Құлагердің шабысын көрген бұл ел!..
тілегімен Құлагерге алғашқы ескерткіш Ерейментауда орнатылған еді әрі оны ұлты неміс Андрей Риммер жасатқан болатын
Уақыт жылжып, алға өткен сайын сірә, бұл әңгіменің бояуы жаңарып, түсі түрленіп, жұрт айтқан сайын ашыла түседі. Шежіре мен тарихты салиқалы сөзге айналдыра білетін дария кеуде, тау мүсін қарттар әңгімесі ерекше көрінетін бізге.
Ереймен жерінде көкірегі ояу, көзі ашық жандар көп болатын. Солардың ішінде Ғалымжан Мұқатов, Серік Мұқанов, Хасен ақын, Шайкен Тұрсынбаев сияқты абыз қариялар көптің ортасында топ жарып отырушы еді.
Бұл кісілердің тарихи әңгімелерін Қанжығалы Бөгенбай баһадүрдің тікелей ұрпақтары Қазыбек Нұралин мен Әлихан Барлыбаев та нақты деректермен растайтын. Осы кісілердің әңгімесіне қанық адамның бірі Андрей Андреевич Риммер Ерейментау ауданының «Еркіншілік» совхозын ұзақ жылдар бойы басқарған ұлты неміс азаматы.
Құлагердің шапқан төскейін жақсы білетін ол Қусақ өзенінің ұрымтал тұсы осы шығар деп өзінше долбарлайтын. Көп уақыт бойы Ерейментаудың зейнеткерлік бөлімін басқарған Серік Мұқанов Риммермен жолыққанда оның ойын нақты дәлелдермен бекітіп кететін.
Андрей Риммер ұлты неміс болғанымен, тіліне қарап қазақ деп пайымдайтын жұрт. Уақыт өткен сайын ел адамдарының әңгімесі көреген басшыға үлкен бір жұмбақ қалдырды. Ол Құлагердің аңызға айналған оқиғасына нүкте қоймақ ниетпен Целиноград қаласындағы ескі жолдастары Молдахмет Досаев, Әйтім Жанайдаровпен бірнеше рет сұхбаттасады. Бұл азаматтар оған барынша қолдау көрсеткен.
Молдахмет Досаев үнемі қоғамдық жұмыстарға бас болып, Целиноград қаласының көркейюіне өзіндік үлес қосқан кісі. Демалыс саябағында балалар пойызының табысты жұмыс істеуі сол кісінің ұйымдастыруымен жүзеге асты. Қазақтың ұлттық сайыстары бәйге, көкпар, теңге алу, қыз қуу ойындарының қызықты өтуі тікелей сол кісінің бақылауында болатын.
Риммердің мақсат-мүддесін түсінген қос азамат Құлагерге ескерткіш жасайтын зауытты табуға уәде берді. Ол ешкімнен көмек сұраған жоқ. Себебі, шаруашылықтан артылған қаражаттың мол көзін тапты.
Уәде – құдай сөзі дейді қазақ. Темір түгілі тастан ескерткіш тұрғызылмаған кезде А.А.Риммер Ерейментаудың теміржолы бойына сән-салтанатын келтіріп, ерекше бір ұлттық сипаты бар қолтаңба қалдырды.
«Еркіншілік» совхозы қара малға бай, оған қоса, жылқысы мен түйесі, мамық жүнді ешкілері көп ірі шаруашылық еді. 500 басқа жуық түйесінен шұбат, мама биелерінен қымыз өндіріліп, Целиноград қаласының «Ақбұлақ» кафесіне үзбей жеткізілетін.
Шұбат пен қымыздың қызығын жастар молынан көрді. Әсіресе, Горбачевтың алкогольдік ішімдікке қарсы саясаты күш алған тұста жұртшылық «Еркіншіліктің» адал сусынына көп арқа сүйеді.
Осы Құлагерге қойылған ескерткіш жайындағы оқиғаны анамыз Құсни Алматыдағы бір топ жазушылармен болған қонақта айтып беріпті. Дастарханда дәмдес болып отырған жазушылар Сәкен Жүнісов, Рамазан Тоқтаров, Оралхан Бөкеев пен тағы басқалары мұны естіп, қатты таңырқаған екен.
– Құлагерді ереймендіктер ұмытпаған екен-ау, – деп толғанған көрінеді Сәкен Жүнісов.
Елдің ішіндегі тірі тарихшылар қашанда қарт адамдар ғой. Солардың әңгімесін естіп өскен жастар да жазушы-газетшілерден аспаса кем түспейтіні белгілі. Ауыздарына қараған бір топ жазушыға біздің әкеміз Сәлкен де естіп-білгендерінен барынша ақпарат берген.
– Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер» қиссасын жазардан бұрын Көкшеге, кейін Ерейментауға арнайы келіп-кеткенін мүмкін білетін шығарсыздар. Бұл қуғын-сүргіннің қара дауылы соғар мезгілі, шамамен 1935 жылдың жазы аяқталар шақ. Темір жолы жоқ елге ат-арбамен жетіп, ауыл қарияларымен жүздескен Ілияс ақын оқиғаны көзбен көргендей боп Алматыға оралған. Жазушының ақсақалдармен бірге түскен суреті болушы еді, сарғайып көнерген қымбат мұраны сақтай алмағаныма өкінемін, – деген екен әкеміз.
– Құлагердің даулы мәселесінде Саққұлақ бидің баласы Нұралы болыс қайтыс болыпты деп естідім, – деді Сәкен Жүнісов. – Анығы шынымен солай ма?
– Ақан серімен көптен сырлас әрі жолдас болған Нұралы бұл даулы мәселені шешпек болып бел буа кіріскен. Бірақ, ұзаққа созылған қазақ соты оның болашағына балта шапты. Әділ шешімге таяу қалғанда Нұралыға қарсы жақ күтпеген жерден қастандық жасайды. Ерейменнің Құлагер құлаған жазығына келгенде уланған Нұралы жан тәсілім беріпті. Ол жер Нұралы деп аталды. Кейіннен кеңес өкіметі Еркіншілік деп жаңаша атау берген. Ауданның да алғашқы атауы сол болды.
Нұралы баста десе бастаушы еді,
Білгенін айтып-айтып тастаушы еді.
Нұралының аузынан шыққан сөзді,
Жандарал да жаратып қостаушы еді, – депті Қаракесек Баданбике деген кісі. Халықтың жадында берік сақталған оқыс оқиға, арада қанша құбылмалы заман өтсе де, еш ұмытылған емес. Бұл туралы ой толғаған талай ақын-жазушыларды білеміз.
Басасыз шаттандырып «Құлагерді»,
Ашасызда айтқан сайын ішкі шерді.
Атақты Қараөткелдің өнерпазы,
Разымын көргеніме Ғазиз ерді.
Жігіттің дүрри-гауһар түрі екенсіз,
Дүние жәннатының гүлі екенсіз.
Елдегі өнерпаздар екеу болса,
Дәл соның қатардағы бірі екенсіз.
Қайтейін, Құлагерім қолдан кетті,
Дұшпанның қастығымен қаза жетті.
Асына Сағынайдың апарғанда,
Жүсібі Батыраштың қағып өтті, – деп анық дәлелін Ақанның өзі де айтып кеткен. Бұл сөзді Нұралы болыстың ұрпағы Олжабай ақын, сондай-ақ, кейінгілер де нақты осы дерекпен пайымдайтын.
Ерейменнің елі Ақан сері мен Қанжығалы Бөгенбай батырдың ұрпағы, «Арғынның ақсақалы» атанған атақты Саққұлақ бидің сүйікті ұлы Нұралының достығын жиі әңгімелейтін.
Сағынайдың асын биік дәрежеде атап өткен, заманында «Жарты патша» атанған Паң Нұрмағамбет жолынан жаңылмаған кісі. Бәйге, күрес, айтыста көзге түскендердің бірде-біреуі бос қайтпапты. Көкшеден ат терлетіп келген Ақан серіге де жабуы бар жүйрік жорға берілген. Бірақ, советтік жүйеге жұмыс істеген ақындар ол жағынан ауыз ашып айтпайды. Себебі, байды мақтау қызыл жүйеге жақпайтын қылық.
Ақан сері үлкен өкінішті бастан кешірген кісі. Серінің көңіл-күйін көтермек оймен Нұралы елдің жігіттерінің басын қосып, қаршығашылардың қаз-үйрек аулаған саятшылығын ұйымдастырады.
Атасы Бөгенбайдан жеткен Аққасқа, Көкқасқа атанған бөрібасар тазыларының қасқырмен айқасқан сәттерін қызықтатыпты. Бұл шара оншақты күнге созылады. Сол арада бүркітшілер де олардан қалыспаған. Елдің үлкендері айтқан әңгіме осы. Осылай Нұралы Ақан серінің бойын сергітіп, уайымын жеңілдетуге барынша күш салған. Ағайындық әрі жолдастық түсініктері мен жан сезімдері жоғары жандар ғой.
Жалпы, Көкшеден Ақан сері 3-4 жігітпен тойға бірге келген. Қайтарда Нұралы дәстүрге сай сый-жоралғы жасаған. Қонақтарға жүйрік аттар, Ақан серіге арнайы сәйгүлік тарту етіліпті. Тіпті, Аққасқа тұқымын қалаған Ақанның көңілін қалдырмаған деседі қариялар. Саққұлақ бидің батасынан кейін Нұралы алыстан келген меймандарын Сілеті өзенінен асырып, шығарып салған көрінеді.
1984 жылы Алматыдан пойызбен қонаққа келген жездеміз, Шығыстың бір шынары, Халық жазушысы Қалихан Ысқақов Еркіншілік темір жолы бойындағы күнмен шағылысқан ескерткішті көріп, керемет ризалығын білдіріп еді.
– Мыстан қалай әдемі жасаған?! Тек маған ессіз қу далаға қойылған сияқты, – деді мейман ағамыз.
Шын мәнінде, ескерткішті Ереймен қаласына қою жөнінен ауданның сол кездегі басшысы Төлеген Ошағанов пен бірнеше ақсақалдар да Риммерге ұсыныс жасапты. Бірақ, оқиға Қусақ бойында орын алған соң, Құлагердің ескерткіші де сол жерде тұруы керек депті ол. Ақыры, шешім тура солай болды.
Тоқсаныншы жылдардың басында кеңестік жүйе құрдымға кетті. Ауыл шаруашылығы саласында реформалар басталып, көп күйзеліске ұшырағанымыз белгілі. Сондай шырғалаңды көтере алмай, А.А.Риммер де дүниеден өтті. Ол да сол Құлагер сүрінген Нұралы жазығынан мәңгі мекен тапты.
Асыл ердің ереймендіктердің тілегін орындаған бұл ұмытылмайтын ерлік деп білемін. Ұлты неміс азаматының сол ескерткіші заман шатқаяқтап тұрған тұста қолды болғанын қайтерсіз…
Қазақтың тұлпары үшін болған айтыс-тартыста намысқой ер жігіт Нұралының да бақилық болғанын естен шығармаған дұрыс.
Құлагер атаң – тұлпар, анаң – сұңқар! – деген сөздің жаны бар. Таза мыстан жасалған бұл ескерткіш бізге алтыннан да қымбат.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Суреттерде: Ерейментауда Құлагерге қойылған тұңғыш ескерткіш; А.Риммер; М.Досаев; Т.Ошағанов, З.Қадырова және Ә.Жанайдаров Ерейментауға келген вьетнам делегациясы мүшелерімен бірге.
Астана.