Алда диқан қауымы үшін жауапты сын күтіп тұр

Ақмола облысының ауыл еңбеккерлері алдағы көктемгі егіс науқанына тыңғылықты дайындалу үстінде. Облыс әкімдігінде өткен аграрлық кеңестің кезекті отырысында осы мәселе тағы бір мәрте мұқият пысықтала түсті.

Ақмола облысы – еліміздің аграрлық саласындағы жетекші аймақтардың бірі. Аймақта өсімдік шаруашылығы агроөнеркәсіп кешенінің негізін құрайды. Биылғы көктемгі дала жұмыстарының сапасын арттыру мақсатында облыста арнайы агрономиялық кеңес жұмыс істеп, тұқым сапасы мен агротехнологиялық талаптардың сақталуы баса қадағалануда.

Биыл облыс егіншілері 5,4 миллион гектар ауыл шаруашылығы алқаптарына дәнді дақылдар себуді жоспарлап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 48,1 мың гектарға артық. Сондай-ақ, картоп пен көкөніс егілетін алқаптар кеңейтіліп, тиісінше 7,8 мың және 1,4 мың гектарға жеткізіліп отыр.

Жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жеңілдетілген жанар-жағармаймен қамтылуда. Көктемгі дала жұмыстарына 83 мың тоннаға жуық жанармай бөлінді. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін дизель отынының бағасы 254 теңге болып белгіленді, бұл нарықтық бағадан 15 пайызға төмен.

– Шаруалар «Кең Дала» және «Кең Дала — 2» жеңілдетілген несие беру бағдарламаларын белсенді пайдаланып келеді. Жылдық мөлшерлемесі 5 пайызды құрайтын бұл бағдарламалар арқылы биыл көктемгі дала жұмыстарына қаржылай қолдау ертерек көрсетіле бастады. Бүгінгі таңда 96,5 миллиард теңгені құрайтын 606 өтінім түсті, оның ішінде 65,9 миллиард теңгеге 413 өтінім мақұлданды. Тұқымдық материалды дайындау ісі де қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі уақытта 540,2 мың тонна тұқым дайындалды. 2025 жылы минералды тыңайтқыштар енгізілетін егістік алқабын 78 мың гектарға ұлғайту жоспарлануда. Бүгінде аграршылар отандық өндірушілермен 66,9 мың тонна тыңайтқыш жеткізу бойынша 266 келісім-шарт жасасты, – деп мәлімдеді ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов.

Көктемгі егіс науқанына техника паркінің дайындығы да жоғары деңгейде. Қазіргі таңда аймақта ауыл шаруашылығы техникаларының дала жұмыстарына әзірлігі 100 пайызды құрайды, сөйтіп, жалпы, көктемгі егіске 37 мың техника жұмылдырылады.

Аграрлық кеңесте селекция, тұқым шаруашылығы, техникалық жабдықтау және қаржыландыру мәселелері талқыланып, өнімділікті арттыру және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды шешімдер қабылданды.

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.

2 Total Views , 1 Views Today

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар