Көктемгі су тасқыны қайта мазалап тұр. Бүгінгі міндет — осыған барынша тосқауыл қою!
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов Үкімет басшысының тапсырмасымен Бұланды ауданындағы ахуалмен танысты.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов және Төтенше жағдайлар вице-министрі Рамиль Камаловпен бірге ол Макинск қаласындағы су тасқыны қаупі бар барлық аумақтарды аралап, жағдайды тексерді.
Бүгінде ауданда су тасқынының салдарын жою бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Макинск қаласында қалпына келтіру іс-шаралары белсенді түрде атқарылуда. Облыстық тасқынға қарсы жедел штабтың шешімімен су еркін өтуі және тұрғын үйлерді су басудан сақтау мақсатында облыстық маңыздағы автожолдың белгілі бір бөлігі бұзылып, суға жол ашылды. Жедел қабылданған шаралардың арқасында су деңгейі бір метрге төмендеді.
Қазіргі таңда Макинск қаласының 12 учаскесінде осындай жұмыстар жүріп жатыр. Құтқару шараларына Көкшетау, Қарағанды, Астана және Атбасар қалаларынан келген төтенше жағдай бөлімшелері, жергілікті атқарушы органдар мен М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының курсанттары жұмылдырылған. Жұмысқа барлығы 319 адам, 86 техника, 30 мотопомпа, 5 ПНС және 2 жүзу құралы тартылған.
Сапар қорытындысы бойынша су тасқынының салдарын жою жұмыстарын жедел жүргізу, аулалар мен жеке тұрғын үйлерден суды толық сорғызып, бағыттау, су деңгейі түскеннен кейін бүлінген жол учаскелерін қалпына келтіру бойынша нақты тапсырмалар берілді. Аталған мәселе Үкіметтің жіті бақылауында.