Алпыс жыл тілші! Аман-сау аға, тың жүрші!..

Тоқсанның толғауы

Ардақты есімі газет оқырмандарына кеңінен мәлім, ақынжанды ардагер қариямыз, жергілікті жердегі белсенді авторымыз Қален Нұрмағанбетұлы жайлы сыр-сұхбат бұл. Туған күнін төрт жылда бір атап өтетін жандарды кездестіргеніңіз бар ма?! Бар болуы мүмкін ғой. Солардың бірі – облыстық басылымның белсенді авторларының бірі, Қорғалжын өңірінің тумасы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, негізгі кәсібі есепші, бүгінде зейнеткер осы Қален Нұрмағанбетұлы.

Өз басым ағамызды бала кезімнен білемін, себебі, бір ауылда тұрдық. Тың игерудің қарқын ала бастаған кезі. 1957 жылы Қорғалжын ауданындағы Үш Сарт елді мекеніндегі Молотов атындағы колхоздың үш бөлімшесі қосылып, ірілендіріліп «Қорғалжын» совхозы деген атауға ие болады. Міне, осы жылы орта мектепті бітіргеннен кейін колхозда жер өлшеуші болып жұмыс істеп жүрген жас жігітті есепшіге көмекшілікке қызметке тағайындайды.

Ал, туған күнін неге төрт жылда бір рет тойлап жүргені жайлы ағамыз мына хикаяны алға тартқан еді. «1935 жылы туыппын. Қаңтар айының соңғы күндері болса керек. «Қарлы боран соғып тұрған кез еді», – деп еске алатын анам Шөжен. Қыстаудамыз. Төрт-бес үйміз. Содан не керек, жаңа туған нәрестенің кіндігін көршіміз Жағыпар Садық деген жігіт кесіп, әкемнің ай балтасын қалап әкетіпті. Әкей марқұм осы өңірдегі әйгілі ағаш шебері, әрі темірді терідей илейтін кәнігі ұста еді. 1953 жылы қайғылы қазаға ұшырап, қайтыс болды. Содан туу туралы куәлігіме «29 ақпан» деген белгі соғылады».

Жаңа кеңшар алғашқы жылы 5000 гектарға егін салады. Есепшіге көмекші әрі кассир, сол кездегі нормалаушы, диспетчер міндеттерін қоса атқарып, Қален аға бесаспап мамандар қатарына қосылады. Ауылға жаңадан қоныстанушылар келе бастайды. Жұмыс жанданады. Кеңшарға Хамидолла Сылқымбеков деген жоғары білімді агроном директор болып тағайындалады.

Ардагер ағамыздың 90 жасқа толар туған күні қарсаңында осы «Қорғалжын» совхозының сонау дүрбелеңге толы «нарық» жылдарындағы ыстығы мен суығына араласқан інім Болатты ертіп, Астана іргесіндегі «Үркер» шағын ауданында қоныс тепкен мекен-жайына арнайы сәлем бере барғандағы үшеу ара әңгімеміздің алғашқы парасы осындай деректерді алға тартады.

Бізді құшақ жая қарсы алған ағамыз еңселі үйінің өзіне арналып арнайы жабдықталған екінші қабатындағы бөлмедегі диванға жайғасып, бізге орындық ұсынды. Оң жақ бұрышта жазу столы, үсті толған газет-журналдар. «Егемен Қазақстан», «Арқа ажары», «Ана тілі», «Жас Алаш», «Астана ақшамы» газеттерінің соңғы сандары. «Даттың» да бірнеше саны көрініп қалды. Сол қанаттағы ауқымды шкафтың сөрелері кітапқа толы. Сапарымыздың мақсаты мәлім болған соң, әңгіме одан әрі жалғасты. «Облыстық газетпен бірге жасасып келем десем, артық айтқандық емес» дейді ағамыз тоқсанға қадам басса да, ширақ қимыл таныта оңтайлы орнығып жатып. Алғашқы мақалаларым «Сталин туында» шыға бастады. Ал бертін келе «Коммунизм нұрымен» етене араластым. Науқандық жұмыстар, әсіресе көктемгі егіс, күзгі орақ кезінде редакцияның жігіттері біздің жаққа жиі келетін. Шаруашылығымыз жаңа жерге Шалқар көлінің жағасына қоныстанған кез. Тұрғын үй құрылысының қызған шағы. Ресейдің кейбір аймақтарынан, Украина, Белоруссиядан адамдар келіп, қоныстанып жатыр. Трактор-егіс бригадалары жасақталуда дегендей. Ақмола, Алматы, Мәскеуден қаптаған өкілдер. Қонақжай қазақ емеспіз бе, бәрін құшақ жая қарсы аламыз. Осы қарбалас жұмыстар жайлы өлеңдерімді, мақалаларым мен суреттеме, очерктерімді аудандық, облыстық газетке жолдап жатамын. Жарияланғанын көрсем, қуанып қаламын. Сөйтіп, жергілікті тілші атандым. Ақындықты өз басым, оның оқуы жоқ қой, тағдырдың туа берген дарыны деп танимын, бағалаймын.

– Алпысыншы жылдың жаз айы. Бірде ауылымызға Алматыдан, Ақмоладан жерлес жазушымыз Сейітжан Омаров бастаған бір топ қаламгерлер келді. Арасында ақындар, өнер адамдары, әнші-суретшілер, сазгерлер де бар. Тағы да одан бетер құшақ жая қарсы алдық. Ән айтылды, күй шырқалды. Түрлі сауалдардың түйіні шешілгендей болды. Кең дастархан басына ауылымыздың қариясы, шежіреші Стампол ақсақалды да алдырдық. Салиқалы бір отырыс болды. Ел, жер, егін-шөп, өзен-көлдердің жайы сан алуан пікірлер болып тоғысып, бүкпесіз ортаға салынды. Саясат жайы да сырт қалмады. Жазушылардың қалам тартар тақырыптары да жан-жақты сөз болды. Міне, осы жолы замандасым, жазушы Мәди Хасеновпен жақын таныстым. Жас айырмамыз шамалы. Менің жазған өлеңдерім, әңгіме, мақалаларым осы азаматтың қолынан өтеді екен. Жазғандарым жайлы бірқатар өз ойлары мен пікірлерін айтты. Осыдан бастап екеуміз жиі араласып кеттік.

– Кейін осы бір бас қосудан республикалық, облыстық газеттерде көлемді мақалалар жарияланды. Менің өлеңдерім де басылып шықты. Сейітжан ағаның өз кітабы да жарық көрді. Артық кетті демеңдер, Мәди Хасеновтың мақаласынан өзіме қатысты мына бір бөлігін тыңдаңдар, – деп ағамыз қолындағы қойын кітапшасын ашып, керек тұсын оқи бастады.

«Күннің көзі Шалқар көлінің арғы жағалауына төніп, қоналқыға таялған шақта домбырасын бабымен шерткен Қален бізді үйіріп алды. Он екі жасынан қолына домбыра ұстап, өнерге талпынған, балғын шағында өлең жазып, ән шырқаған осы жігіттің бойындағы ақындық, композиторлық қабілетін Сейітжан аға жазбай танып, оның туған жеріне арнап шығарған «Туған жер», «Сүйгеніме» және «Ақ жауын» әндерін сүйсіне тыңдады.

Балаң болдым балдай тәтті ұйыған,

Уа, туған жер, әр көдеңе сыйынғам.

Бұрқыраған қайран Қара құдығым, –

Нәр-суыңды татып келем бұйырған, –

деп әнін нақышына келтіре, домбыра әуенімен шебер сүйемелдеп шырқай жөнелгенде Сейітжан аға өзінің ерте қоштасқан туған ауылын, Амантай болысын жастық әсерімен еске түсіргендей, елжіреп тыңдап қалатын.

Келесі сәтте Қален сүйкімді тенор дауысымен нәзік сырлы, ойнақы уақиғалы «Ақ жауынды» үзілдірте, ынтықтыра бастап кетеді:

Машинаңды жүргіз деймін,

Жүргіз деймін, Көлжан-ау!..

Сақышжанға көрінейін –

Көрінейін аман-сау.

Ақ жауынның бір тынбауын,

Тоса бер Сен, жетемін мен!

–Қален-ау, мынауың өзі әнмен өрнектелген картина ғой, сөзіне әні лайық екен, шырқауың да әдемі, – деді Сейітжан аға риза пейілмен.

–Ақ жауында асығыс жолға шығып, күпшегіне дейін батпаққа батқан машинамен әуреге түсіп, сүйгеніне жете алмай қапаланған жігіт өзің емеспісің? – деймін мен әзіл тастап.

–Бұл өлең де, ән де Диқанбай деген құрдасым үйленгенде туған еді, – деп әңгімесін одан әрі жалғады ардагер ағамыз.  – Кім білген, қалыңдықты әкелер күні жауын төтеп берсін. Толас жоқ. Ауылдағы ағайындар күтіп отыр. Жолдың жайы мынау. Жүргізушіміз әрі құрдасымыз Көлжанның шеберлігі арқасында, әйтеуір, сол күні келінді құтты шаңырағына қондырып едік.

Рас, соңғы жылдары облыстық газетпен байланысым сирексіп кеткенін мойындаймын. Оған жастың ұлғаюы да себеп шығар. Кейінгі кезде өлеңдер, толғаулар, өмір жайлы, өзім жайлы ой орамдарын жазып жүрген жайым бар. Бәрі денсаулыққа, көңіл-күйге байланысты ғой…

1960 жылдың аяғында көрші ауылдағы Лөкет есімді шопанның Қадиша атты қызына ғашық болып, келер жылдың басында үйленіп тындым. Екеуміз 60 жылдан астам бірге ғұмыр кештік, ұл-қызымыз бар, жеті баланың ата-анасы, немере-шөберелердің ата-әжесі атандық. Бәрі аман-сау, азамат болып өсіп-өнді, осы күнгі көзіміздің қуанышы, жанымыздың рахаты. Өміріме ризамын. Ең өкінішім сол, Қадиша ханым, өзім осылай деп еркелетіп атаушы едім, осыдан екі жылдан астам бұрын мені жалғыз қалдырып, өзі мәңгілік мекеніне аттанып жүре берді. Тағдырдың жазуы осылай болды. Амал қанша, көнесің де… Ағамыз осыны айтып, бір сәт қолындағы қойын кітапшасын сығымдай ұстап, үнсіз отырып қалды.

– Маған мына қолымдағы қаламым, сөредегі кітаптарым қуат бергендей, – деп сәлден соң әңгімесін одан әрі жалғады. –Уақытымның көбі кітап оқу, ойға келген жайларды қағазға түсірумен өтеді. «Өмір саған ырзамын, Мырзалығың – өмір беріп, өнермен ырза қылдың», – деп жазғаным да бар. Соңғы жылдары қалам тартқан өлең, толғаулар мен ой орамдарымды жинақтап, «Сағыныш саздары деген кітапқа топтастырып отырмын. Бір парасын редакцияға да жолдамақпын…

Біздің тарапымыздан бұған қоса айтарымыз, Қален ағамыздың бірқатар әндері, толғаулары қазақ радиосының алтын қорына жазылып алынған. Мәселен, оның «Әнім сенсің, Шалқарым» әні қазақ радиосының эфирінен арнайы хабарлар кезінде беріліп тұратындығының куәгеріміз. «Асу да асу асқанда» романы, «Қабандар», «Қар адамының қайта оралуы» хикаяттары, «Солайы солай болды» әзіл-қалжың кітаптары жарық көрген.

– Ал, өзің ыстық-суығын бірге көріп келе жатқан «Арқа ажары» менің рухани кеңесшім, қолдаушым, – дегеннен кейін әңгіме одан әрі жалғасты. – Бір ғасырдан астам тарихы бар халқымыздың біртуар ұлы Сәкен Сейфуллин негізін қалаған облыстық басылым менің бойтұмарым іспетті. Редакция қаламгерлерінің қолдауымен Қазақстан Журналистер одағына мүшелікке қабылдандым, бірнеше рет жұмысшы-тілші слеттеріне қатысып, жүлдегер атандым. Бірқатар мақалаларым жақсы жағынан аталып өтіп, басшылықтан арнайы хат-хабар алғандарым бар. Жоғарыда айтып өттім ғой, Мәди Хасеновпен, Октябрь Әлібековпен жиі араластым. Өзара жазысқан хаттарымыз менде әлі күнге дейін сақтаулы…

– Газеттерің заман талабымен үндесе үн қатуда. Жыл сайын жаздырып аламын. Бізде пошта байланысы жақсы, үзбей келіп тұрады, тек әлгі электронды нұсқасын оқи алмаймын. Сейсенбі, сенбі күнгі сандарын бастан аяқ оқып отырамын. Қазір бұрынғыдай емес, түрлі-түсті болып боялып, ажарлы шығады. Өзіңді «мені оқы» дегендей тартып тұрады. Материалдар ауқымы да, әртүрлі, өзекті мәселелерді қамтиды. «Тарихыңды таны» арнаулы беті, басқа да кей тақырыптық беттер, Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жыл толуына арналған материалдар, ауыл-село тіршілігі, жастар тәрбиесі, басқа да әлеуметтік мәселелер бірімен бірі үндесіп жатыр. Тек жергілікті қаламгерлеріміздің әдеби шығармалары тұрақты жарияланып тұрса деген тілегім бар. Жабал мен Қайырбайға осы сәлемімді айта бар, – деп ағамыз бір тыныстап алды.

– Аптасына бір-екі рет ауылдастар, өздерің қатарлы бұрыннан араласып жүрген інілерім, балаларымның жолдастары сәлем беріп, кіріп шығады. «Қалдарың қалай?» деймін ғой баяғы. «Шүкір, жақсы, қиындық та бар», – дейді. «Оу, айналайындар-ау, қай уақытта оңай болып еді. Қиынның қиыны – өмір сүру. Жас кезіңде әке-шешең болды, күтіп-бақты, тәлім-тәрбие берді. Ер жеттің, оқыдың, білім алдың, сауатың мол. Ендігі жауапкершілігің өзіңде, қиындықты жеңе біл. Қазіргі жағдайда ондай-ондай әркімнің басында бар. Ретін, есебін тап, білімің, ақылың көмектессін, – деймін.

Бір мысал айтайын. Бала кезімізде бәріміз, өзім қатарлы құрдастарымды айтам, талай қиыншылықты бастан өткердік. Үш Сарт ауылында жалғыз қара құдығымыз болды. Іргедегі көл қыста қатып қалады. Өзеніміз 5-6 шақырым жерде. Ауылдағы мал-жанды судан қысы-жазы осы қасиетті құдығымыз тарықтырмады. Ас-суымыздың тапшылығы, киім-кешегіміздің жұтаңдығы өз алдына. Оны айтып отырған жоқпын. Жақсылық алда, келеді деген үмітте болдық. Соған сендік. Есейе келе одан сайын бәрін ой елегінен өткіздік, түсіндік. Елдің жағдайы бері қарауына, өсіп-өркендеуіне әркім өз үлесін қосты. Бүгінгі күні де алға сеніммен қарайық. Болашақ жастардікі, тек орындаймын, жүзеге асырамын деген арман-мақсаттарың болсын. Егеменді ел атандық, қиындықтар болды. Одан да аман-есен өттік. Болашағымыз айқын. Әлі де кездесіп қалар уақытша ауыртпалықтарға мойымаңдар, адал еңбек етіңдер. Міне, кейінгі ұрпаққа менің айтар ақылым осы.

–Тоқсан жыл ғұмыр кешіп, оның 60 жылдан астамында облыс айнасы «Арқа ажарымен» бірге жасасып келе жатқанымды мақтан тұтамын, – деп тағы бір серпіліп алды ағамыз. –Біле білсеңдер, Бейімбет Майлиннің мынадай бір айтқаны бар. Қален аға тағы қолындағы күнделік-дәптеріне үңілді. –Мінекей, «Тілші еңбегі күрделі еңбек. Тілші елдің қалың ортасында отыр. Ел күйін көзімен кешіріп, мұң-мұқтажын үкіметке жеткізіп отыр», – депті. Соның бірі – мына мен. Осы жылдарда жазғандарымның, газет, журналдарда шыққан дүниелерімнің  бәрін жоғалтпай, сақтап жүремін. Шыққаны бар, жарық көрмегені бар, төрт шабаданға жүк болып толып тұр. Әлі де ойыма түйгендерімді қағазға түсіре берерім айқын. Редакциядағы қыз-жігіттердің бәріне ризамын. Қолымды қағып көрген жоқ. Осы жасымда ғасырдан астам тарихы бар, дауылпаз ақын, біртуар тұлға Сәкен Сейфуллин ұйымдастырған «Тіршіліктен» бастау алған басылымның елдегі тілшісі болғанымды мақтан тұтамын.

Ағамызбен арадағы әңгіме қанша отырсақ та, таусылар емес. Осы шаңырақтың отанасы – қызы Сәуле келіп, шайға шақырды. Дастарханнан дәм татып, тоқсан жастағы қарт тілшімізбен қоштасып, сыртқа беттедік. Көпке дейін көз алдымызда өмірге құштар, сөзіне мығым асыл аға бейнесі кетпей тұрып алды.

Бәдуан ИМАШҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері,
Қорғалжын ауданының құрметті азаматы.

 Құрметті Қален Нұрмағанбетұлы!

Сізді бір ғасырдан астам бай тарихы бар Ақмоал облыстық «Арқа ажары» газетінің байырғы тілшісі ретінде 90 жасқа толған туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймыз!

Редакцияға жолдаған алғашқы хат-хабарларыңыз өткен ғасырдың елуінші жылдарындағы «Сталин туынан» бастап, осы күнге дейін үзбей жарияланып келе жатқандығын оқырмандарымыз жақсы біледі. Оның бер жағында Сіз жаныңызға ақындықты серік еткен, жұртшылыққа сазгер-әнші, шежіреші ретінде танылған белгілі тұлғасыз, қарымды қаламгерсіз. «Асу да асу асқанда» романыңыз, «Қабандар», «Қар адамының қайта оралуы» сияқты хикаяттарыңыз кезінде оқырмандар ілтипатына бөленгенін ерекше атап өткіміз келеді. Бірнеше әндеріңіз Қазақ радиосының Алтын қорына жазылып алынған.

Осынау мерейлі абыз жасыңызға да өзіңізге тән сергек ой, қарымды қалам қуатымен келіп отырсыз. Осы жақсы қалпыңыз алда да өз жалғасын тауып, денсаулығыңыз зор, өмір жасыңыз ұзақ болсын! Сіздей қазыналы қартымызға өмірдің бар жақсылығын, отбасы қуанышы, немере-шөберелердің қызығын тілейміз!

Ізгі ниетпен,
«Арқа ажары» газеті редакциясының ұжымы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар