Әйгілі скрипкашы Көкшетауда өнер көрсетті

Саңлақ

Жуырда Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында ерекше оқиға болып, сахна төрінде қазіргі заманғы әлем таныған алдыңғы қатарлы жетекші музыкант, атақты скрипкашы Марат Бисенғалиев пен филармонияның кам ералық оркестрі өнер көрсетті.

Марат Бисенғалиев 1962 жылы Алматы қаласында туып, өзінің бай табиғи дарыны мен ізденісі арқылы осындай биік деңгейге жеткен өнер иесі. Оның әкесі Сәмет, анасы Арухан өнерге жақын жандар еді. Әкесі қазақтың ұлттық аспабы – домбыраны тамаша тартатын. Сонысымен жерлестері ортасында үлкен құрметке ие еді. Оның орындауында Дәулеткерей мен Сейтен күйлері Ташкентте кезінде күйтабақ болып шыққан. Дегенмен, әкесі осылай бола тұра, Мараттың музыкалық қабілеті кешірек оянды. Мектепте жүрген кезінде оны музыка шебері болады деп ешбір жан ойлаған жоқ.

1969 жылы Күләш Байсейітова атындағы музыкалық училищенің скрипка класында оқи бастайды. Сөйтіп, 8 сыныпта Нина Михайловна Патрушеваның тәрбиесін көріп, нағыз ұстазын табады. Сонда ғана скрипкада беріле ойнайды. Оның алғашқы концерттік дебюті тоғыз жасында болған. Бұл күнде Марат Бисенғалиев небір халықаралық байқаулардың лауреаты. Беделді қазылар алқалары қазақ скрипкашысының фантастикалық ойынын, оның жоғары кәсібилігі мен шеберлігін, бай техникасы мен ерекше эмоционалдығын атап өтіп, оның саусағынан бал тамған хас шебер екендігі талай мойындалған. Марат Бисенғалиевтің жыл сайынғы концерттік кестесі жүз отызға дейінгі өнер көрсетулерінен тұрады және  әлемнің 35-тен астам елін қамтиды. Музыкалық Олимпті бағындыру жолындағы алғашқы қадамы 1991 жылы әлемге әйгілі NAGOZ және Маrkо РоIо дыбыс жазу компанияларымен жасалған келісім-шарты болып саналады. Музыкалық училищені бітірген соң ол Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына, профессор Н.М.Патрушеваның класына қабылданады. 1988 жылы ол «Алтын алма» атты жеке батыстық музыка  ұжымдарымен тайталаса алатын камералық концерт береді.

Әйгілі музыкант 1990 жылдан  бастап Англияда тұрады. Осы уақыттан бастап ол белсенді концерт берумен айналысып келеді. 1990 жылы Англия корольдігінің оркестрімен үлкен концерт қойды. Оның есімі кең танымалдылыққа ие болып, әлемді шарлап кетті десе де болады. Сол жылы оны NAGOZ фирмасының менеджері байқап, осы фирмамен жұмыс істеуге келісім-шартқа отыруды ұсынады. Мұның өзі скрипкашы алдында батыстың көптеген концерттік залдарының есіктері айқара ашылуына және әлемдік жетекші маңыздағы оркестрлерде өнер көрсетуіне жол ашты. Марат Бисенғалиевтың біздің Ақмола филарманиясымен шығармашылық  ынтымақтастығы көптеген жылдар бойы жалғасып келеді. Концерттік бағдарламада майталман скрипкашы мен филармонияның камералық оркестрінің орындауында ағылшын композиторы Карл Дженкинстің шығармалары «Шәкәрім» сюитасынан «Зағипа», «Тілеп» сюитасынан би композициялары, Э.Эльгардтың туындылары және тағы басқа музыка жақұттары өнерсүйер қауымның назарына ұсынылды. Кеш соңында ат ақты скрипкашыға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың атынан ықылас гүл шоқтары сыйланды. Көрермен қауым Марат Бисенғалиевтің өнеріне тәнті екенінің белгісіндей, онымен естелік суретке түсті. Сөйтіп,  қазақ өнерінің жарық жұлдызымен көкшелік көрермендер қимай қоштасты.

Қарлығаш ҚАРПЫҚБАЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар