6 сәуір– геологтар күні
Су – тіршіліктің қайнар көзі. Ол адам баласы мен тұмса табиғаттың тамыры іспетті. Бұл тіршілік көзі ауыл шаруашылығының өсіп-өнуінен бастап, тұтас қалалардың дамуының, ұлт денсаулығының тұрақты қалыптасуына дейінгі барлық саланың негізін құрайды. Бірақ, бұл ресурсқа баршаның да қолы жету үшін жерасты әлемін бес саусағындай білетін мамандардың маңдай тері мен білім-білігі қажет. Осыны естен шығармауымыз керек.
Геолог күні қарсаңында біз жер асты суларын іздестіріп, барлау жүргізіп, оны зерттеп-бағамдап, сақтап қалу жолдарын қарастыратын мамандар мен «Көкшетаугидрогеология» акционерлік қоғамы компаниясы туралы айтқымыз келіп отыр.
Кезінде шағын станциядан бастау алған акционерлік қоғамының бүгінде 85 жылға жуық тарихы бар. 1940 жылы ол КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі жанындағы Геология комитетінің №122 бұйрығымен Солтүстік Қазақстан су режимі станциясы болып ұйымдастырылған. Ол кездегі міндеті Көкшетау және Солтүстік Қазақстан облыстарының кең-байтақ аумағындағы жер асты суларының режимі мен балансын зерттеу болатын.
Станцияны алғашқы жылдары геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, кейінірек ғылым докторы атанған, Белорус КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Александр Лавров басқарды. 1960 жылы сол станция Герман Рейшофтың жетекшілігімен Солтүстік Қазақстан гидрогеологиялық экспедициясы болып қайта құрылды. Ал, еліміз егемендікке қол жеткізіп, Қазақстан тәуелсіз ел атанғаннан кейін ол «Көкшетаугидрогеология» акционерлік қоғамына айналды. 1990 жылдардағы қиындықтарға қарамастан, компанияның тұңғыш президенті, ғалым-зерттеуші, көптеген ғылыми кітаптардың авторы Айтқажы Қазбековтің біліктілікпен басқаруының арқасында кәсіпорын сақталып қалып, жаңа кезеңге дұрыс бейімделе алды. Кейіннен аталмыш кәсіпорынды С.Соловьев басқарып, компания тұрақты дамудың тағы бір жаңа жолына қадам басты. Бүгінде осы басшылардың сара жолын жалғастырып, компанияға Сансызбай Хаметов бас директор болып отыр.
Сонымен, «Көкшетаугидрогеология» акционерлік қоғамы бұл жай ғана инженерлік компания емес, ол жобалық-іздестіру, гидрогеологиялық және геофизикалық жұмыстарды ауқымды түрде жүзеге асыратын сарапшылар тобы. Олардың негізгі қызмет бағыттары жер асты суларын іздеу және барлау, мемлекеттік органдардағы су резервтерін бекіту, гидрогеологиялық және инженерлік-геологиялық ұңғымаларды бұрғылау, геофизикалық зерттеулер және топографиялық-геодезиялық жұмыстармен айналысу, елді мекендер мен өнеркәсіптік орындарын сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту және салу секілді жұмыстарды атқаруға бағытталған.
Компанияның басты ұстанымы – озық технологиялар мен жоғары сапалы стандарттарды қолдана отырып, жер асты суларын іздеу және барлау, сондай-ақ, құрылыс жұмыстарын орындау арқылы елді мекендерді тұрақты түрде ауыз сумен жабдықтауды қамтамасыз ету. Біздің компания суды өндіруге ғана емес, ресурстарды пайдалану мен толықтыру арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді.
2001 жылдан бері компания Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында 100-ден астам су құбыры нысандарын салып, пайдалануға берді. 600-ден астам елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етіліп, емдік минералды жер асты суларының базасы жасалды. Барланған ірі кен орындарының қатарына Шағалалы, Щучинск, Раздольный, Леонидовка, Иверск, Заградовка, Спасск және тағы да басқалары жатады.
Гидрогеологтың жұмысы дәлдікті, геологиялық процестерді терең білуді және нақты есептеулерді талап етеді. Мәселен, бір зерттеудің өзі бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен мұрағаттық және картографиялық материалдар талдаудан өтеді, одан әрі бұрғылау, гидродинамикалық және геофизикалық зерттеулер жүргізіледі, ол сынама алу, су мен су шыққан жердің өзегіне зертханалық талдаулар жасаумен жалғасады. Бұл процестер одан әрі модельдер мен болжамдар жасауға ұласып, жобалық шешімдер әзірленеді.
Жалпы, біздің кәсіпорын жер асты суларының жай-күйін – оның деңгейін, химиялық құрамы мен динамикасын үнемі қадағалап отырады, бұл климаттың өзгеруіне байланысты сумен жабдықтауды және су бұруды саналы түрде жоспарлауға мүмкіндік береді.
«Көкшетаугидрогеологияда» көп жылдан бері еңбек етіп жүрген салалық және ғылыми тәжірибесі мол, жоғары білікті мамандар – инженерлер, гидрогеологтар, геофизиктер, конструкторлар, сарапшылар жұмыс істейді. Геология саласындағы жалпы кадр тапшылығына қарамастан, біздің компания өңірдегі университеттермен бірлесе, табысты жұмыс істеп келеді. Жоғары оқу орындарының студенттеріне компания тағылымдамадан, тәжірибеден өтуге және кәсіби қоғамдастықтың бір бөлігі болуға қолайлы мүмкіндік туғызып отыр. Бұл арқылы жас мамандар өздеріне келешекте қажетті құнды тәжірибе жинақтайды, ал, біз салаға жер қойнауын зерттеушілердің жаңа буынын дайындап, тартамыз.
Жұмысымызды түйіндейтін болсақ, климаттың өзгеруі, халықтың жылдам өсуі мен қоршаған ортаның ластануы әлем бойынша таза суға қол жеткізудің ең өзекті мәселелердің біріне айналуда. Жер асты сулары – бұл әрбір тіршілік иесі аса жауапкершілікпен және ұқыптылықпен қарауы тиіс құнды қор. Сондықтан, табиғат-ананың қойнауынан шығатын судың да сұрауы барын ұмытпайық. Мұны біз, геологтар өзіміздің жанкешті жұмысымыз арқылы біліп, жете көз жеткізіп отырмыз.
Ербол ӘДІЛХАНОВ,
«Көкшетаугидрогеология» акционерлік қоғамының бас инженері,
Азамат ЖҮСІПОВ,
бас гидрогеологы.