Еңбек адамы – ұлттық экономиканың өсуі мен ел өркендеуінің негізі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында еңбек адамдары ұлттық экономиканың өсуі мен ел өркендеуінің негізі екендігін айтып, биылғы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаған болатын. Мемлекет басшысы Жолдауда «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді» деп атап көрсетті.

Біздің Ақмола өңірінде сондай еңбегімен көгерген ардагерлер өте көп. Олардың еңбек жолын, тәжірибесін, маңдай терін жас ұрпаққа үлгі етіп, болашақ жұмысшы мамандарын даярлауға ерекше көңіл бөліп, жағдай жасау бүгінгі күннің айтулы мәселесі. Сондықтан да, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі реформаны жүзеге асыру мақсатында 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланып отыр. Бұл – қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын дамытуға ықпал ететін ерекше шешім деп санаймын. Себебі, еңбек нарығы – халықтың кірісі мен әл-ауқатын, біліктілігі мен деңгейін айқындайтын негізгі факторлардың бірі.

Дүниежүзінде бүгінде еңбек нарығында білікті жұмысшыларға сұраныс артып, еңбек күшінің сапасы мен қауқарына қойылатын талаптар күрт өсіп, өзгеруде. Ал, біздегі жағдай қалай? Еңбек нарығында кәсіби біліктіліктің жетіспеушілігі, сұранысқа ұсыныстың сай келмеуі, сапалы жұмыс орындарының тапшылығы, сондай-ақ, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің экономиканың нақты секторымен, бизнеспен және қызмет көрсету саласымен байланысының төмендігі және басқа да себептер еңбек нарығының сапасына кері әсер етуде.

Біздер, яғни, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары парламенттік тыңдауларда еңбек адамының қазіргі жағдайда ұлттық экономиканың өсуі мен ел өркендеуінің негізі болу мүмкіндіктерін, сондай-ақ, реформаларды қажет ететін техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне қалай серпін беру керектігін сараладық. Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшелері еліміздің Қарағанды, Абай, Ақмола, Павлодар облыстары мен Астана қаласының білім беру саласының кәсіпорындары мен мекемелеріне барып, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі кадрлық қамтамасыз ету мәселелерімен танысты. Соның ішінде біз Зеренді ауданының Шағалалы ауылындағы агротехникалық және де Краснояр ауылындағы көпсалалы инновациялық колледждерінің жағдайын көріп, материалдық-техникалық жабдықталуын байқап қайттық. Нәтижесі ұқсас, орта буын мамандары мен жұмысшыларды даярлауда жүйелі проблемалар анықталды. Мысалы, жергілікті әкімдіктер бөлетін гранттардың құны оқу процесін толық қаржыландыруға жетпейтіндігі, білім беру үдерісінде толыққанды дуальді оқыту, колледждердің материалдық-техникалық базасы әлсіздеу екендігі айқындалды. Сондай-ақ, жұмысшы мамандықтарды әлеуметтік қолдау және құқықтық қорғау жеткіліксіз екені белгілі болды.

Жалпы, еліміздің еңбек нарығында жұмысшы мамандықтар шешуші рөл атқарады деп айтамыз. Алайда, әрбір бесінші жас маман мамандық бойынша жұмыс істемейді. Бірақ, жылу энергетикасы, тау-кен өнеркәсібі, машина жасау, ауыл және су шаруашылықтары салаларында кадр тапшылығы мәселесінде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Сол секілді құрылысшылар, слесарьлар, дәнекерлеушілер, токарьлар, механизаторлар да жеткіліксіз. Бұған себеп – кәсіпорын қызметкерлерінің жалақылары жыл бойына айтарлықтай өзгеріп тұрады, тіпті, кейбірде тұрақсыз табыс жұмысшылардың наразылығын тудырады, оларға ыңғайсыз жағдай қалыптастырады. Көп жағдайда нақты кәсіпорында жұмысшының біліктілігі мен тәжірибесі ескерілмейді. Сондықтан, кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін олардың жалақысын көтеріп, қажетті әлеуметтік пакетті қамтамасыз ету керек және жұмысшылар еңбек ететін кәсіпорындарда тұрғын үй мәселелерін шешу қажет. Осы орайда, кадр тапшылығын ретке келтіру үшін орталық мемлекеттік органдар «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, ағымдағы және перспективалық қажеттіліктерді ескере отырып, еңбек нарығындағы білікті кадрларға деген сұраныс пен ұсынысты теңестіруі қажет деп ойлаймын.

Бүгінгі таңда кәсіби стандарттарға негізделген білім беру бағдарламалары әзірленіп, 1641 жұмысшы мамандығын қамтитын 250-ден астам кәсіби стандарт жаңартылған. Десе де, кадрларды сапалы даярлау үшін кей бағдарламаларды әлі де одан әрі жаңарта түсу қажет деп санаймын.

Бұл орайда, Парламент депутаттары Үкіметке кадрларға қажеттілікті ескере отырып, жұмысты жүйелі дамыту үшін оқушыларға мамандық таңдауды анықтауға, еңбек нарығындағы жаңа талаптар туралы білуге және экономиканың нақты секторларындағы мансап перспективаларын бағалауға мүмкіндік беретін, ағымдағы және болашақтағы жұмысшы мамандықтарының тізбесін айқындайтын «Жаңа кәсіптер атласы» жобасын әзірлеп, іске асыру қажеттігін жеткізді. Бұл «Жаңа кәсіптер атласы» мектептер мен колледждерде кәсіптік бағдар беру жұмысының құралына айналады. Сол себепті, жергілікті атқарушы органдарға жаңа мамандықтар бойынша «Жаңа кәсіптер атласының» бірінші шығарылымын жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Сондай-ақ, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында тиісті материалдық-техникалық база мен жабдықтардың болуына назар аудару қажет. Бұл орайда, «Жас маман» жобасының жақсы әсерін атап өткеніміз жөн. Аталмыш жобаның арқасында 2020-2021 жылдары техникалық және кәсіптік білім беретін 180 ұйым заманауи жабдықтармен қамтылды. Осы мақсатқа мемлекеттік бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Бірақ, бұл жерде біз бар жауапкершілік пен ауыртпалық тек мемлекеттің мойнына түспеуі қажет екенін түсінуіміз керек. Техникалық және кәсіптік білім беру мекемелеріне тиісті қолдау көрсетуге  бизнестің де өз үлесін қосқаны абзал.

Жалпы, жоғарыда баяндаған мәселелерді ескеріп, техникалық және кәсіптік білім берудің ауылдық ұйымдарында қазіргі заманғы зертханалар мен шеберханаларды жабдықтауда әлі де қиындықтар туындап отырғанын, бұл тәжірибелік сабақтарды өткізу мүмкіндігін шектейтінін атап өткім келеді. Бүгінгі таңда ауылдық колледждердегі техниканың 50 пайыздан астамы 1990 жылдары және 25 пайызы 2011-2020 жылдары алынған. Мәселен, агротехникалық колледждерде жастар осы ескі техникалармен білім алуда. Ол мамандар ертең шаруашылықтарға жұмысқа орналасқанда, жаңа техникалардың тілін түсінбейді. Осы ретте, Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылы» шеңберінде Үкіметке мемлекеттік техникалық және кәсіптік білім берудің  ұйымдарын, әсіресе, ауылдық жерлерді заманауи жабдықтармен жарақтандыру жөніндегі «Жас маман» жобасын жалғастыру мәселелерін пысықтауды, сондай-ақ, қажетті техника мен жабдықтарды сатып алу үшін лизинг және субсидиялау бағдарламаларын агротехникалық колледждерге таратуды ұсындық. Осы мәселе оң шешімін тапса, бұл қолда бар егістік алқаптарында ауыл шаруашылығы өнімдерін сапалы өңдеуге және өндіруге мүмкіндік береді, сондай-ақ, өндірістік практикадан өтудің оңтайлы қадамы болады.

Әлемнің көптеген елдерінде оқуға түспекші үміткерлердің шамамен 70 пайызы жұмысшы мамандықтарын таңдайды. Бізде бұл көрсеткіш 20-30 пайызды құрап отыр. Жұмысшы кадрлардың беделін арттыру – бұл бір ғана Ғылым және жоғары білім министрлігінің немесе басқа да бейінді ведомствоның ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті.

Осыған байланысты, салалық министрліктер, жергілікті атқарушы органдар «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, дуальді оқыту мәселелері бойынша оқу орындарымен келісімдер жасасу, сондай-ақ, бос орындар жәрмеңкелерін өткізу, жас мамандарды дамыту жөніндегі бағдарламаларды және тәлімгерлік институтын іске асыру мүмкіндігін қарауы қажет деген де ұсыныстарымызды жеткіздік. Сондай-ақ, колледждердің өндірістік оқыту шеберлері мен арнайы пәндер оқытушылары заманауи сын-тегеуріндерге сәйкес келуі және студенттерді даярлаудың жоғары деңгейін қамтамасыз етуі үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, оларды жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша елдің жоғары оқу орындарында оқытуды көздеуі тиістігін ескерттік.

Биылғы «Жұмысшы мамандықтары жылы» – бұл еңбек адамының қоғамдағы беделін одан әрі арттырудың, сондай-ақ, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін заманауи трансформациялаудың зор мүмкіндігі. Бұл жұмыстарды ұтымды ұйымдастыру және тиімді жүзеге асыру бізге міндет.

Талғат ЖҮНІСОВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты,
Сенаттағы Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар