Жемқорлық – елдің соры
Сыбайлас жемқорлық – мемлекет пен қоғам үшін ең үлкен қауіптердің бірі.
Оның салдары өмірдің барлық салаларына әсер етеді. Әсіресе, мемлекеттік институттарға деген сенімге нұқсан келтіреді, экономика мен әділ сот төрелігінің дамуына кедергі жасайды. Бұл көрініспен күресу тек мемлекеттік органдардың ғана міндеті емес, сонымен бірге, әрбір азаматтың да парызы.
Ақмола облысының әділет департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бұл ретте, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар жоспары әзірленіп, іске асырылуда. Оның негізінде жас кезінен бастап жастарға адалдықтың, заңдылық пен әділеттіліктің маңыздылығын түсіндіріп, ұқтыру үшін студенттер мен оқушылар арасында семинарлар мен дәрістер өткізіледі.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға және жоюға ерекше назар аударылып келеді. Оларды талдау, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау мониторингі, сондай-ақ, мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын арттыруға бағытталған басқа да іс-шаралар қолға алынуда. Қоғамның ашықтығы мен бақылау жүргізу, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу да маңызды факторлардың бірі болып табылады.
Бұл орайда, әрбір азамат сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі өз рөлін түсінуі тиіс. Осыған бей-жай қарамау, қажет жағдайда құқық бұзушылықтар туралы хабарлау, адалдық пен заңдылық қағидаттарын ұстану – бұл әділ және құқықтық қоғам құруға көмектесетін қадамдар. Тек бірлескен күш-жігермен ғана біз сыбайлас жемқорлықты жеңе аламыз және мемлекетке деген сенімді нығайтамыз.
Динара ИБРАЕВА,
Ақмола облысы әділет департаментінің әкімшілік бөлімінің басшысы.