Қаржы пирамидалары – қоғамымыз үшін үлкен қауіп

Заң мен тәртіп

Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылдың 28 қаңтарындағы Жарлығымен Қаржылық мониторинг агенттігі құрылды, ол тікелей Қазақстан Республикасының Президентіне бағынады және есеп береді. Агенттіктің құрылуы қаржылық бақылау жұмысының тиімділігін арттыру және көлеңкелі экономикамен күрес саласындағы жұмысты күшейту қажеттілігімен байланысты болып отыр.

Агенттіктің мақсаты «Қаржылық және экономикалық жүйелердің тұрақтылығын қамтамасыз ету» болып табылады және агенттіктің негізгі міндеттеріне қылмыстық жолмен алынған табыстарды заңдастыру және терроризмді қаржыландыруға қарсы күресте біртұтас мемлекеттік саясатты жүзеге асыру; Экономикалық және қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, тоқтату, ашу және тергеу; Шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен өзара іс-қимыл және ақпарат алмасуды жүзеге асыру;&nbspҚылмыстық жолмен алынған табыстарды заңдастыру және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес, осы бағытта мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру жатады.

Қаржылық мониторинг агенттігі өз қызметін Қазақстан Республикасының барлық облыстарында және республикалық маңызы бар қалаларда орналасқан экономикалық тергеп, тексеру департаменттері арқылы жүзеге асырады.

Қойылған міндеттерді орындау үшін Ақмола облысының экономикалық тергеу департаменті экономикалық тергеу қызметіне жататын қылмыстарды анықтап, тергейді, құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын жүргізеді. Әдетте, экономикалық жағдайдың нашарлауы адамдарды оңай ақша табуға итермелейді. Қаржылық сауаттылықтың төмендігімен бірге бұл жағымсыз салдарға әкеледі. Осыған байланысты елімізде кейінгі жылдары қаржы пирамидаларының қызметі кең таралды.

Қаржы пирамидасы – бұл инвестицияларды тарту арқылы жұмыс істейтін алаяқтық схема. Әдетте, оның негізгі идеясы – жаңа қатысушылардың қаржысы арқылы ескі қатысушыларға төлемдер жасау. Басқаша айтқанда, бастапқыда қатысушыларға жоғары табыс уәде етіледі, бірақ, бұл табыстар тек жаңа мүшелердің ақшасы есебінен төленеді. Мұндай жүйе тұрақты емес, өйткені, ол жаңадан келушілердің саны азайған кезде құлайды.

Қаржы пирамидаларының жиі кездесетін түрлері. Матрицалы – ол бірнеше сатыдан немесе деңгейден тұратын пирамида. Мұндай қаржы пирамидаларының қатысушылары жаңа салымшыларды тарта отырып, белгілі бір адамдардан тұратын ұяшықтарға орналасады. Ұяшық салымшылардың қажетті санына жеткенде, олар белгілі бір бонустар ала отырып, бір сатыға көтеріледі. Осылайша, пирамида бойынша алға жылжу қадамдары бар.

Желілік маркетинг – қаржы пирамидасына кіруді және тартылған әрбір салымшы үшін пайда ала отырып, жаңа салымшыларды тартуды білдіреді. Негізгі тетік тауарларды не қызметтерді сату болып табылады. Бұл жағдайда өнім маскировка болып табылады және көбінесе оның құны жоғары болады. Деңгей неғұрлым жоғары болса, салымшылар соғұрлым көп болады және сәйкесінше пайда көп түскен, өйткені, бастапқы мүшелер әр жаңа мүше үшін пайда таба алады.

Инвестициялық компания – мұндай ұйым көбінесе биржалық сауда-саттыққа қатысу арқылы бағалы қағаздар нарығына, табысты мейрамханалардың немесе қызмет көрсететін компаниялардың қызметіне және тағы басқаларына тендерге, шетелдегі жылжымайтын мүлікке және басқа да құнды мүлікке инвестиция салуды ұсынады. Классикалық үлгісі бойынша алғашқы қатысушылардың табысы жаңа инвесторлар немесе салымшылар есебінен қалыптасады.

Тұтыну кооперативі – салымшылардың жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатып алуы үшін пайызсыз қарыздар беруге негізделген.

Кооператив мүлік құнының 10-30 пайызына жеткен кезде кіру (қайтарымсыз) және пай жарналарын енгізу шарттарында тұрғын үй мен автокөлікті сатып алуға пайызсыз қарыздар береді. Қарыз басқа қатысушылардың өзара жарналары есебінен жүзеге асырылады. Бұл ретте, тұтыну кооперативінің түрімен жұмыс істейтін қаржы пирамидасын қазіргіден ажырату үшін жиынтықта бар барлық белгілерді ескеру қажет.

Мессенджердегі чат – қаржы пирамидасына тартудың бұл тәсілі WhatsApp және Telegram мессенджерлерінде чаттар құру арқылы жүзеге асырылады. Қағидаты – құрылған топқа кіру үшін белгілі бір соманы төлеу қажет. Қосылғаннан кейін топқа белгілі бір адамдарды, көбінесе 2-4 адамды қосымша шақыру керек Шарттарды орындағаны үшін салынған соманың 200-400 пайызы көлемінде сыйақы беріледі. Шақырылған қатысушылардың саны шектелмейді. Әдетте, қаржы пирамидасының бұл түрі аз мөлшерде инвестициялау арқылы табыс көруге бағытталған.

Микроқаржы ұйымдары. Оларға ломбардтар, қайта қаржыландырушы, бірлесіп қаржыландырушы ұйымдар жатады. Мұндай ұйымдар қарыздар есебінен табыс табу мүмкіндігін беру түріндегі азаматтардың ақшалай қаражатын тартады.

Блокчейн-технологияларды оқыту. Платформалық трейдингке инвестициялар тартатын бұл ұйымдар қаржы технологиялары мен құралдарына инвестициялау бойынша түрлі оқыту бағдарламаларын негізінен тегін жүргізеді. Тренингтен өткеннен кейін клиентке өз қаражатын оқыту орталығы әзірлеген сауда платформасына орналастыру ұсынылады. Бұл компаниялар, әдетте, Қазақстаннан тыс жерде тіркелген, ел аумағында қаржылық қызметке лицензиясы немесе өзге де рұқсат құжаттары жоқ және бағалы қағаздар нарығында жұмыс істеуге құқығы жоқ компаниялар. Себебі, қаржы реттеушісінің сайтында лицензия беру туралы ақпарат жоқ.

Қызығушылық клубтары – мұндай клубтар круиздер, жолдамалар, саяхаттар, бизнесті құру және ілгерілету, маркетинг, инвестиция негіздері, копирайтинг, пальмология, астрономия, психикалық тепе-теңдікті жақсарту, психология, нумерология, рәміздер, сиқыршылық және тағы басқалары бойынша қызметтерін ұсынады. Бағдарламаларына байланысты қатысушылары белгілі бір мерзім ішінде жаңа тұлғаларды тартуы және кіру жарнасын енгізуі қажет.

Криптоалаңшалар – криптобиржаларға инвестициялар жасау, жобаларды дамыту, майнинг іс жүзінде жоқ немесе құндылығы жоқ «табысты» криптовалютаны сатып алу. Табысы қаржы пирамидаларының қызметінің классикалық схемалары есебінен қалыптастырылады.

Аралас – бір жобада әртүрлі инвестициялық пакеттерді ұсыну арқылы бірден бірнеше қаржы пирамидалары  схемалары бойынша қызмет ететін ұйымдар.

Қаржы пирамидасы қызметін көрсететін күдіктің негізгі белгілеріне кеңсе жұмысының, икемді кестенің және өздігінен шешім қабылдау мүмкіндігінің жоқтығымен жоғары пассивті табыс алу (көптеген басшылар болмауы) туралы уәде ету жатады.

Қаржы пирамидасы сыйақысының пайызы жылына 200-400 пайызға дейін жетеді, ал, салымдар бойынша сыйақының шекті пайыздық мөлшерлемесі 18 пайыздан аспайды;

Екіншіден, бұқаралық ақпарат құралдарында, интернет-ресурстарда, оның ішінде банк салымдарынан басқа қаржы нарығында тыйым салынған жоғары табыстылыққа жариялы түрде кепілдік беретін, нарықтық көрсеткіштің, пассивті кірістің деңгейінен едәуір асатын, барлық әлеуметтік желілерде жаппай, жиі агрессивті сипаттағы жарнама – басты шарты өз қаражатын салуға дайын жаңа қатысушылар неғұрлым көп тартылса, соғұрлым жоғары табыс уәде етіледі; Үшіншіден, бизнесті қатысушының, не инвестордың табысы өздері тартқан жаңа тұлғалардың инвестициялары (салымдары) есебінен қалыптастырылатын желілік маркетинг қағидаттарында ұйымдастыру. Табыс формуласы ретінде жаңадан тартылған салымшылар санынан болжамды табыстың еселігін ашық жариялайды;

Жобаға тартылған жаңа тұлғалардың санына байланысты табыстың тиісінше ұлғаюымен қатар, қатысушының иерархиялық өсуіне, яғни, пирамида бойынша жоғары қозғалысына кепілдік беріледі; Компания, жеке тұлға немесе көпшілік жобаның Қазақстан Республикасының уәкілетті (әділет, салық) органдарында ресми тіркеуі, ақпарат көздерінде бизнестің құрылтайшылары мен басшылар туралы нақты ақпарат болмайды.

Компания, жеке тұлға немесе көпшілік жоба көбінесе шет мемлекеттерде, соның ішінде Кипр, Сейшел аралдары, Белиз сияқты оффшорлық юрисдикцияда тіркелген болып шығады.

Компания, жеке тұлға немесе көпшілік жобаның лицензиясының  Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Астана халықаралық қаржы орталығының есептік тіркелуі жүзеге асырылмаған бағалы қағаздар нарығындағы қызмет; банк қызметі, оның ішінде депозиттер тарту, кредиттер беру, аударымдар мен төлемдерді жүзеге асыру және тағы басқалары; микронесие/микрокредиттер беру жөніндегі қызмет; коллекторлық қызмет; инвестициялар тарту; криптовалюта нарығындағы қызметке қатысты болып келеді.

Тауарды немесе көрсетілетін қызметті белгілі бір сомаға сатып алу (бұған бөлшектік сауда жоқ кірмейді) ресми шарт болып табылады, компанияның, жобаның негізгі мақсаты салымшылардың (қатысушылардың) ақшалай қаражатын тарту негізінде табыс көру болып табылады.

Компанияның, жеке тұлғаның атауында, рәмізінде, жарнамалық хабарландыруларында немесе көпшілік жобасында оларды белгілі инвестициялық жобаларға ұқсататын сөздер мен сөз тіркестерін немесе рәміздерді пайдалану не Ұлттық Банктің, екінші деңгейдегі банктердің, ұлттық компаниялардың рәміздерін, бизнес және мемлекеттік құрылымдар, шоу-бизнес өкілдерінің бейнелерін және тағы басқаларын тікелей пайдалану; Азаматтарға бастапқы капиталдың міндетті жарнасын салумен бірлескен кәсіпорынның немесе компанияның қатысушысы, серіктесі, құрылтайшысы болуға ұсыныс білдіру;

Шартта инвестордың (салымшының) ақшалай қаражатты қайтаруы шарттық қатынастар тоқтатылған және компания, жеке тұлға немесе көпшілік жоба тарапынан міндеттемелерді орындамаған жағдайда да қайтару көзделмейтіндей етіп көрсетіледі; Ақша салымдары не инвестициялары және сыйақы төлемдері белгілі бір кезеңде бір немесе бірнеше ұйымдастырушының және қаржы пирамидаларының белсенді қатысушыларының банктік шоттарын, электрондық әмияндарын бір немесе бірнеше тұлғадан бірдей сомада аударым жасау және толықтыру жолымен жүзеге асырылады.

Салымшыларға немесе қатысушыларға клиенттерден жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікті нарықтық бағадан жоғары бағамен сатып алу, сондай-ақ, керісінше жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікті нарықтық бағадан төмен бағамен сатып алу туралы ұсыныс жасалады; Тұрғындардан банктік кредитке балама ретінде әрекет ететін ақшалай қаражатты тарту түрлі бағдарламаларға сай, оның ішінде автомобильдер, пәтерлер, жер учаскелері, халық тұтынатын тауарлар және тағы басқаларын сатып алуға, төмен пайыздық мөлшерлемемен немесе оның толық болмауымен, қаржылық (кепілдік) қамтамасыз етусіз, қайтарым жасау кепілінсіз жаңа қатысушыларды тарту қажеттілікпен жүзеге асырылады. Міне, мұның бәрі қаржы пирамидасын көрсететін күдіктің негізгі белгілері болып табылады.

Қаржылық пирамиданы құрға және оған басшылық ету бойынша немесе қаржылық пирамиданы жарнамалағаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Қаржылық пирамиданы құру және оған басшылық етуге ҚР ҚК 217-бабы бойынша жауапкершілік көзделген. Оны құрушылардың мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейінгі мерзімге, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Сонымен қатар қаржылық пирамиданы жарнамалаған үшін де ҚР ҚК 217-1-бабы (12.07.2022ж.) бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген. Мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 150-бабы бойынша қаржылық немесе инвестициялық пирамида қызметiнiң жарнамасын шығару, тарату және орналастыру үшін, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса әкімшілік жауапкершілік көрсетілген. Мұндай жағдайлар үш айға дейiнгi мерзiмге масс-медианың шығарылуын (эфирге шығуын) тоқтата тұрып, жеке тұлғаларға – бiр жүз елу, лауазымды адамдарға – бiр жүз жетпіс, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – екі жүз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – үш жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне алты жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Бүгінгі таңда Ақмола облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті қаржылық пирамиданың алдын алу немесе жолын кесу бойынша іс-шаралар жүргізуде. ҚМА жүргізіп жатқан превентивті жұмыс шеңберінде экономикалық және қаржылық құқық бұзушылықтармен күресуге бағытталған «Baiqapiramida» (Байқа, пирамида) және «АФМ-инсайдер» сияқты телеграм боттар әзірленіп, іске қосылды.

«Заң мен тәртіп» жобасы аясында және «Аманат» партиясымен бірлесіп, «Қарызсыз қоғам» жобасы жүзеге асырылуда. Оған қоса, жоғары оқу орындарында, мектеп қабырғаларында, мемлекеттік мекемелерде қаржылық пирамида бойынша дәрістер өткізілуде. Оның негізгі мақсаты – халықтың қаржылық және құқықтық сауаттылығын жүйелі түрде арттыру болып табылады. Агенттікке алаяқтық жобалардың өмірлік цикілін және оларға тартылған салымшылар санын қысқартуға бағытталған «Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл» арнайы жобасы енгізілді.

Ағымдағы жылдың басынан бері интернет кеңістігінде 47 қаржы пирамидасы анықталды. Оларға қатысты әлеуметтік желілерде 300-ге жуық чат жабылды. Онда шамамен 2 миллионға жуық қатысушы – әлеуетті салымшылар болған. 2024 жылы әлеуметтік желілерді талдау нәтижесінде қаржы пирамидасының белгілері бар сайттарға 11,7 мыңнан астам сілтеме бұғатталды. Әлеуметтік желілерде 2316 қатысушысы бар 12 қаржылық пирамидаға қатысты чаттар мен аккаунттар бұғатталды, қаржылық пирамидалар мен басқа да алаяқтық ұйымдардың заңсыз әрекеттеріне қатысты 416 контент бұғатталды.

Қаржы пирамидалары қоғамымыз үшін үлкен қауіп. Олар тек жеке азаматтар үшін ғана емес, тұтас экономика үшін де теріс әсер етуі мүмкін. Сондықтан, қаржылық алаяқтықтың алдын алу үшін әрқайсымыз өзіміздің қаржылық сауаттылығымызды арттыруымыз керек.

Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, департаменттің негізгі бағыттары бойынша жұмыста көлеңкелі экономикамен, қаржылық пирамидамен күреске, заңсыз кәсіпкерлік қызметке, жалған шот-фактуралар жазуға, сондай-ақ, қылмыстық табыстарды легализациялауға (ақша жуу) ерекше назар аударылатынын атап өткім келеді. Бұл бағыттар департамент үшін басым болып қала береді, ал осы салалардағы жұмыстар жаңа күш-жігермен одан әрі жалғастырылады.

Алмас БАЙМУРЗИН,
Ақмола облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру
департаменті басшысының орынбасары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар