«Әділетті Қазақстан» әділетті қалпында керек

Айтайын дегенім…

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа үміт берген бір сөзі, ол Әділетті Қазақстан! Шынында сол әділет күнделікті өмірде бар ма?! Осы ретте, жақында теледидарда Парламент Мәжілісінің депутаты Ринат Заитовтың шенеуніктерге қойған сауалын сөзбе-сөз келтіруді жөн көріп отырмын.

Ондайларды талай естіп те жатамыз. Әбден құлағымыз үйреніп те кеткен шығар. Дегенмен, депутат сөзіне біздер де құлақ түрейік «көшеде кез-келген адамды ұстап алып кететін ІІМ бар. Оған жоқ жерден айып тағатын прокурорлар бар. Әділетсіз үкім шығара салатын соттар да бар. Сонымен, әділетті Қазақстанды қашанға жоспарлап отырсыздар?» дейді ол. Шынында айтқандарына келісуге болатындай.

Әсіресе, заңнан онша хабардар емес қарапайым халық қайда барып, кімге сенерін білмей, сандалып, табанын тоздырып жүрген жайлар аз емес. Кейбір білетіндер теледидардың «Дау-дамайсыз» бағдарламасы мен «Көреміз» бағдарламасына жүгініп жатады. Оған барғандардың барлығы Р.Заитовтың айтқандарының дәлелі емес пе?! Көбіне «Көреміз» жүргізушісі Руслан Өтепбайдың атына кейбір заңгерлердің өз міндетіне селқос қарап, содан зәбір көріп, шаршап, көмек сұраған хаттар толастар емес дейді. Осындай жандарға қол ұшын беріп, қолынан келгенше білікті заңгерлердің арқасында әділдікке қол жеткізіп жүрген сол жанашыр азаматымыз Руслан Өтепбай жақында экраннан көрінбей кетті. Оның себебін кейбіреулер өздерінше пайымдап, жең ұшынан жалғасқан кейбір жемқор шенеуніктердің бізге де зардабы тиіп кетер деп қауіптеніп, аяқтан шалғандарының салдары болуы мүмкін дегенді айтып жүр. Қалай болғанда да әділдік орнап, осындай жігерлі азаматтарымыздың экранға қайта шыққанын қалар едік.

Ал, енді «Дау-дамайсызға» барғандардың көбінің мәселелері тіпті оп-оңай шешілетін мәселелер, күрделі емес. Соларды әдейі қиындатып, әр нәрсені сылтауратып жүргендері. «Дау-дамайсыз» журналистері барған кезде ғана оңынан шешіліп жатады. Сонда бұларды не деуге болады?! Күні кеше ғана көз жұмған Мұхтар Мағауин бір сөзінде Қазақстан азаматтығын алуға келген қандастарымызды әдейі, қасақана, болмайтын қағаздарды әкел деп талап еткен жайларды мысалға келтіріп еді. Қытайдан келген оралманға туысыңның сотталмағандығы жайлы анықтама талап еткені тағы бар. Қытайлар ондай анықтама бермейді. Сонымен келгендер 2-3 жыл сандалып, азаматтық ала алмай, ақыр аяғында кері қайтып жатқан жайлар болып жатады дейді жазушы. Сонда бұл халықтың санының өсуіне жасалып жатқан қастандық әрекеті емес пе? Ондайларды орындарынан алып, қатаң жазалау керек шығар. Осының бәрі аяқтан шалып тұрғанда, «Әділетті Қазақстан» деп ауыз толтырып айтудың қисыны келе қояр ма екен?!.

Роман САХИҰЛЫ,
зейнеткер.

 

1 Total Views , 1 Views Today

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар