6 сәуір – Геолог күні
Елімізде 6 сәуір – Геолог күні 2011 жылдан бастап атап өтіледі. Газет тілшісі осы мереке қарсаңында «Солтүстікқазжерқойнауы» өңіраралық геология департаменті басшысының міндетін атқарушы Ақмарал Ғалымжановамен сұхбаттасып, өңірде геология саласына қатысты атқарылып жатқан жұмыстар мен пайдалы қазбаларды зерттеу мен зерделеудің жай-жапсарын сұрастырып білді.
– Ақмарал Ғалымжанқызы, сіз жетекшілік етіп отырған мекеме құзырындағы жер қойнауын геологиялық зерттеуге қатысты негізгі міндеттерді айтып берсеңіз.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған соңғы Жолдауында: «Өз шикізатымыз бен құрал-жабдықтарымызды барынша пайдалану, ірі кәсіпорындарға жапсарлас өндірістер ашу маңызды» деген болатын. Бұл орайда, өңірдің геологиялық саласын дамытудағы біздің мақсатымыз мемлекеттің экономикалық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жер қойнауына геологиялық барлау жүргізу арқылы минералды шикізат базасын ұтымды пайдалану мен оны толықтырудың тиімді мемлекеттік жүйесін қалыптастыру екені сөзсіз. «Солтүстікқазжерқойнауы» мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитетінің аумақтық органы болып табылады. Бұл мекеме Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарына мемлекеттік геологиялық зерттеу жасап, минералды шикізат базасын молайту үшін нақты мақсаттар мен бастамаларды жүзеге асырады. Республикамыздың Солтүстік аумағы өнеркәсіп үшін пайдалы табиғи ресурстарға бай. Солтүстік Қазақстанның минералды шикізат базасында отын-энергетика кешенінің және сонымен қатар, асыл және сирек кездесетін металдардың кен орындары бар. Сондай-ақ, бұл өңірлерде көмір, уран, алтын, темір сияқты шикізат көздерімен қатар, керамзитті және бентонитті саздар, саздақтар, әктас, кірпіш, цемент қорлары барланған кен орындары жұмыс істеуде. Жыл сайын департамент Солтүстік Қазақстан аумағын геологиялық зерделеу, оның минералды шикізат базасын орнықты толықтыру, дамыту, қолдау және пайдалы қазбалардың болжамды ресурстарын бағалау мақсатында кешенді жоспарларды жүзеге асырып жатыр. Бүгінде іздеу-барлау жұмыстарының нәтижесінде өңірдің шикізат қоры артып келеді. Жер қойнауын минерагендік және терең зерттеулерден соң, ол жер картаға түсіріліп, пайдалы қазбалардың таралуын бақылайтын геологиялық құрылым элементтерін және кен орындарын анықтау үшін кешенді өңірлік геологиялық-геофизикалық жұмыстар жүргізіледі. Содан соң, перспективалы кен объектілерінде асыл және түсті металдардың болжамды ресурстарын қабылдау көзделеді. Біздің бұл жұмыстарымыздың нәтижесі елдің индустрия саласының дамуы үшін тұрақты шикізат базасын қамтамасыз етуге және жаңа кен орындарындағы геологиялық зерттеу мен барлауды жандандыруға өз ықпалын тиігізіп отыр деп сеніммен айта аламын.
– Енді «Солтүстікқазжерқойнауының» Ақмола облысы бойынша атқарып жатқан жұмыстарына нақтырақ тоқталып өтсеңіз…
– Департамент қызметінің базасында 700-ден астам жер қойнауын пайдалану объектілері бар. Оның 424-і осы Ақмола облысына тиесілі. Бұл үлкен көлем. Өткен жылы қатты пайдалы қазбаларды барлауға және өндіруге 402 келісім-шарт жасалып, кең таралған пайдалы қазбаларға 280 лицензия берілді. Ал, жыл басынан бері облыста осындай 31 келісім-шарт жасалып, пайдалы кен орындарын игеруге 209 лицензия тағайындалды. Қазіргі уақытта жеке компаниялардың қатысуымен Ақмола облысындағы 3 объектінің жер қойнауына барлау жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 200 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Бүгінде біздің геолог мамандар Есіл ауданында алтын мен мыс іздестірумен айналысып жатыр. Облыс бойынша 214 бақылау пунктінде жерасты суларының режимі мен жай-күйіне зерттеу жүргізілуде. Сонымен қатар, өздігінен ағатын бес бірдей гидрогеологиялық ұңғымалар табылып, жыл аяғына дейін оларды жою көзделіп отыр.
–Осы ретте, шикізат базасын толықтыру қалай жүргізіліп жатыр?
–Жыл сайын мемлекет сала қажеттілігі үшін бюджеттен қажетті қаражатты бөліп береді. Соңғы жылдары жүргізілген өңірлік геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелеріне сәйкес, кен тораптары бөлініп, одан әрі іздестіру және бағалау жұмыстарын жүргізу үшін перспективалы учаскелер анықталды. Солтүстік өңірдің аумағында жүргізіліп жатқан барлық зерттеулер тау-кен өндіру мен металлургия салаларының одан әрі тұрақты дамуына ықпал ететініне сенім мол. Тау-кен кәсіпорындарының қорларын толықтыру да геологтар алдындағы жауапкершілікті іс болып отыр. Бұл қабылданып жатқан шаралар мейлі, ол мемлекеттік бюджет есебінен болсын, жер қойнауын пайдаланушылардың өз қаражаты есебінен болсын, барлық геологиялық барлау жұмыстары пайдалы қазбаларды іздеуге және Қазақстан Республикасының шикізат базасын толықтыруға бағытталған. Жыл сайын жүргізілген геологиялық зерттеулердің нәтижелеріне сәйкес, мемлекеттік бюджет есебінен түрлі пайдалы қазбалардың алтын, боксит, мыс сияқты және тағы басқа да болжамды ресурстары бар алаңдар мен объектілер анықталуда. Оларды өнеркәсіптік санаттарға ауыстыру және қорларды мемлекеттік есепке қою үшін одан әрі егжей-тегжейлі геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу күн тәртібінде тұрған мәселе. Соңғы жылдары Солтүстік Қазақстан өңірі объектілері бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың өз қаражаты есебінен ондаған тонна алтын, мыңдаған тонна мыс, вольфрам, қалайы және басқа да өнімдер алынды. Тау-кен кәсіпорындарын қорлармен қамтамасыз ету көптеген жылдарға созылады, бұл минералды шикізат базасын толықтыру қажеттілігін тудырады. Өндіріс көлемінің ұлғаюына сәйкес, оның минералды шикізат базасын да үнемі жаңартып отыру қажет болады.
–Жер қойнауына геологиялық барлау жүргізетін мамандарға сұраныс әрдайым жоғары екені белгілі. Жалпы, өз ойыңызша, геолог болу үшін қандай қасиеттер қажет?
–Қатты пайдалы қазбаларға, көмірсутек шикізатына және жер асты суларына геологиялық барлау, іздестіру жұмыстарының мемлекеттік жүйесін жетілдіру үшін мекеме тарапы жыл сайын кешенді шаралар қабылдайды. Осы жұмыстарды іске асыру үшін білікті де білімді геологтар қажет екені сөзсіз. Өңірдің геологиялық саласын кадрлық қамтамасыз етудің маңыздылығы жыл сайын артып келеді. Минералды ресурстарға және жаңартылатын энергия көздеріне сұраныстың өсуін ескерсек, бұл орайда, геологтардың да қажеттілігі өткір тұрған мәселе. Сол себепті геологиялық қызмет, жер қойнауын зерттеу саласына жоғары білікті кадрларды даярлау ерекше назар аударуға лайық деп ойлаймын. Геология – барлық тау-кен қойнауын, жер асты суларын зерттейтін ғылым. Геологтар – пайдалы қазбалары бар кен орындарын іздеумен және бағалаумен айналысатын мамандар. Олар өздері алған арнайы білім мен дағдыларын іске асыру үшін немқұрайдылық танытпауға тиіс. Сондай-ақ, кім де кім өз өмірін геологиямен байланыстырғысы келсе, ол ұзақ мерзімді жұмыстарға дайын болуға тиіс. Геолог ұзақ та ауыр сапарлардан тұратын экспедициялардан соң жазбаларды өңдеу, зерттеу, микроскоппен бақылау сияқты жұмыстармен де шұғылданады. Геолог болғысы келетін кез-келген адамға ең алдымен, шыдамдылық пен төзімділік қажет. Геолог мамандығы бұрынғы кезде кәдімгі әркім құштар болатын романтикадан тұратын. Сонысымен де бағалы саналып, жастарды тарта түсетін. Бұл қазір де бар. Дегенмен, ол кездегідей емес сияқты. Сондықтан, бізге бұл мамандықтың да қадірін арттыру қажет.
– Кәсіби мереке қарсаңында әріптестеріңізге деген тілегіңіз бен лебізіңізді де білдіре кетсеңіз.
– Геолог күні Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінің барлық геологиялық және өндіруші ұйымдарында атап өтіледі. Осынау мерекеде геологияға өмірін арнаған сала ардагерлеріне ерекше алғысымды білдірсем деймін. Бүгінгі таңда саланың беделін сақтау және оны арттыру бойынша жүйелі және мақсатты жұмыс жүргізіліп жатыр. Барша білікті мамандардың тәжірибесі жас ұрпаққа дәстүрлі түрде беріліп отырғаны маңызды. Геолог барлық уақытта ең құрметті және ардақты мамандық иесі болған және бола да береді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, құрметті геологтар, сіздер Қазақстанның өркендеуі үшін әлі талай көптеген керемет жаңалық ашасыздар дегім келеді әрі Қазақстанның барлық геологтарын кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Сіздердің еңбектеріңіз және көбіне ен далада өз кәсіптеріңізге жұмсаған күш-жігерлеріңіз лайықты бағасын алсын. Отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін!
– Жан-жақты әңгімеңізге рахмет! Сізді де кәсіби мерекеңізбен құттықтай отырып, қызметіңізге табыс тілейміз!
Сұхбатты жүргізген Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
7 Total Views , 1 Views Today