«Даңқ» аллеясына жаңа мазмұн керек

Алдымызда Екінші дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңістің 80 жылдығы келе жатыр. Оны жылдағыдай жай бір күндік мерекемен еске алып қоятындай етіп қана қоймай, ондаған жылға есте қалатындай үлкен жұмыстар істелуі керек-ақ. Бұл жұмысты жыл бойы атқарып шықсақ та, уақыт бар.

Ол облыс орталығы Көкшетау қаласының бел ортасында орналасқан батыр қолбасшы Бауыржан Момышұлы көшесіндегі бұдан қырық-елу жылдай бұрын Кеңес Одағы заманында ойластырылып, жасалған Даңқ немесе Батыр қалалар аллеясы. Оны жаңа заманға, тәуелсіздігімізге сай қайта жаңартуымыз керек-ақ.

Иә, сол кездегі ортақ үлкен елміз деген кеңес елдерінің батыр қалаларына арналған, бүгінде бөлек, басқа мемлекеттердің астаналары мен қалаларының, аты тұрған гранит тастарды біздіңше қайтадан жаңашаламай болмайды. Оның орнына 1941-1942 жылдары өзіміздің Қазақстанда, соның ішінде біздің Ақмола облысында жасақталып, қанды қырғын майдан даласында, ерлікке толы жорықты жолдарымен Ұлы Жеңістің келуіне ат салысқан дивизиялар мен бригадаларды көрсетсек. Сонымен қатар, партизан қозғалысына, әскери әуе күштері мен әскери-теңіз флотына қосқан және тылдағы «Бәрі майдан үшін, бәрі Жеңіс үшін!» деген ұранмен қол жеткен үлесіміз бен жетістіктерімізді де ретін тауып паш етсек, орынды болмақ.

Әр тасқа, әр белгіге бір дивизияның не бригаданың қай қалада, қай кезде жасақталып, қандай жауынгерлік жолдан өткенінен бастап, соғысты қай жерде аяқтағаны жазылса. Мүмкіншілік болса құраманың ұлттық пайыздық көрсеткіші де ұмыт қалмаса. Олар бес-алты атақты дивизиялар мен төрт-бес атқыштар бригадалары.

Мысалы бірінші Алматыда жасақталған 316-ыншы, артынан 8-інші гвардиялық, генерал И.Панфилов атындағы атақты дивизия. Ақтөбе қаласында жасақталған 312-інші дивизия. Ақмола қаласында жасақталған 106-ыншы қазақ ұлттық атты әскер дивизиясы. 310-ыншы атқыштар, 72-інші, 73-інші гвардиялық дивизиялар.

Сонымен қатар, бірнеше атқыштар бригадасы. Оның қатарына 100-інші қазақ ұлттық атқыштар бригадасы мен 151-інші қазақстандық бригада негізінде құрылған «Кутузов» орденді даңқты 150-інші Идриск атқыштар дивизиясы және басқаларын табуға болады. Ал, партизандар қатарында Украина, Беларуссия ормандарында ерлікпен соғысқан үш мыңнан астам қазақстандық қазақтарды, оның ішінде Қасым Қайсенов, Әди Шәріпов, Жұмағали Саин, Нұрым Сыдықовты және тағы басқаларын атауға болады.

Әскери әуе күштерінде де ерліктерімен Ұлы Жеңіске өз үлестерін қосқан жүздеген батыр қазақстандықтар болған. Олардың қатарында Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский, Нұркен Әбдіров бар. Әскери-теңіз флотында да жүздеген, мыңдаған  қазақстандықтар өз әскери борыштарын адал да ойдағыдай өтеген. Балтық теңізі флотында Қызыл Тулы, «Киров» крейсерін біздің республика комсомол комитеті  сол кезде шефтік қамқорлыққа алған. Бір топ қазақстандықтар сонда қызмет еткен.

Сонымен қатар, Қара теңіз флотында, теңіз жаяу әскері қатарында соғысып полковник Л.Брежневті құтқарып қалған, тоғыз әскери орден алған, қазақтан шыққан алғашқы сүңгуір қайық командирі болған І рангалы капитан Қуанғали Ихаровты (1923-2002) атауға болады.

Ал, енді бір гранит тасқа сол соғыс кезінде Ұлы Жеңіске тылдағы еңбек жетістіктерімен  ерекше үлестерін қосқан өнеркәсіп, кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығы ұжымдарының қажырлы еңбек жетістіктері жазылып көрсетілсе. Бұлар біздің облыс пен қала тұрғындарына және қонақтарына әрқашан сол Ұлы Жеңістің оңайлықпен келмегенін, ата-бабаларымыздың сол қанды майданда, елім, жерім, халқым деп үлкен ерлік үлгісін көрсете білгенін, осыған біздің Ақмола өңірінің де лайықты үлес қосқанын, әрқашан мұны есте сақтап, ұмытпайтындай лайықты паш етіп тұрар еді. Бүгінгі және алдағы келешек ұрпақ соғыс қасіретін әрқашан көріп,  түсініп, біліп жүрулері үшін мұның бәрі қажет іс.

Осыны әрдайым ұғынған бүгінгі жас азамат ертең еліміздің, халқымыздың ардақты абзал азаматы болуға тиісті және болады да. Ел тарихын әр жас жақсы біліп, сол ортақ тарихқа кешегі мен бүгіннің көзімен қарап, тәуелсіз Қазақстанымыз алдыңғы қатарлы әлем елдерінің бел ортасынан көрінуіне бар күштерін салуы керек. Сонда ғана біз бейбіт, тыныш елде өмір сүріп қана қоймай, бай да бақытты, болашаққа үлкен сеніммен қараған Мәңгілік ел боламыз.

Мың өліп, мың тірілген қазақ соған жетуі, соны көруі тиіс. Лайым солай болғай. Ал, біздің сүйікті Көкшетау қаласының қазіргі Даңқ немесе Батыр қалалар аллеясы дұрыс көзқараспен қарасақ, өзге елдің батыр қалаларының атымен тұрмауы керек. Ендігі арада Даңқ аллеясы жаңарған, жақсарған бір үлкен төл белгіміз болсыншы. Қазірдің өзінде бүгінгі қалпымен ол көпшілікке сөкет көрінеді. Мұндайда әлдекімдерден тайсақтап, қорқақтаудың қажеті жоқ. Біз енді азат елміз. Ендеше, Даңқ аллеясында да Екінші дүниежүзілік соғысқа қосқан өз еліміз бен ұлтымыздың үлесін көрсетейік.

 Серік ҚАСЫМ.     

 Көкшетау қаласы.   

Нұрболат Бектұрғановтың суреті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар