Бөгеттер күшейтіліп, өзен арналары тазартылуда

Есіл су шаруашылығы бассейнінің аумағында көктемгі қар суының қауіпсіз өтуін және елді мекендерді су басудан қорғауды қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Гидротехникалық нысандарды жөндеу, қайта жаңғырту және салу, сонымен қатар, елді мекендер маңындағы өзен арналарының санитарлық тазалығы басты назарда тұр. Бұл туралы «Қазcушаруашылығы» РМК Ақмола филиалының бас инженері Олжас Тұржанов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті.

Бурабай ауданындағы республикалық меншікке жататын Щучинск қаласының саяжайларындағы су қоймасында ағымдағы жөндеу жұмыстары толық аяқталған. Ал, гидротехникалық нысандар қанағаттанарлықсыз күйде тұрған аудандарда кең көлемді реконструкция жұмыстары басталды.

Мәселен, Аршалы ауданындағы Анар станциясы маңында су өткізу құрылғылары бар қорғаныс дамбасы қайта жаңғыртылуда, бұл жұмыс 70 пайызға орындалған. Бұланды және Жақсы аудандарында «Прохоров-Колоколовка» және «Чапаев-1» плотиналарында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Соңғысы 73 пайызға дайын.

– Шортанды ауданындағы «Дамса» су бөгетінде жаңа шлюздер салынып, бұрынғы су өткізу құрылысы консервациялануда. Бұл жұмыстар 39 пайызға орындалды, құрылыс мерзімі – 5 ай. Сонымен қатар, Аршалы ауданының Жібек жолы ауылындағы сегізінші шағын ауданда қорғаныс дамбасы салынып жатыр. Қазіргі таңда нысан 74,5 пайызға аяқталған, орындалу мерзімі – 6 ай. Бұл жобалардың барлығы биыл аяқталады, – деді Олжас Тұржанов.

Су тасқыны қаупі жоғары өзен арналарының санациясына да ерекше көңіл бөлінуде. ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі 2025-2027 жылдарға арналған арнайы іс-шаралар жоспарын бекітті. Осы жоспар аясында Ақмола облысында 8 жоба жүзеге асырылып жатыр, оның жетеуі Есіл өзені бассейнінде орналасқан. Қазіргі таңда оның төртеуі белсенді іске асырылуда.

Атап айтқанда, Атбасар қаласы маңындағы Жабай өзенінде ұзындығы – 5,2 шақырым өзен арнасын тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс 13 ақпанда басталды, оған 37 бірлік техника тартылған. Қазірге дейін жұмыстың 80 пайызы орындалған. Сандықтау ауданының Балкашино ауылында арнаны бекіту және тереңдету жұмыстары 67 пайыз деңгейінде. Астрахан ауданының Старый Колутон ауылы маңындағы Колутон өзеніндегі тазарту жұмыстары 93, ал, Зеренді ауданындағы Шағалалы өзенінде 98 пайызға аяқталған.

Сондай-ақ, Целиноград ауданының Қажымұқан ауылы мен айналма автожол аралығындағы Есіл өзенінің арнасын тереңдету, түзеу және кеңейту жұмыстары жалғасып жатыр. Жалпы ұзындығы 18 шақырым жоба 2021 жылы басталып, 2025 жылы толық аяқталады деп жоспарланған. Бұдан бөлек, 2024 жылы «Казцинк» компаниясы Көкшетау қаласы аумағындағы Қылшақты өзенінің 4,3 шақырымын өз қаражаты есебінен тазартқан.

Су тасқыны кезеңінде елді мекендерді қорғау мақсатында 43 елді мекенде жалпы ұзындығы 24,3 шақырым болатын қорғаныс бөгеттері тұрғызылып, нығайтылған. Барлық нысандар қанағаттанарлық жағдайда және тасқын кезеңіне дайын.

Олжас Тұржанов алдағы вегетациялық кезеңге де тоқталып, барлық су пайдаланушыларды заңнама талаптарына сәйкес алдын ала арнайы су пайдалану рұқсатын алуға шақырды. Бұл қызмет тегін көрсетіледі, бірақ, міндетті түрде рұқсат арқылы жүргізілуі тиіс.

2024 жылғы деректер бойынша Есіл бассейнінде суару үшін алынған судың нақты көлемі 7,313 миллион текше метр, суарылған жер көлемі 11 675 гектар. Ал, республикалық желі бойынша лимит – 38,7 миллион текше метр және 18,4 мың гектар.

Бұл көрсеткіштер суды ұтымды пайдаланудың, әсіресе, климаттық өзгерістер жағдайында, қаншалықты маңызды екенін көрсетеді, – деп атап өтті брифингте Олжас Тұржанов.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар