Қайсарлығымен қиындықты жеңген әже

Ғұмыр-ғайып

Бурабай ауданының тумасы, еңбек және тыл ардагері, Батыр ана, «Алтын алқа» алқасының, «Еңбектегі ерлігі үшін» және «Ерен еңбегі үшін» медальдарының иегері, «Қазпошта» АҚ-ның тәжірибелі маманы болған  Қуаныш Жетпісбаева  күні кеше 92 жасында өмірден озды.

Щучинск қаласында туып-өскен ол кезінде Қотыркөл техникумын агроном мамандығы бойынша тәмамдаған. Алайда, оның балалық шағы бақытты болды деп айту, әрине, қиын. Ұлы Отан соғысы басталғанда Қуаныш әжей небәрі 12 жасқа ғана толған еді. Өйткені, соғыс кезінде еңбекке ерте араласқан ол, өз анасына көкөніс өсіретін бау-бақшаны баптауға көмектесіп, үлкендермен бірдей тылда еңбек етуге мәжбүр болған. Сол кезде майдандағы сарбаздарға тұздалған қияр мен қызанақтан басқа, тоқыған шұлық, қолғап бұйымдар жіберуге атсалысқан. Бойындағы тағы бір ерекшелігі, бала кезінен әнге құмар болғаны. Әдемі дауыс ырғағы, табиғи қабілеті үшін оны жас кезінде «Біздің Роза Бағланова» деп атаған екен. Тіпті, техникумда оқып жүріп, облыстық сайыстардың бірінде Алматыда өткен республикалық байқауға жолдама да алған. Осы техникумда болашақ жары Қадыр Ахмағанбетовпен танысып, отбасын құрады. Сөйтіп, сегіз ұл-қыз тәрбиелеп, олардан 15 немере мен 13 шөбере сүйген.

Қуаныш әжей өзінің өткен шақ туралы әңгімесінде, «сонау сұрапыл соғыс кезінде балалық шақты ұмытып, күні бойы егістікте өгізбен жер жыртып, сол жерде шаршағандықтан, ұйықтап та қалған кездерім болған», – деп айтып отыратын. Осылайша Ұлы Жеңістің жақындауына соғыс кезіндегі  балалар да өз үлестерін аянбай қосқаны даусыз. Сондай қиындықты жеңген ата-аналар үлкен, тату отбасын құрып, Отанының нағыз еңбексүйгіш балаларын тәрбиелеп, білім беруді мақсат тұтқан.

Оқуды бітіргеннен кейін партияның жолдамасымен Уәлиханов, Еңбекшілдер аудандарында жұмыс істеген отағасымен бірге, балаларын өсіріп, өзі де қатардан қалмай еңбек етті. Кейін олар жұбайының туған ауылы, Зеренді ауданындағы Қызылсаяға оралады. Мұнда ол 1961 жылдан 1992 жылға дейін отыз жылдан астам уақыт пошташы болып жұмыс істейді. Өзінің асынып алған үлкен ауыр сөмкесімен күніне кемінде тоғыз шақырымды жаяу жүріп, ауылдағы 300-ге жуық үйге хат-хабар, газет-журналдарды жеткізетін. Күнделікті пошта жөнелтілімінен бөлек, ауыл тұрғындарынан электр жарығына, телефонға, радиоға ақша жинайтын. Үйіне арнайы телефон да орнатылып, шұғыл жеделхаттар келген жағдайда кешке қарай, кейде тіпті, түн ішінде дереу алушыларға жеткізген кездері де болған.

Әйел адамға пошташылық жұмыс оңай болған жоқ. Алайда, табиғатынан қайсар жан қиындыққа мойымай, бұл істі жауапкершілікпен атқара білді. Ұл-қыздары да өскен ұясынан қияға ұшқанымен, аяулы анасының қанатының астына мейірленіп оралатын. Өкінішке орай, 2000 жылы отағасы о дүниелік болды. Ауданға сыйлы марқұм әкелері жылдар бойы мал дәрігері болып, ауылдастарына көмектесіп жүргенде, аналары да онымен қатар, пошташы болып, абыройлы еңбек етті. Бүгінде балалары осы ата-анасының бір-біріне деген жылы қарым-қатынасын, өздеріне деген қамқорлығын ілтипатпен еске алады.

Қиын да, қызыққа толы ғибратты ғұмыр кешкен Қуаныш Жетпісбаева қашанда балаларының жетістіктерін мақтан тұтатын. Қыздарының бірі – Бибігүл Ысқақова елге танымал әнші, халықаралық поляк ән байқауларының лауреаты, Польша Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері.

Ұзақ жылдар пошташы болып жұмыс істеген Қуаныш әжей бір күн демалысының өзінде орманға барып, табиғатпен сырласуды ұнатқан. «Орман маған жетпіс жылға жуық саңырауқұлақ пен жидек теруге мүмкіндік берді. Мен онымен үнемі сөйлесіп, Табиғат-Ананың жомарттығы үшін алғыс айтып, батамды беретінмін. Орманнан ешқашан бос қайтпағанмын. Шелектеп жидек теріп алған кездерім де көп», – деп көзі тірісінде талай тебірене жеткізетін.

Қуаныш Жетпісбаева Ресей Федерациясы Президентінің Жарлығымен «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 75 жыл» медалімен марапатталған. Бұл да қаршадайынан тылда ұлы Жеңіс  үшін аянбаған аға әріптесіміз үшін үлкен марапат болатын. «Қазпошта» АҚ-ның басшылығы жыл сайын еңбек ардагері ретінде ол кісіні мерекемен құттықтап, бағалы сыйлықтар мен ақшалай сыйақылар тапсырып тұратын. Тағы бір ерекше атап өтерлігі, Қуаныш апайдың еңбек кітапшасында «Ауыл пошташысы» деген бір ғана жазба  тұр.

Ол  ұжымы атынан түрлі мерекелер мен мерейтойлары кезінде құшағы гүлге толып, Алғыс хатқа, басқа да марапаттарға ие болған сәттерінде  осындай  қамқорлық пен ілтипатқа бөленгеніне риза көңілмен «Мен ең бақытты адаммын!» деп тебіренуші еді. Бүгінде көп балалы, тату-тәтті, үлкен отбасының отанасы болған, жігерлі де өмірге құштар Қуаныш Жетпісбаеваны сағынышпен еске аламыз. Жаныңыз жәннатта, топырағыңыз торқа болсын, қадірлі әріптес апайымыз демекпіз!

 «Қазпошта» АҚ Ақмола облыстық филиалының әкімшілігі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар