметке тарту жұмыстарын жүйелі жүргізудеміз. Себебі, еліміздің болашағы жастардың қолында. Сол үшін де облыстық жастар ресурстық орталығымен тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз, – дей келе, Райхан Братаева мемлекеттік қызметтің тиімділігі жөнінде баяндап, қатысушыларды мемлекеттік қызметке орналасуға шақырды. Содан соң қатысушылар департамент жұмысын таныстыруға арналған экскурсияға қатысты.
Түс ауа семинар-тренингте өзге өңірлерден келген қонақтардың жастар ресурстық орталықтарының қызметі мен жобалары жайлы баяндамаларына кезек берілді.
– Семинар-тренингке шақырғандары үшін ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Шара өте қызықты өткізілді, әріптестерімізбен тәжірибе алмасып, өз білімімізді одан әрі шыңдай түсуге мүмкіндік алдық. Алдағы уақытта әлі талай жүздесіп, жастар саясатын дамыту жолында бірге еңбек етеміз деген ойдамын, – деді Қостанай облысының жастар ресурстық орталығының басшысы Абай Дүйсеков.
Семинар аясында қатысушылармен зияткерлік ойын өткізіліп, сергіту сәттері де ескерілді. Ойынға қатысушылар бір-біріне кинофильмдер мен отандық музыка әлемі, салт-дәстүрге байланысты сұрақтар қойып, ойынды әрі өрбітіп отырды. Шара соңында Павлодар, Қостанай және Қарағанды жастар ресурстық орталығының қызметкерлері мен өз облысымыздағы қалалық және аудандық жастар ресурстық орталықтарының басшыларына Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімованың Алғыс хаттары табыс етілді.
 Ал, іс-шараның соңғы күні қонақтар мен семинар-тренингке қатысқан басқа да жастар «Гормолзавод» зауытына және Бурабай курорттық аймағына ұйымдастырылған экскурсияға қатысты.
Жеңіс БАЛАБЕКОВ,
Ақмола облыстық жастар-ресурстық орталығының баспасөз хатшысы.