Арқа ән өнерінде ардақты аты қалған Жаналы аға

Ақтаңгер

Бүгінгі егеменді елімізде өсіп-өркендеп жатқан жас ұрпақ үшін аға буын ағаларымыздың ішінен өзінің өнегелі өмірімен, өнер мен кәсіби қызметін зор абыроймен бірге алып жүруімен аты шыққан Жаналы Ахметұлы Қалиев ағамыздың да орны бөлек болуы тиіс.

Кезінде айналасына, өз заманындағы  өнер сүйер қауымға жақсы танылған тау тұлғалы өнер иесі, қарт  майдангер, Арқаның дәстүрлі, сирек айтылатын әндерін тамаша орындаушы, кезінде Қарағанды, Ақмола облыстық театрларында актер болып қызмет істеген бұл кісі өз табиғи дарынымен сонау Алматыны да елең еткізген.

Көгілдір  Көкше елі талай өнер тарландарының қанат қағып, ұшқан жері. Күй құдіреті Батыс пен Шығыста, Орталық Қазақстанда әр қазақтың жанын тербеп, алапат күш пен рух сыйласа, Сегіз сері, Шәрке сал, Біржан сал мен Ақан сері, Үкілі Ыбырай әндері Сарыарқа төрі – Көкшені  өздерінің асқақ, лирикалық әндеріне бөлеп келеді.

Жуырда қаламыздағы қазақ тілінде  жас ұрпаққа 100 жылдан астам уақыт біліммен тәрбие беріп келе жатқан Мәлік Ғабдуллин атындағы мектеп-гимназияда атақты әншінің құрметіне мектеп директоры Ахмеджанова Ардақ Маратқызының қолдауымен, мектеп кітапханашылары Ырыскелдина Алма Сералықызы мен Сыздықова Ләззәт Молдағалиқызының ұйымдастыруларымен әдеби-музыкалық кеш өтті. Кеш қонақтары Үкілі Ыбырай атындағы филармонияның әншісі, сазгер Сәрсенбай Хасенов, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің лекторы, тарихшы Ғалымтай Төлепбергеннің қатысуымен осы кеште оқырмандарға «Арқа әншілік дәстүрінің дүлдүлі Жаналы Ахметұлы Қалиев» атты әншінің ғұмырнамасы мен өнердегі жолын баяндайтын кітап таныстырылымы өткізілді.

Кеш жүргізушісі, осы мектепте педагогикалық іс-тәжірибеден өтіп жатқан Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің тарих және дінтану мамандығының 4-ші курс студенті Сырым Беген елімізге танымал әнші-сазгер, Жаналы әншінің шәкірті болып, ізін басып, бүгінгі заманымызда Көкше өңіріндегі сал-серілік дәстүрді жалғастырып келе жатқан Иран сал Тасқараның:

Шәкірті Қосымжанның Жаналы аға,

Атақты Арқа әншісі, алтын жаға.

Рухы жебегендей бүгін мені,

Ескендей мақпал үні самал аға, –

деген өлең шумағымен әсерлі кешті бастап кетті.

Бұл кітаптың шығуына себепші болған әнші мұраларын жинаушы Алма Сералықызының еңбегінің ерекше болғандығын айтуымыз керек. Кешке мектеп-гимназияның 9 сынып  оқушылары қатысып, кеш қонақтарына, атақты жерлес әншіге арналған кітаптың шығу тарихы туралы кітап авторы Ғалымтай Төлепбергенге сөз берілді. Арқа әншілік дәстүрін жалғастырушылар Жаналы Ахметұлы арқылы жеткен Арқа әндерін орындауда өзі кімдерден үлгі алғандығын айтып жүреді. Мысалы, Арқа өңірінде шыққан әндердің жинаушысы ретінде Жаналы Ахметұлымен үнемі байланыста болған әнші-композитор, Қазақстанның Еңбек Ері Ілия Жақанов, марқұм Гүлсім Бәйтенова сияқты өнер иелері туралы филармония әншісі Сәрсенбай Хасенов қызықты естеліктерімен бөлісіп, Жаяу Мұсаның «Ақшашақ», ақмолалық Бекболат әншінің соғыс жылдары майдан даласынан оралмаған баласын жоқтаған «Қайдасың, Рәшитім, қайдасың?» әндерін орындап берді.

Қазіргі заманда оқушы жастарымыздың түрлі «бұқаралық үлгі» мәдениетіндегі өзге жұрттың өнеріне, оның Қазақстандағы арзан үлгілеріне бой ұрып жүргені немесе әртүрлі діни жалған уағызшылардың жаман аузымен айтылған «домбыра харам», «музыка харам» деген теріс насихаты әсерімен төл өнерімізден ажырап бара жатқаны да жасырын емес. Сол себепті де, кейінгі ұрпақты сол ардақты, қасиетті өнер төріндегі Жаналы Қалиев сынды саңлақтармен таныстырудың зор тәрбиелік, эстетикалық мәні бар деп санаймын.

Кеш соңына қарай мектеп-гимназияның 10-шы сынып оқушысы бабамыз Сәкен Сейфулиннің «Тау ішінде» деген әнін орындап, тыңдаушылар қошеметіне бөленді. Осы кештің ұйымдастырушысы Алма Серәліқызы ардақты әнші  Жаналы Қалиев туралы кітапты бүгінгі уақытта Арқа ән дәстүрін халық арасында насихаттап, өзі де сал-серілер үлгісінде «Айыртау» сияқты ән шығарып, жұртшылыққа сазгер ретінде танылып жүрген Үкілі Ыбырай атындағы филармония әншісі Сәрсенбай Хасеновке табыс етті.

Сегіз сері, Біржан сал,  Жаяу Мұса, Ақан сері, Иманжүсіп,  Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай сынды алдыңғы шоғыр қазақтың дәстүрлі ән өнерінің «алтын ғасыры» өкілдерінің мұрасын келесі ұрпаққа жалғастырушы, насихат қылушы Шәкен Отызбаев, Қали Байжанов, Мүлік Сүртібаев, Қосымжан Бабақов, Қали Байжанов, Беркімбай әнші, Тақау Сейітов сынды әншілердің тәлім-тәрбиесін көріп, өз замандастары Үкілі Ыбырайдың жиені Мұса Асайынов, Көкен Шәкеев, Кәрім Ілиясов сынды асыл ағаларымыздың қатарында өнер жолында, халық алдында жүрген осы Жаналы Ахметұлы  Қалиев ағамыз болатын. Жаналы Ахметұлының қазақ пен қырғыз халқының мақтанышына айналған әйгілі композитор, қазақ музыка өнерін зерттеуші-ғалым, қазақ халқының ән өнеріндегі абыз ақсақалымыз Ілия Жақановпен  өнердегі, өмірдегі достығы бір төбе әңгіме. Зерттеп, зерделей білген адам үшін жеке бір шығармаға арқау болар дүние деп білеміз. Бүгінде Арқа ән өнерінің ірі өкілі болып отырған Қайрат Байбосынов ағамыздың Жаналы Қалиевті өзіне ұстаз тұтып, Біржан салдың, Жаяу Мұсаның бірнеше әнін сол кісінің үлгісімен айтып жүргенін, Ақан серінің Науан Хазіретпен қоштасу әнін де алғаш рет Жаналы ағадан естіп, орындағанын біреу білсе, біреу білмейді.

Ақмоланың теріскей беткейін былайғы жұрт Көкше елі деп атайды. Кеңестік заманы, қазіргі уақыттағы елдің әкімшілік-аумақтық бөлінісі тым шартты нәрсе, арғы заманда да, бергі заман уақытында да Солтүстік Қазақстан мен Көкшетау өңірінің тумалары өздерін бір елміз, Арқа елінің ежелден бірін-бірінен бөле жармаған арда бөлігінің азаматтарымыз деп сезінген. Осы дәстүр бүгінге дейін жалғасып келе жатқандығын, осы бір елдік асыл дәстүрімізді ұлықтап келген ең алдымен, біздің сал-серілеріміз болғандығын айта кеткен жөн. Жаналы Қалиев ағамыз да осы ой мен сезімді өзінің бүкіл шығармашылық өмірі арқылы алып өтті. Осы ой-сезім оның эстетикалық өлшемі іспетті еді. Өмірінде қандай үлкен  сахнаға шықпасын, ол өзін әлбетте, қасиетті Көкше-Есіл өңірінің өкілі ретінде сезінді. Ол өзін сол атақты сал-серілердің аманат-сәлемін келесі ұрпаққа шашпай-төкпей жеткізушімін деп ойлап, ән, өнер сүйер қауымның ғана емес, сол өзінен бұрын өтіп кеткен қазақтың кемеңгер өнер иелерінің алдындағы парызын өтеушідей сезінген тұлға. Біз Арқа әндерінің ірі өкілі Жаналы ағамызды солай деп білуіміз керек.

Ғалымтай ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің
лекторы, тарихшы.

сурет: sun9-77.userapi.com

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар