Маманның кеңесі
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығы бар. Заңда көзделген жағдайларда заң көмегі тегін көрсетіледі.
Тегін заң көмегінің бір түрі Мемлекет кепілдік берген заң көмегі болып табылады, ол «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және мемлекетіміздің өзге де заңдарында көзделген негізде, тиісті тәртіппен оны алуға құқығы бар жеке және заңды тұлғаларға көрсетіледі.
Құқықтық консультация беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі келесі санаттағы адамдарға:
— алименттер өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, ақтау, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға;
— мәртебесіне немесе жағдайына байланысты құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау мәселелері бойынша сексуалдық зорлық-зомбылық, адам саудасы, терроризм актісі құрбандарына не азаптауларға ұшыраған құрбандарға;
— асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға;
— жұмысына байланысты денсаулығының зақымдануынан келтірілген не қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға;
— Ұлы Отан соғысына қатысушылар, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, жасы бойынша зейнеткерлер болып табылатын, кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша жеке тұлғаларға;
— кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша көпбалалы отбасыларға;
— кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша жан басына шаққандағы орташа айлық кірістері облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен табысы аз адамдарға (отбасыларға) осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көрсетіледі.
Бұдан басқа, соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдарда және мемлекеттік емес ұйымдарда жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау және білдіру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі:
— Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылатын адамға;
— Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес талап қоюшыға не жауапкерге және Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасына сәйкес талап қоюшыға;
— Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға, ақталған адамға, жәбірленушіге осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көрсетіледі.
Жоғарыда аталған адамдар тұрғылықты жеріне және орналасқан жеріне қарамастан Қазақстан Республикасының аумағында мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқылы.
Мемлекет кепілдік берген заң көмегінен басқа, Қазақстан азаматтары әлеуметтік жауапкершілікті іске асыру нысандарының бірі болып табылатын және ерікті түрде жүзеге асырылатын тегін кешенді әлеуметтік заң көмегіне жүгіне алады.
Аталған заң көмегі келесі азаматтарға:
— Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж адамдарға;
— атаулы әлеуметтік көмекке құқығы бар адамдарға;
— Ұлы Отан соғысының қатысушыларына және жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген адамдарға;
— басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне;
— бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдарға;
— жасына байланысты зейнеткерлерге;
— арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында тұратын қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға;
— мүгедектігі бар балаларды жалғыз өзі тәрбиелеп отырған не қамқорлығында кәмелетке толған мүгедектігі бар адамдары бар адамдарға көрсетілуі мүмкін.
Ақмола облысының Әділет департаменті халыққа құқықтық көмек көрсетуге, оның ішінде мемлекет кепілдік берген заң көмегі мен кешенді әлеуметтік заң көмегіне қатысты түсіндіру іс-шараларын тұрақты негізде жүргізеді.
Мемлекет кепілдік берген тегін заң көмегін алу мәселелері бойынша Ақмола облыстық адвокаттар алқасына 8705 657 1980 телефон нөмірі арқылы, Ақмола облысының заң консультанттары палатасына 8705 745 02 57, сондай-ақ Ақмола облысының Әділет департаментіне 8 (716 2) 40 15 08 хабарласуға болады.
Әділбай ЕРЖАНОВ,
Ақмола облысы әділет департаментінің бөлім басшысы.