Қазақ тарихының кемел суреткері

Ілияс Есенберлин – 110

Биыл ұлт рухының жыршысы Ілияс Есенберлиннің туғанына 110 жыл толып отыр. Және де Қазақ хандығының құрылғанына – 560 жыл. Электронды кітапханада қазақ халқының ұлттық сана-сезімін оятқан, күллі ғұмырын қазақ әдебиеті мен тарихына арнаған классик жазушының өмірі мен шығармашылығына арналды.

«Қазақ тарихының суреткері…» атты тақырыпта тарихи танымдық сағат өтіп, совет билігінің қылышынан қан тамып тұрған сұрқия жылдары рухымызды көтерген қалам сардары жайлы кеңінен мағлұмат айтылды.

Ілияс Есенберлин тек жазушы ғана емес, халықтың рухани жетекшісі болды. Сол рухани жетекшіміздің өмірін, шығармашылығын тану үшін кітапхана төріне әдебиетсүйер қауым, оқырмандар, «Темірқазық» клубының мүшелері жиналды. Мәлімет айтылды. Бейнеролик көрсетілді. Көрме қойылды. Атақты ақын Ғафу Қайырбековтың:

Адамның да, ақынның,

Еңбекқор бiрi сен едiң.

Ауыртпай жанын жақынның,

Ақырын жылжып жөнелдiң.

Қадiрiң жұртқа мол едi,

Iзiңдi ұрпақ суытпас.

Сен қалдырған өнердi,

Алғысшыл халқың ұмытпас! –

деп тегін жырламаса керек. Иә, Ілияс Есенберлин тарихи тақырыпқа түрен салған жазушы ретінде халықтың жадында қалды. Оның қайраткерлігі мен қаламгерлігі қатар шапты. Алпысыншы жылдардың аяғына қарай елді елең еткізген тарихи туынды өмірге келді. Совет үкіметінің қылышынан қам тамып, жарты бет қағаз жазсаң жарты әлемнің бәлесін басына үйіп-төгіп жаба салатын кез, социалистік-реализмнің талаптарына мүлдем қарама-қайшы әдеби туынды әйгілі «Көшпенділер» трилогиясының бірінші кітабы – «Қаһар» романы болатын. Мұндай көлемді трилогияны жазу үшін адамның өзі ірі тұлға, ірі ойдың иесі, ірі суректер болуы керек.

Әр жазушының есімін әспеттеп, танытып, айшықтап тұратын ерекше туындысы болады. Ал, Ілияс Есенберлинді дүйім қазаққа, тіпті әлем халықтарына таныстырған «Көшпенділер» трилогиясы. Кеңес дәуірінде алғаш рет қазақ прозасында хандар мен билердің образдары сомдалып, таза, ұлттық сипат, сезім, серпін беруімен ерекшеленді.

Мұра етіп қаншама өлең, 50-ге жуық ән мәтінін, 10 дастан қалдырған ақын, 2 повесть пен  17 роман тудырған жазушы бір күні Мұхтар Әуезовтің қабірінің басында тұрып:

«Тұрдым мен пырағыңа басымды иіп,

Толқиды ақыл-ойым жанып күйіп.

Тайпы елдің құшағына сыймас тарлан,

Үш құлаш жерге қалай жатыр сыйып?! – деп толғаныпты.

Жазушының 110 жылдық мерейтойы – оның шығармашылығын жаңғыртуға, жас ұрпаққа мұра етуге тамаша мүмкіндік. Ілияс Есенберлин – қазақ рухының шамшырағы, ұлттық сананың оятушысы. Оның қаламынан туған әрбір шығармасы – ұрпаққа аманат. Сондықтан оның рухани мұрасы әрқашан ұлықталып, кейінгі ұрпақтың санасында мәңгі сақталары сөзсіз. Жазушының 110 жылдық мерейтойы – оны ұмытпай, есімін жадымызда сақтаудың жарқын үлгісі.

Нұрлан ОЛЖАБАЙҰЛЫ,
Көкшетау қалалық электронды  кітапханасының меңгерушісі.

3 Total Views , 1 Views Today

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар