Жол-көлік оқиғалары жиілеп кеткен

Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазановтың төрағалық етуімен облыс әкімдігінде жол-көлік оқиғаларының себептерін анықтау және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру шаралары бойынша ведомствоаралық жұмыс тобының отырысы өтті.

Жұмыс тобының отырысына Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті Ақмола облысы бойынша департаментінің, облыстық прокуратура, полиция департаменті, білім және денсаулық сақтау басқармалары, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығының өкілдері, сондай-ақ, қалалар мен аудандардың әкімдері, прокурорлары мен полиция бөлімдерінің басшылары қатысты. Күн тәртібінде жол-көлік оқиғаларының жиілеу себептері және оларды азайту мақсатында мемлекеттік органдар қабылдап жатқан шаралар туралы мәселелер талқыланды.

Отырыс барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары өңір халқының қауіпсіздігі ерекше бақылауда тұрғанын атап өтті.

– Бүгінгі отырыста жол-көлік оқиғаларының себептері мен олардың орын алуына ықпал ететін жағдайларды анықтап, жою бойынша нақты әрі тиімді шараларды әзірлеуіміз қажет, – деді осы тұрғыда Е.Рамазанов.

Ақмола облысы бойынша Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті департаментінің басшысы Серікжан Мырзалының баяндауынша, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында облыста жол апаттарының саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 73 пайызға артқан. Онда жарақат алғандар саны 140-тан 280 адамға дейін өскен. Мұндай оқиғалардың негізгі себебі – жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуы және көлік жүргізу мәдениетінің төмендігі. Барлық жол-көлік оқиғаларының 158-і жүргізушілердің кінәсінен орын алған, ал, 103 жағдайдың жол сапасындағы олқылықтарға байланысты болғандығы анықталып отыр.

Отырыс қорытындысы бойынша жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында алдын алу шараларын күшейту, жүргізушілердің біліктілігін арттыру және көлік жүргізу мәдениетін қалыптастыру жұмыстарын жандандыру туралы шешім қабылданды. Барлық мүдделі мекемелердің қатысуымен жол қауіпсіздігін кешенді тексеру әдістемесі енгізілетін болады.

Алдағы уақытта мұндай тексерулер тұрақты түрде барлық аудандарда жүргізілмекші. Жол апаттары жиілеген өңірлерде жағдайды бақылауға алу үшін облыстық комиссия арнайы тексеру жұмыстарын жүргізетін болады.

Ведомстволық органның мәліметінше, 17 наурыздан бастап «Астана – Бурабай», «Астана – Павлодар» ақылы тас жолдарында орнатылған аркалардағы аппараттық-бағдарламалық кешендер орташа жылдамдықты тіркей бастады. Ақмола облысы бойынша екі аптадан аз уақыт ішінде 3500-ден астам құқық бұзушылық анықталып, жалпы сомасы 38 миллион теңгеден асатын айыппұл салынды. Тіпті, рульде отырған кей тәртіп бұзушылардың сағатына 200 шақырымнан жоғары жылдамдықпен жүру жағдайлары тіркелген, ал, рұқсат етілген ең жоғары шек сағатына 140 шақырым екендігі белгілі. Осындай өзіне де, өзгеге де қауіпті асыра сілтеушіліктерге батыл тосқауыл қойылмаса, іс одан бетер насырға шабатыны түсінікті.

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар