Жұмабек Тәшенов – 110
Қазақтың біртуар азаматы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтің «Маған керегі лауазым емес, қазақ халқының бірлігі мен жерінің тұтастығы» деген жалынды сөзі бар.
Ұлтының басына күн туған қиын кезеңдерде биіктен табылған ол қазақ жерінің ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеуі үшін жан аямай күрескен отаншыл перзент. Ата-баба аманатына адалдығымен, жерін жатқа беруге қарсы күрескен ерлігімен есте қалған қайсар азамат.
Жұмабек Ахметұлы Тәшенов 1915 жылдың 20 наурызында Ақмола облысы Аршалы ауданының Танакөл ауылында туған. Жуырда ғана туғанына 110 жыл толып кетті. 1933 жылы Ақмола құрылыс техникумына оқуға түсіп, бір жылдан кейін ол оқуынан шығуына тура келіп, еңбекке араласады. Бірақ, кейін бәрібір бұл оқу орнын бітірген.
Қызмет жолын әуелде аудандық атқару комитетінің хатшылығынан бастайды. Ол кезде Тәшенов 19 жаста болған. Кейін 25 жасында облыстық жер бөлімі бастығының орынбасары болды. 29 жасында облыстық партия комитетінің хатшысы қызметіне көтерілсе, 37 жасында Ақтөбе облысы партия комитетінің бірінші хатшысы болып, үлкен бір аймаққа басшылық етті. Ал, 1955-1960 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы, 1960-1961 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды.
«Өткен ғасырдың 60-ыншы жылдарының бас кезінде Кеңес Одағы Коммунистік партиясының бас хатшысы Никита Сергеевич Хрущев Қазақстанның бес облысы (Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Ақмола, Павлодар) кірген Тың өлкесі деп аталатын құрылым арқылы осы өлкені тікелей Ресейге бағындырып, іс жүзінде қазақ жерін күштеп бөлшектеуге жанталаса ұмтылған кезде республиканың аумақтық тұтастығына айтарлықтай қатер төнген еді. Бағымызға қарай, осы Хрущевтің буынсыз жерге пышақ ұрған ұсынысына, өжет басшы – Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Ж.Ташенов батыл қарсы шықты. Нақтылап айтсақ, Н.Хрущев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюро мүшелерін түгел Мәскеуге шақырып, Қазақстанның солтүстігіндегі бес облысты Ресейге қосу туралы мәселені талқыға салғанда Ж.Тәшенов тұрып: «Я родом из Акмолинска. Двенадцать лет работал в Северо-Казахстанской области. Мои родители и их родители, да и все наши предки покоятся на этой земле. И вы теперь хотите эту землю передать России? Вдумайтесь, товарищи, какой казах с этим согласится?.. Я, например, категорически против постановки данного вопроса!..» деп тойтарыс берген. Осы бірауыз тарихи сөз Қазақстанның солтүстік облыстарын Ресей құрамына өтіп кетуден сақтап қалғаны айна-қатесіз ақиқат». Міне, бүгінгі тарихи естеліктерде осылай жазылады.
Жұмабек атамыз өзінің саясаткерлігі мен шешендігі, сауаттылығы мен салмақтылығы арқылы қазақ жерінің тұтастығы үшін күресті. Мансап пен пенделік нәпсіге құл болудан ада болды, жалтақтаған жағымпаз тұлғалардың алдында өзінің ар-намысының биіктігі мен ата-баба аманатына адалдығын көрсетті. Жерге қорған, елге тұтқа болды.
«Маған керегі лауазым емес, қазақ халқының бірлігі мен жерінің тұтастығы. Ол арманыма жеттім. Елім, жерім орнында» деген Жұмабек Тәшенов осылайша Қазақстан жерінің тұтастығын сақтап қалды.
«Егер ол мансапқұмар болса, бәріне бас изеп, үнсіз келісе берер еді ғой. Жоғары қызметінде қала берер еді. Жоқ, ол ондай болған жоқ. Әрине, оны қызметінен алған кезде жұмысына жоғары жақтың көңілі толмайды деген бұйрықпен босатқан. Сөйтіп, Шымкентке жіберіліп, әкем өмірінің соңына дейін сонда тұрды. Халық құрметтейтін, бағалайтын. 60-қа келген кезде зейнетке шығарды. Ол кезде де біраз жұмыс атқаратын күш-қуаты бар еді. Өзі қарап отыра алмайтын. Зейнетке шыққан соң зерттеу институтында жұмыс істеді» дейді ұлы Саян Тәшенов өз естелігінде.
Міне, туған халқына сіңірген еңбегі осындай Жұмабек ағамыз 1986 жылы 18 қарашада 71 жасында дүниеден өтті. Егер сол кезде көзі тірі болса, артынша ала құйындай қазақ халқының басынан өткен, қазақ жастарын басып-жаншыған Желтоқсан көтерілісі күндері, одан кейін де өзінің айтар сөзін батыл айтар еді. Өйткені, Жұмабек Тәшеновтай ердің, арыстандай айбатты жанның мұндайда да үнсіз қалуы мүмкін емес.
Тұтас ұлтты уысында ұстамақ болған Кеңес империясының «сөзім – сөз, айттым – бітті» деген ұрда жық басшысына тайсалмай қарсы тұрып, дәлелді уәжі арқылы тойтарыс бере білген Жұмабек Тәшенов ерлігі бүгінгі ұрпақ санасында өшпеуі тиіс.
Қарсы тұрып кеңестік сол сойылға,
Өз басы емес,
Ел тұрды оның ойында.
Мәңгілікке жаны кейін жай тауып,
Ұйықтап жатыр Сырдария бойында.
Тарлан тарих ашса ақиқат есігін,
Сағыныпты асыл ұлы Есілін.
Ескерткіші бой көтеріп еңселі,
Астананың көшесі алды есімін.
Көрмесе де осы азат кезеңді,
Ерлігін еш ұмытпайды елі енді.
Туған елдің қай жерінде жатса да,
Барша қазақ жүрегінде жерленді.
Дақ түсірмей ар-намысы, салтына,
Дем біткенше қызмет етті халқына.
Батырлығы аңыздайын айтылар,
Қайталанбас болмысы зор нар тұлға!
Ералы ЕСІМОВ,
зейнеткер.