Шәкірт лебізі
«Оқушы деген қап емес, ішіне не болса соны сыйғыза беретін. Ол – шамшырақ, тек жаға білу керек» деп көпшіліктің сүйікті фильмі – «Менің атым Қожада» Рахманов ағай айтқанындай, оқушылардың шамшырақ болып маздауы ұстаздарына тікелей байланысты.
Сәйкесінше, дарынды оқушылардың жұлдызын жағып жүрген ұстаздарымыз да жетерлік.
Мәселен, сондай ұстаздардың бірі Айжан Жолаушыбай. Айжан апай Целиноград ауданының Ы.Алтынсарин мектебінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады. Ол аядай ғана мектепте оқушыларды пікірсайыс өнеріне баулып, талантты оқушылардың додалардан жеңіспен оралуына өз септігін тигізіп жүрген ұлағатты ұстаз. Сонымен қатар, Айжан Жолаушыбай аудандық пікірсайыстарды ұйымдастырып, оқушылардың өзіне деген сенімділігін, көшбасшылық қабілетін дамытуға ерен еңбек етіп келеді. Тек пікірсайыспен тоқтап қалмай, оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын ояту үшін «Ауылға Kitapal» жобасында ерікті болып жұмыс істеп, ауданымыздың мектептеріне кітап жеткізеді.
«Сегіз қырлы бір сырлы» деген сөз Айжан апай жайлы айтылған. Бұған себеп көп. Мәселен, Айжан Жолаушыбай «Ойорда» оқырмандар клубының белсенді мүшесі болса, әрі «Ойорда оқырман оқушы» жобасының жетекшісі. Аталмыш жоба бойынша мектептерде әртүрлі кітапталқылар өткізіп, Қазақстанды кітап оқитын елге айналдыру мақсатына үлес қосып келеді.
Ұстазымыз осы іс-шаралармен ғана шектеліп қалмай, ауданымыздың мұғалімдерінен «оқырмандар клубын» құрып, әртүрлі семинарлар өткізуде. Айжан апайдың арқасында ауданымыздың оқушылары пікірсайыс өнеріне машықтанып, өз қабілеттерін аша білді десем де болады. Айжан Жолаушыбай тек дебатшы, көшбасшы ғана емес, оқушыларды білім нәрімен сусындатып жүрген білікті мұғалім. Ендеше, әр мектепте Айжан Жолаушыбай секілді оқушылардың тілін таба біліп, өскелең ұрпақтың болашағы үшін қызмет атқаратын ұстаздарымыз көп болсын!
Жұлдыз ЕРБОЛ,
Жалғызқұдық жалпы білім беретін мектебінің 9 сынып оқушысы.
Целиноград ауданы.